• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
09 Қыркүйек, 2016

Зерделі сөздің зергері

449 рет
көрсетілді

Жаратылыстың қанша қатпарлы сыры болса да адамзат оның шеші­мі мен жауабын тауып, уақыт шек­сіз­дігінің шеңберінде қалдырмауға тырысқан. Десе де мың бір ғаламның адам қиялы жетпейтін пұшпағы мен тарау-тарау жұмбағы жетерлік. Өмір философиясының жігін тарқатуда Аристотель мен Сократтың кесек ойлары, адамзаттың пайда болуындағы Дарвиннің дербес ілімі, Жердің шар тәріздес екеніне көз жеткізген Магел­ланның сапары, бұдан басқа да адам­зат өресінің биігінде ашылған жетіс­тіктері өркениеттің тоқтамай ілгерілеуіне жол ашып келеді. Әлем – сырға толы, түбі терең сан­дық. Бүгінге дейінгі ашылған сан мың жаңа­л­ық – бәлкім сыр сандығымыздың бел ортасына да жетпеген жұмбақ болар. Ағаш жәшіктің түбіне түсу мақ­сат емес, бірақ онда қалған сырды ашуға бәрі­нің-ақ таласы бар. Солардың бірі әрі бірегейі тау мен тастың сырына үңіліп, аңыз-әпсаналардың маңызына мән берген, бір буынның ұстазы  Сапар­бай аға Парманқұлов десек, қателес­пейтініміз анық. Бүгінде «Егеменде» еңбек етіп жүр­ген ағамыздың әр жазған-сызғанын асыға күтетін өз оқырманы бар. Зерделі зерттеулері мен танымдық очерктері, сол құнды дүниелерін безендіріп беру стилі Сапарбай Нұрпейісұлының журналистикадағы бай тәжірибесінің жемісі, жетістігі деп білеміз. Студенттік шақтың соңғы курсын жұмыспен сабақтастырып жүрген кезіміз. Алматының «Көк базары» тұсында журналистер қалашығын еске салатын Қалдаяқов пен Достық көше­лерінің арасында қым-қуыт тіршілігі бар «Дәуір» атты баспахана мен кеңсе орналасқан. Республиканың біраз басылымының редакциясы сонда. Біз де сол қайнаған қазанның ортасында, компьютерге телміріп, қалам мен қағаз­ды серік етіп, еңбекке араласа баста­ған едік. Секретариаттың ауыр жұмысын көтере алмай, кейде журналистикадан безіп кеткіміз келетін. Сонда ағаларымыз оншақты жыл бұрын ғана қорғасынмен жұмыс істеп, бұдан да қиын күндердің болғанын айтып жататын. Макетті қолмен сызып, суретті қаламмен ретуш­теп, мәтінді линотипке қатесіз тергізу де асқан ептілікті қажет ететінін көлденең тартатын. «Мұндайдың шебері Сапарбай болатын», деп Өмірзақ Мұқай ағамыз таңдай қағушы еді. Компьютердегі сан мың дайын шрифті дұрыс таңдай алмай әуреге түсіп жатсақ немесе суреттерді жүйесіз орналастырып қойсақ, Өмірзақ аға бірден «сендерді Сапарбай­дың ұстаханасынан бір жонып алу керек» деп кейіп отыратын. Намысты қам­шылап, Сапарбай ағаның атын қай­та-қайта айтқызбай, ағаларымызды ұят­қа қалдырмайық деп бет қаттауды мең­геріп, дизайнға ден қойып, үйреніп алуға талпындық. Осылай «Ақ жол Қазақстан» газетінің секретариатында жылға жетпей жұмыс атқарып жүргенімде, «Дала мен  Қала» газетіне бас редактор болып  жаңадан тағайындалған С.