Облыс әкімі Б.Атамқұлов Созақ ауданында болған кезінде қаракөл қойын өсiруге баса көңіл бөлу керек деген болатын. Бүгiнгi таңда мал шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтарының бәрi еттi қой түрлерiн өсiрумен айналысып кеткен. Ал сала мамандары көзін тапса, қаракөл шаруашылығынан келер табыстың көл-көсiр болатынын айтады.
Осы бағыттағы жұмысты жандандырған теріскейліктердің қаракөл мал шаруашылығын дамыту жөніндегі жұмысы өз нәтижесін бере бастады. Бүгінде Созақ ауданында екі бірдей шаруашылық – «Құмкент» және «Қара құр» өндірістік кооперативі қаракөл қойын өсірумен айналысады. Тамыз айында «Қара құр» өндірістік кооперативі өз өнімдерін Біріккен Араб Әмірліктеріне экспортқа шығарып, тиімді бағада сатты. «Араб Әмірліктерінен мамандар келіп, 1238 бас еркек қаракөл тоқты алды. Жыл соңына дейін тағы экспортқа шығаруды жоспарлап отырмыз. Әрине шетелдіктердің қой алуда өз талаптары бар, біз сол үдеден шықтық», – дейді «Қара құр» өндірістік кооперативінің басшысы Ж.Садырханұлы.
Аудан әкімі М.Исаев жуырда ғана кәсіпкерлермен кездесу барысында мал етін өндіруші агроқұрылым басшыларына шетелге мал етін экспортқа шығаруға зор мүмкіндік туып тұрғанын айтып, осы бағыттағы жұмысты жандандыруға шақырған болатын.
Ерлан РАЙЫМҚҰЛОВ
Оңтүстік Қазақстан облысы,
Созақ ауданы