Облыста өндірілетін электр қуатын анағұрлым арттырудың қарымды қадамдары жасалуда. Соның айқын дәлелі, жақында Жаңажолда қуаттылығы 160 МВт газ-турбиналық электр стансасы іске қосылды.
Айта кету керек, бұл кәсіпорында ГТЭС-45 газ-турбиналы стансасы 2008 жылы пайдалануға берілген, мұндағы өңделетін электр қуатының негізі тұтынушылары №3 Жаңажол газ өңдеу зауытының бірінші кезектегі нысандары болып табылады. ГТЭС-45-тің жиынтық номиналды қуаты – 34 МВт, яғни бұл Жаңажол кен орнындағы электр энергиясына қажеттілікті толық өтемейді. Осыған байланысты электр стансасын кеңейту туралы шешім қабылданды, бұл электр қуатымен жабдықтау мәселесін тиімді шешуге мүмкіндік береді.
Айрықша атап өтерлік жайт, өңделген электр қуатын «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ бөлімшелері ғана пайдаланып қоймайды, «Энергосистема» ЖШС-ның өңірлік энергиямен жабдықтаудың бірыңғай жүйесіне берілетін болады. Жоспар бойынша электр энергиясын меншікті тұтыну 2017 жылы 680 948 мың кВт/сағ құраса, ал сыртқа 2017 жылы 72 652 мың кВт/сағ берілетін болады.
Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев аталмыш жобаның іске асырылуы еліміздің энергетикалық тәуелсіздігін ілгерілетуге елеулі үлес қосатынын атап өтті.
– Энергетика – экономика дамуының негізгі салаларының бірі. Қазіргі таңда облыстың электр энергиясына қажеттілігі 620 МВт құрайды. Осы күнге дейін электр энергиясына тапшылық 210 МВт құрады. Алайда, осы стансаның іске қосылуының арқасында бұл көрсеткіш 60 МВт-ға дейін қысқарды. Осыдан жеті-сегіз жыл бұрын облыс көршілес Ресей елінен алынатын электр энрегиясына тәуелді болды. Мемлекет басшысы сол кезде «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-қа ілеспе газды шикізат ретінде пайдаланатын электр стансасын салу туралы міндет жүктеген болатын, – деді облыс әкімі.
Электр стансасын кеңейту жобасы бойынша өндірістік процестің тиімділігін арттыратын бірқатар инновациялық шешімдер қабылданды. Мысалы, турбиналарды салқындату үшін тікелей ауамен салқындату жүйесі қолданылады. Бұл сумен салқындату турбиналарымен салыстырғанда суды 75 пайызға үнемдейді. Электр қуатын өндіру үшін шикізат ретінде тазартылмаған ілеспе газ қолданылады. Бұл газды пайдаға жарату туралы стратегиялық мәселені шешуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар өзі өндірген газды пайдалану өнімнің құнын азайтады.
Құрылыстың жалпы құны – 26,6 млрд теңге, соның ішінде құрал-жабдыққа 12,6 млрд теңге қаражат жұмсалған. Құрылыс барысында 150-ге жуық жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылған, стансаның іске қосылуымен 130 жаңа жұмыс орны ашылды.
«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ – жұмыс орындары қысқармаған және жұмысшылар алдында жалақы берешегі жоқ өңірдегі бірден-бір кәсіпорын.
Содан кейін облыс әкімі Мұғалжар ауданындағы Мұғалжар селолық округіне барып, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан ғимаратты аралады, бұл жерде мәдениет үйін ашу жоспарланып отыр. Осы мақсатта «Көктас» АҚ қиыршық тас зауытының басшылығы қаржы бөлген. Бұған қосымша «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша орта мектепке жөндеу жұмыстары қарқынды жүруде. Атқарылатын жұмыстың жалпы құны 73 млн теңге.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе облысы,
Мұғалжар ауданы
Суретті түсірген
Хайреден РАУШАНОВ