Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен, өткенімізді түгендеп, барымызды жаңғырту мақсатында қолға алынған ұлттық-стратегиялық «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында 2004-2006 жылдардан бері Жамбыл облысы аумағында орналасқан, Орталық Азияда теңдесі жоқ Ақыртас сарай қалашығында археологиялық қазба-зерттеу жұмыстары жалғасып жатыр. Ұлттық бағдарламаның 2009-2011 жылдарғы екінші кезеңінде қазба, зерттеу, жаңғырту жұмыстары одан әрі жанданып, тарихи кешен басында «Ақпараттық-ғылыми орталық» ашылды.
– Қалашықта жұмыстың негізгі бөлігінде ежелгі қалашық аумағын аралайтын ішкі арбат жиектері қайта жөнделіп, ретке келтірілуде. Тарихи мұраның негізгі бөлігінде тұрған тұғыр бағаналар жаңғыртылып, кешенге келіп кетуші қонақтарға арналған тұрмыстық арнайы нысандарға апаратын жиек жол құрылысы салынуда. Аталған жұмыстарды «Қазқайтажаңғырту» РМК Тараз филиалының мамандары атқаруда, – дейді, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» қорық-музейінің директоры Т.Молдақынов.
Кешенде атқарылып жатқан қайта жаңғырту, абаттандыру жұмыстарының барлығы дерлік келер жылы елімізде өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне әзірлік жұмыстары аясында қолға алынған. Еске сала кетейік, Ақыртас сарай кешені көрмеге келуші қонақтарға арналған арнайы туристік бағыт тізбесіне енген.
Алмас МҰХТАРОВ