Данияр Елеусінов балаларды емдеу қорына осынша ақша аударды
Рио Олимпиадасының чемпионы, Орал өңірінің төл тумасы, боксшы Данияр Елеусінов әкесі әрі жаттықтырушысы Марат Елеусіновпен бірге туған жеріне келіп, ел-жұртпен қауышты. Осы емен-жарқын жүздесулер барысында оларды Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов қабылдады. Кездесу үстінде облыс басшысы Даниярдың биік жетістігі кәсіби спорттағы қадамдарын жаңадан бастаған балғын жеткіншектер үшін қайталанбас үлгі-өнеге екенін атап көрсетті.
Аймақ басшысы өз сөзінде Орал қаласында құрылысы аяқталып келе жатқан, Жастар сарайының жанынан құрылатын бокс орталығына Данияр Елеусіновтің есімін беру жөнінде шешім қабылданғанын жеткізді. «Данияр өзінің артынан ерген спорттағы дарынды інілерін тәрбиелеу ісіне өз үлесін қосады деген сенімдеміз», – деді бұдан әрі А.Көлгінов.
Туған топырағының атынан сый ретінде өңір басшысы әкелі-балалы Данияр мен Марат Елеусіновтердің әрқайсысына 10 миллион тенгенің ақшалай сертификатын табыс етті. Бұдан кейінгі кезекте Олимпиада чемпионы өзара құрмет пен сыйластық белгісі ретінде облыс әкіміне бокс қолғабын сыйға тартса, оның әкесі облысқа күміспен күптелген тұмарды тапсырды.
Тілек сөзінің соңында өз елінің текті де мәрт ұланы аймақ басшысы табыс еткен 10 миллион тенгенің сертификатын өзінің кіндік кескен топырағында қалдыратынын айтты. Әрі оны сал ауруына тап болған балаларды сауықтырумен айналысатын «Бәйтерек» қоғамдық бірлестігіне тапсыратынын мәлімдеді. Дәл сол күні 10 миллион теңгенің сертификаты «Бәйтерек» қоғамдық қорының төрайымы Меруерт Санкаеваға табыс етілді.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
ОРАЛ
Суретті түсірген
Айбатыр Нұраш