• RUB:
    5.05
  • USD:
    484.37
  • EUR:
    531.06
Басты сайтқа өту
10 Қыркүйек, 2016

Азамат ажары

373 рет
көрсетілді

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді халқымыз. Қазіргідей алмағайып заманда адамдарға жақсылық жасау, қиын-қыстау кезеңде жол табуға нақты қолұшын бергенмен бірдей. Әсіресе тағдыр тәлкегіне ұшырап, басына іс түскен бір адамның шынайы жағдайын түсіну барлық адамзатты ардақтаудың негізі болып табылады. Ал мұндай адам жақсы атын шынайы еңбек, адал маңдай тер, өмірлік ізгі ісімен ғана қалыптастыра алады деп білеміз. Және ұзақ жылғы табанды еңбектің арқасында келген осы абырой-беделді сол биікте ұстап тұру, оған нұқсан келтірмеу – одан да қиын. Міне, осы орайда «Қайратына – әдісін жолдас етеді, әдісіне ақылын жолдас етеді» деп жазушы, Халық қаһарманы Бауыржан  Момышұлы айтқандай, тәуелсіз еліміздің сот жүйесінің дамуына білікті басшы, білгір маман, кәсіби деңгейі жоғары заңгер ретінде өзінің зор үлесін қосып, өзі шыққан биіктен әрдайым абыроймен көрініп жүрген Бектас Әбдіханұлы Бекназаровтың жарқын істері көпшілікке аян, есімі елге ардақты дегіміз келеді. Иә, мамандық таңдаудан қателеспеген адам – нағыз бақытты жан. Біздің кейіпкеріміз де осындай ардалы азаматтардың қатарынан саналады. 1983 жылы ҚазМУ-дың заң факультетін бітірген жас маман өзінің бүкіл саналы ғұмырын сот саласына арнауға бел байлайды. Алғашқы еңбек жолын Жамбыл қаласындағы Орталық ауданы халық сотының сот орындаушысы болып бастайды. Алған заңгерлік білімін тәжірибемен толықтырып, өзінің қабілет-қарымын көрсеткен оған сенім артылып, Жамбыл облысы, Жуалы аудандық халық сотының халық судьясы болып бекітіледі. Міне, осынау лауазымды тыңғылықты атқара жүріп,  Бектас Әбдіханұлы сот жүйесінің қыр-сырын терең меңгеріп қана қоймай, адам тағдыры шешілетін сот процестерінде Ата Заң қағидаттарына сүйеніп, қара қылды қақ жарып, әділетті шешім қабылдауға дағдыланды. Бұдан кейінгі сот жүйесіндегі қызметтерінде де оның заңгерлік білімі мен судьялық тәжірибесі әрдайым тура жол көрсететін бағдаршамындай болғаны шүбәсіз. Сот төрелігін жүзеге асыруда әділетті шешімімен, тура­шылдығымен, еңбекқор­лығымен және заңның шынайы қорғаушысы ретінде танылған Б.Бекназаровтың тасы өрге домалады, абыройы артып, беделі өсті. Сондықтан да болар, әр жылдары саңлақ судья Жезқазған облыстық сотының, Алматы облыстық соты қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының, Атырау облыстық сотының, Алматы қаласы мамандандырылған қаржы сотының және Ақтөбе облыстық сотының төрағасы қызметтерін жемісті атқарды. Халқымызда «Адам ісімен мықты, арыстан күшімен мықты» деген даналық сөз бар. Бұл маз­мұны зор, тағылымы терең қанатты сөз Бектас Бекназаров сынды мемлекеттік іске шынайы берілген қайраткер азаматтарға қаратып айтылғандай. Ол облыстық соттарда еңбек еткен жылдарында бірінші сатыдағы ең күрделі және резонансты қылмыстық істерді қарады. Сондай-ақ жазаның ең қатал түрін белгілейтін санкцияларды қабылдады. Нәтижесінде республика көлеміне кеңінен танылған тәжірибелі, кәсіби судья болып қалыптасты. Нақты дәлел ретінде айтар болсақ, Б.Бекназаров 2009-2011 жылдары Ақтөбе облыстық сотының төр­ағасы болып қызмет етті. Осы кезеңде оның ұйым­дастырушылық, басшылық, кәсібилік қадір-қасиеттері айқын көрінді. Ақтөбе облыстық соты көп­теген позициялар бойынша республикадағы соттар арасында жетекші орынға көтерілді. Сот төрағасының бастамасымен электронды бақылау өндірісі (ЭБӨ) енгізілді. Сонымен қатар Оқу орталығы ашылып, жоғары білікті кадрларды даярлау жүйесі ұйымдастырылып, сот әділдігін жүзеге асырудың сапасы арта түсті. Осы Оқу орталығының базасында бірқатар өңірлік және халықаралық семинарлар ұйымдастырылып, жұмыс жанданып сала берді. Көп ұзамай бұл тың бастама, жаңаша қадам өз нәтижесін берді. 