«отқа салса жанбаудың, суға салса батпаудың» үлгісін көрсетті
Жуырда «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы «Үздік БТР экипажы» байқауының екінші кезеңін өткізді. Өңірлік қолбасшылыққа қарасты Павлодар, Семей, Курчатов және Өскемен қалаларынан байқаудың бірінші кезеңінің үздіктері болған 7 БТР экипажы мен жүргізушілері қатысты.
Байқау барысында қатысушылар БТР техникасын шебер жүргізумен бірге мергендіктері мен спорттық, ұрыстық дайындықтарын да көрсетті. Әр экипаж құрамы жас ерекшеліктері бойынша 3 шақырым және 100 метр қашықтыққа жүгіру, белтемірге тартылудан спорттық сынға түсіп, дене дайындықтарын паш етті. Үш күндік оқу-әдістемелік жиын барысында қатысушыларға қойылған басты талап – біліктілігі мен білімін барынша көрсету. Бұл ретте экипаж мүшелерінің ешқайсысы аянып қалған жоқ. Олар қаладан тысқары атыс алаңында ПМ, АК қаруларымен мергендіктерін байқасты. Ұрыс алаңында әскери техниканы басқарумен бірге, БТР техникасынан 600 метрге дейінгі қашықтықта орналасқан нысананы көздеді.
– Ату-жаттығуларын орындау барысында БТР экипаждарының жартысынан көбі жоғары нәтиже көрсетті. Взвод және машина командирлерінің әдістемелік және тәжірибелік дайындық деңгейі ұрыс техникаларымен қызметтік-ұрыстық тапсырмаларды орындауға сақадай сай, – деді «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы жауынгерлік даярлық басқармасының бастығы, полковник Сергей Сергеев.
Байқаудың соңғы күнінде облыс орталығынан 20 шақырым қашықтықта орналасқан Степной ауылы маңындағы шағын көлшікте БТР мен судағы кедергілерден өтудің кіл мықтылары анықталды. Бұл сынға қалалық төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері де жұмылдырылып, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығынан арнайы эвакуациялық және құтқару топтары жасақталды. Экипаж мүшелерінің алдында БТР техникасымен тереңдігі 4 метрлік көлшіктегі арнайы кедергілерден тосылмай жүзіп өту міндеті қойылды. Тапсырманы орындауға кіріспес бұрын экипаждарға қауіпсіздік шараларын сақтау қатаң ескертілді.
Дегенмен, судағы оқу-жаттығу барысы сәтімен өтіп, төтенше жағдай орын алған жоқ. Байқау қорытындысы бойынша, 6679 әскери бөлімінің автомобильдік взводының аға маманы, прапорщик Юрий Паршаков жүргізушілер арасынан суырылып шықса, 3514 әскери бөлімінің экипажы «Үздік БТР экипажы» атағын иеленді. Жеңімпаздарды «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, полковник Талапкер Әміреев марапаттап, экипаж мүшелерінің дайындықтарын әлі де күшейту қажеттігін атап өтті.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН