• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
09 Қыркүйек, 2016

Өрелі өндірістің өнімі де өтімді

384 рет
көрсетілді

Өткен айда Атырау облысына жұмыс сапары барысында «Самұрық-Қазына» АҚ-тың басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев «Ұлттық индустриялық мұнай-химия паркі» арнаулы экономикалық аймағында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысымен танысқан болатын. Атап айтқанда, қор басшысы «Polymer Production» ЖШС пайдалануға берген зауытты аралаған еді. Осы орайда ол қандай зауыт және нендей өнімдер шығармақ деген сауалдың туындауы да орынды. Аталмыш жоба полимер өнім­де­рінің бірқатар түрлерін өндіруді қарастырады. Мұнда жылына 14 738 тонна биаксиалды бағытта­ғы полипропиленді (ББПП) қабық, жылына 4 125 тонна полиэти­лен қа­бығы және жылына 48 млн дана полипропилен қабы шығарылмақ. ББПП қабығы  Қазақстанда алғаш рет өндіріліп отыр. Қабық ауыл шар­уа­шылығында, құрылыс саласында, азық-түлік өндірісінде, бөлшек саудада қолданылады. Жо­­баның құны 90 млн АҚШ долларына жуық. Халықтың қолдануына ар­нал­ған өндірістердің ауқымын ке­ңейтуде Атырау облысындағы біріктірілген газ-химия кешенінің құрылысы елеулі оқиға болмақ. Жоба Теңіз кен орнындағы шикі­затты терең өңдеуге бағытталған. Құны – 2,6 млрд АҚШ доллары. Нәтижесінде Қазақстанда по­ли­пропилен өндірісі жолға қо­йылмақ. Бұл әмбебап материал­ды электртехника, машина құ­­­­растыру, өнеркәсіптік және ком­мерциялық құрылыс салаларында кеңінен қолдануға болады. Аталған өндірістердің ауқым­дылығы мен капитал сыйым­ды­лығын ескере отырып, несие қаражатын тарту көзделуде. Бұл орайда тиісті инфрақұрылым­ның қамтамасыз етілуі шетелдік инвес­торлар мен несие берушілер тара­пынан басты талап болып табылады. Арнаулы экономикалық ай­мақ­тың өндірістік инфра­құ­ры­­­лымын қалыптастыру мақ­са­тын­да жаңа нысандар салу жос­­парланған. Олар қуаттылығы 310 МВт газ-тур­­биналы электр стансасы, тех­ни­калық газ­дар­­­ды өндіру кешені, суды әзірлеу мен тазалау кешені. Ал жалпы зауыттың инфра­құрылымын қалыптастыру үшін кедендік тексеру аймағы бар ба­қылау-өткізу модулі, қатты тұр­мыс­тық шығындардың полигоны, өрт сөндіру депосы, жөндеу-құ­ры­лыс цехы, сақтау қоймасы, алаң ішін­­дегі су, газ, электр, жылу же­лі­лері бар нысандар бой көтермек. Инфрақұрылым нысандары­ның орталықтандырылған құ­рылысы және пайдаланылуы есе­бінен күрделі шығындарды өтеуге, модульдік құрылысты іс­ке асыруға, мұнай-химия жоба­ларының тиімділігін көтеруге мүмкіндік туады. Қор басшысы сапар барысында, сонымен қатар полиэтилен, бу­тадиен және синтетикалық кау­чук өндіруге бағытталған жоба­лардың алдағы даму жоспарларын талқылады. Барлық жобаларды «Біріккен химиялық компания» ЖШС жүзеге асырады. Атқарылған жұмыстардың арқасында елдің батысында құрылыс жүргізу кезінде 9 мыңнан астам жұмыс орны құрылады, ал нысандар пай­да­лану­ға тапсырылғаннан кейін 2 мыңға жуық адам еңбекпен қамтылмақ. Мереке ТАҢАТАРОВ