• RUB:
    5.05
  • USD:
    484.37
  • EUR:
    531.06
Басты сайтқа өту
09 Қыркүйек, 2016

«Шын жүректен» телемарафоны жалғасады

285 рет
көрсетілді

Жетім көрсек, жең түріп жәрдем жасайтын, мұқтаждардың мұңына ортақтасып қолдан келгенше қолдау көрсететін қазақы қасиет қанымызда бар. Осы қасиетімізді тағы да байқататын сәт туып тұр. Себебі, елімізде 7-29 қыр­күйек аралығында «Шын жүректен» қайы­рым­дылық телемарафоны өтеді. Осы­ған байланысты кеше Орталық комму­ни­кациялар қызметінде баспасөз мәслихаты болды. «2016 жылдың сәуір айында «Қазақ­стан» РТРК» АҚ Қазақстан халқы Ассамб­леясымен бірлесіп, «Шын жүрек­тен» кең ауқымды қайырымдылық телемарафонын өткізді. Ол мұқтаж жандарға тегін көмек көрсетуді көздеді. Жоба аясында ауыр науқасқа ұшыраған және тағдыр тауқыметін тартқан қазақ­стандықтарға көмек қаржысы жиналды. Марафон қорытындысы бойынша 41 миллион теңгеге жуық қаражат тартылды. Барлығы мыңнан астам өтініш келіп түсті. Біз бұл жобаны жалғастырғымыз келеді. Сондықтан 7-29 қыркүйекте Қазақстан халқы Ассамблеясымен бір­лесіп, қайырымдылық телемарафонын өткіземіз», – деді «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрайымы Нұржан Мұхамеджанова. Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясында Мемлекет бас­шысы Ассамблеяға мүдделі орган­дар­мен бірлесіп, елдегі барлық қайы­рым­дылық акцияларын ҚХА қамқор­лығы аясында жүргізу мәселесін пысық­тау туралы тапсырма берген еді. Қазақ­стан Республикасының 2015 жылғы 16 қарашадағы №402-V ҚРЗ «Қайы­рым­дылық туралы» Заңына сәйкес Ассамблея елдегі қайырымдылықты дамыту, осы саладағы үйлестіру мен басқа да демеу беру шараларына ықыласты екеніне Ассамблея Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов тоқталып өтті. Қазақстандықтар үшін «Шын жү­рек­­тен» жобасының маңыздылығы мен қажеттілігі өте жоғары, әлі күнге дейін ұйымдастырушыларға еліміздің аза­мат­тары тарапынан көптеген өміршең мәсе­лелерді шешу бойынша өтініштер келіп түсуде. Бүгінгі таңда 1200-ден астам өтініш келіп түскендіктен, «Қазақ­стан» РТРК» АҚ тұрақты түрде тоқсан сайын осы жобаны өткізу туралы шешім қабылдады. Шарапатты шара көлемге емес, көңілге, ақшаға емес ниетке байланыс­ты атқарылатын амал екенін ұмытпа­ғаны­мыз абзал. Сондықтан да, барымыз­бен бөлісіп, қолдан келгенше қолдау көрсе­ту­ге тырысайық. Бастысы, шын жүрек­тен жасау керек екенін жадымыздан шығар­майық. Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан»