Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада Македония бұрышы ашылды. Бұл ресми шара Македонияның еліміздегі мәдени күндері аясында өтті.
Кітап сөресіне әлемнің бірнеше тілдеріне аударылған 135 томдық көркем әдебиет пен зерттеу еңбектері қойылды. Македония Республикасының астанасы – Скопьедегі Әулие Климент Охридский атындағы университет кітапханасының тартуы екі ел арасындағы мәдени қарым-қатынасты арттыруға бағытталып отыр. Ресми шараға Ұлттық академиялық кітапхана директоры Үмітхан Мұңалбаева, Македония Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Илия Псалтиров, Македония Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Еуропалық емес мемлекеттер департаментінің директоры Ненад Колев мырза қатысты.
Айта кетейік, мәдени күндер аясында Македонияның «Синтезис» этнотобы еліміздің екі ірі қаласында концерт қойды. Алдымен 3 қыркүйек күні Алматы қаласында Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен көпшілік назарына Македонияның ұлттық өнері ұсынылса, «Синтезис» тобының Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрімен бірлескен екінші концерті 6 қыркүйек күні Қазақ ұлттық өнер академиясында ұйымдастырылды.
«Синтезис» этно-тобы 1995 жылы македон ұлттық фольклорын сақтау және насихаттау мақсатында құрылған. Жиырма жылдан астам уақыт ішінде әлемнің түкпір-түкпірін аралап, 700 концерт берген. Атап айтқанда, Венгрия, Словения, Австрия, Италия, Германия, Грекия, Сербия, Португалия, Испания, Бельгия, Польша, Франция, Швеция, АҚШ, Жапония, Австралия секілді елдер тұрғындарының ерекше ілтипатына бөленген. Алты CD альбомы мен Македония филармониясының оркестрімен бірігіп өткізген концертінің DVD нұсқасы жарық көрген.
«Егемен-ақпарат»