«Қазпошта» акционерлік қоғамы ұлттық пошта және қаржы қызметтері порталының ұялы телефондарға арналған post.kz бағдарламасын іске қосқанын хабарлады.
«Мобильді қосымша iOS және Android операциялық жүйелерінде қолжетімді. Қазіргі таңда бағдарламаға порталда ең көп қолданатын қызметтер қосылған. Ал 2016 жылдың соңына дейін порталдың барлық функцияларымен толықтыратын боламыз», деді «Қазпошта» АҚ баспасөз қызметінің басшысы Байрам Азизов.
Бұл бағдарламаның басты артықшылығы «Қазпоштаның» пошталық және қаржы қызметтерін бір мобильді қосымшаға біріктіруінде. Оған тіркелу арқылы сәлемдемелерді трек нөмірмен бақылауға, @post.kz домені бар электронды пошта қолдануға, ұялы телефонның теңгерімін толтыруға, коммуналдық қызмет ақысын төлеуге, жедел төлемдер жасау үшін шаблондарды сақтап, «Қазпошта» бөлімшелеріне кезекті онлайн түрде брондауға болады.
Мобильді қосымша қолданушылары мен «Қазпоштаның» барлық клиенттері үшін тәулік бойы байланыс орталығы (нөмірі 1499) қызмет етеді.
Айдар ӨРІСБАЕВ