Ауыл шаруашылығына беріліп жатқан несие түрлене түсті. Нақтылай айтсақ, Талдықорғанда Алматы облысының әкімдігі мен «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы арасындағы ынтымақтастықты нығайта түсіп, несие алушылар санын өсіріп, қаржы көлемін көбейту үшін тараптар өзара келісімге қол қойысты. Өңірдегі қала, аудан әкімдерінің басын қосқан жиынды Алматы облысының әкімі Амандық Баталов ашып, сөз тізгінін аталған акционерлік қоғам төрайымы Гүлназ Атамқұловаға ұстатты. Ол жиналғандарды несие беру талаптары мен мүмкіндіктері туралы хабардар етті.
Жалпы «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингінің құрамына кіретін «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы Үкімет қаулысымен 2001 жылы құрылған. Мақсаты аграрлық сала, оның ішінде агроөнеркәсіп кешені субъектілеріне несие беруде қолжетімділікті қамтамасыз ету болып табылады. Несие берушілер мәліметіне сүйенсек, Алматы облысындағы аграрлық сала еңбеккерлері ағымдағы жылдың тамыз айына дейін 979 300 млн теңге көлемінде несие алыпты.
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Егемен Қазақстан»
ТАЛДЫҚОРҒАН