2011 жылдың қорытындысында Ақтөбе облыстық сотының Оқу орталығы еліміздің өңірлік оқу орталықтары арасында бірінші орынға ие болды. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Біз сөз бостан­дығын қолдаймыз, бірақ біз ғайбат сөйлеу мен жалған ақпаратқа қарсымыз», деген сөзін сот жүйесінің мамандары да, басшылары да жадында берік ұстаса, сот әділдігінің мерейі әрдайым асқақ болатынын бағамдаймыз. Себебі қай кезде де сот шешіміне екі тарап та бірдей разы болмайтыны шындық. Сот шешімі қанағаттандырмаған тарап баспасөзге жүгінеді. Осыдан келіп Конституция талаптарына сай шығарылған сот шешіміне байланысты кейде жағымсыз мәндегі материалдар БАҚ-та жарияланады. Міне, ондай біржақты, кереғар пікірге толы материалды жарияламас үшін, соттардың БАҚ өкілдерімен өзара байланыс орнатуының маңызы өте зор. Қандайда бір жалған ақпарат жарияланған күннің өзінде, оған қатысты нақты дәлелдер арқылы ұғынықты жауап беру – заңгерлердің біліктілігін қажет етеді. Осы орайда Б.Бекназаров облыстық сот төрағасы ретінде бұл қағиданы өзінің бағыт-бағдары еткендей. Оған мысал, Ақтөбе облыс­тық сот төрағасы бұқаралық ақпарат құралдарымен жаңа сындарлы деңгейде диалог орната білді. Сот төрелігінің ашықтық, транспаренттілік, шынайылық, қолжетімділік қағидаттарын ұстануы арқасында, облыстық сот органдарының тиімділігі артып, беделі көтерілді. Бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара тиімді іс-қимылдың нәтижесінде, соттар­дың жұмысы барынша ашық бола түскенін айта кеткен жөн. Сонымен қатар облыстық сотта әр айдың бейсенбісін «Ашық есік күні» ретінде өткізу дәстүрге айналды. Осындай нәтижелі облыс экономикасын дамытуға қосқан зор үлесі және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудағы белсенді қызметі үшін Бектас Бекназаровқа облыстық мәслихаттың шешімімен «Ақтөбе облысының құрметті азаматы» атағы берілді. Тынымсыз еңбектің, қажырлы жұмыстың өтеуі болар, сот төрелігін жүзеге асырудағы ұзақ жылғы жемісті еңбегі еленіп, Б. Бекназаров «Парасат» орденімен марапатталды. «Сот жүйесінің құрметті қызметкері» төсбелгісіне, «Үш би» құрметті атағына, «Құрметті судья» атағына ие болды, бірнеше мерейтойлық медальдарды өңіріне қадады. Өз ісіне берілген талапшыл, білікті ұйымдас­тырушы, кәсіби судья Бектас Бекна­заровтың бірқатар облыстық соттардың бас­шысы ретіндегі үлкен беделі оның одан кейінгі жылдары еліміздің Жоғарғы Соты­ның Төрағасы, Қазақстан Республикасы Прези­денті жанындағы Жоғары Сот Кеңесінің төр­ағасы ретінде аса жауапты да жоғары лауазымдарды атқаруына даңғыл жол ашты. Мемлекет­тік қызметті мінсіз атқара жүріп, процеске қаты­сушылар құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған «Электронды бақылау өндірісі» бағдарламасының авторы атанды. Бүгінде Бектас Әбдіханұлы Парламент Сенатының депутаты ретінде еліміздің сот жүйесін дамытуға, сот органдарының беделін көтеруге қатысы бар заңнамалық актілерді әзірлеуге белсене атсалысып жүр. Ұзақ жылдан бері адал еңбегімен абыройлы болған Бектас Әбдіханұлы – айрандай ұйып отырған үлгілі отбасының иесі. Ендеше еліне қалтқысыз қызмет етуімен халқының алғысын алған азаматтың мерейі өсіп, ажары арта берсін дейміз. Бектас Бекназаровтың осы сіңірген еңбегін айта отырып, оны мерейтойымен де құттықтап, ұзақ өмір, шуақты күндер тілейміз. Өйткені Бекеңдей ісімен мықты, ардалы азаматқа елінің де айтар алғысы әлі де зор деп санаймыз. Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан» Астана