Жақын күндері Үкіметтің жаңа құрамы қалыптастырылады. Бұл туралы бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгін тапсырмаларды бердім. Осы ретте Астанаға келген өңір әкімдері тиісті кездесулерді өткізіңдер. Бүгін-ертең, таяу арада Үкіметтің құрамы қалыптастырылып, тағайындалатын болады, яғни жұмысқа кіріседі. Елімізге, халқымыз үшін бірігіп жұмыс істейік! Барлықтарыңызға сәттілік тілеймін!»,-деді Президент.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі уақытта отставкадағы Үкіметте айта қоярлықтай өзгерістер болмайтынын айтқан болатын.
«Үкіметте жалпы өзгерістердің болып жатқанын естіп, біліп отырсыздар. Оның өзіндік логикасы бар. Бұл - біріншіден. Екіншіден - қауіпсіздік мәселесін күшейту, нығайту мәселесі де бар. Содан кейін мен Кәрім Мәсімовті өзінің келісімі бойынша қажетті жерге тағайындадым. Тәжірибесі бар. Республиканың жағдайын біледі деп тағайындадым. Премьер-Министрді қызметінен босатуыма байланысты қазір Үкімет отставкада. Көп созбай бәрін шешетін боламыз. Жаңа басшыларды да, жаңа министрлерді де. Онша көп өзгерістер бола қоймас деп ойлаймын. Себебі Үкімет қиын-қыстау жағдайда жүктелген тапсырманы орындап жатыр», - деді Н.Назарбаев.