Парманқұловтан жауапты хатшылыққа ұсыныс түсті. Ағалардың айтқаны қабыл болды ма, әлде талпынысым еленді ме, әйтеуір, маған газет макетінің шеберімен бірге жұмыс істеу бақыты бұйырды. Әлі де студент екеніме назар аудармай, жауап­ты тірліктің тізгінін ұстатқанын үлкен сенімге балап, Сапарбай Нұр­пейі­с­ұлы­ның жанынан табылып, аттай сегіз жыл бірге қызмет атқардым. Осы сегіз жылда Сапағаңның макет сызудан басқа сегіз қыры есте қалыпты.  Алдымен ол – шебер журналист. Алғашқы еңбек жолын «Лениншіл жаста» (қазіргі «Жас Алаш») әйгілі Сейдахмет Бердіқұловтың тәлімімен бастаған. Сонау 1978 жылдан бері қаламы еш мұқалмаған С.Парманқұлов дүние тіршілігі жайындағы философиялық ойлары арқылы оймақтай оқиғаның сан қатпарына әлі де жетелеп келеді. Тек жазуды ғана емес, сызуды да қатар алып жүріп, секретариаттың оты­мен кіріп, күлімен шыққан кездері де аз емес, әрине. Қаламгер ретінде «Жы­лан­­дар көші» жинағын жарыққа шыға­рып, оқырманның ықыласына бөлен­ді. Артынша Қазақстан Жастар одағы­ның сыйлығын иеленді. «Жұмбақ сар­қырама» атты эсселер жинағы да Сапарбай аға дүниетанымының кеңді­гінен хабар береді. Ол кісі көреген басшы бола білді. Ұжымды ұйытып, білгенін үйретті. Сапағаңның төңірегінен Әмірхан Балқыбек, Айгүл Аханбайқызы, Қал­маханбет Мұқаметқали, Есей Жеңіс­ұлы секілді қазақ журналис­тика­сында өзіндік қолтаңбалары бар азаматтар табылды. Тоқтарәлі Таңжарық, Нұрлан Жұмахан бастаған жастардың да біраз легі журналистикада бағындырған биігін Сапағаңмен сабақтастырады. Макет мектебінің ұстазы ретінде одан тәлім алған Бақыт Ойса, Айдын Қаба секілді жазумен қатар сызуды меңгерген бір топ өкіл бүгінде белді басылымдардың тізгінін ұстап отыр. Кішіге аға, үлкенге іні болып келеді. Креативті ойлай білуінің арқасында біраз уақыт «Алматы жарнамасына» да басшылық жасады. Сапағаңның зерттеушілік, этнограф­тық қырын жазуларынан да, өмірдегі ұстанымынан да байқауға болады. Тас көрсе таңырқай қарап, жол көрсе жағалай жүріп, қазақтың жазиралы сахарасының бар түкпірін аралап шықты десек, артық айтпағанымыз шығар. Қарт Қаратаудың қойнауындағы небір тыл­сымды, Алтайдың аңызға толы айма­ғын, Жайықтың жағасындағы жәді­герл­ерді... қаламның ұшымен сөйлетті. Жалғыз сапарлағанды жаны сүй­мей­ді. Соның арқасында ағаға еріп, Меркінің оңтүстігіндегі Тянь-Шань сілемдерінің бірінде аждаһа мекен­дейтін әйгілі Көк­көлді тамаша­ладым. Қаратаудың күн­гейі мен теріскейін шарлап, «Келін­шектау» мен «Жылаған атаның жұмбақ сарқырамасын» көрдім. Арал теңізінің табанын басып, Қазы­ғұрттағы «Ата тас пен Ана тасқа» сүй­­кеніп, не керек, осы уақыт аралы­ғында мен де бір кі­тап­қа азық боларлық мағлұмат жинап үл­гер­дім. Қағазға түспеген түрлі аңыз-әңгі­ме­ні де өз аузы­нан естіп, болашақта бірге саяхат­тауға уағдаласқанымыз да бар. Бүгін Сапағаң алпыста. Алпыс деген – тал түс. Асқар БЕКОВ, «Егемен Қазақстан»