• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
10 Қыркүйек, 2016

Жаңалықтар жедел жеткізіледі

440 рет
көрсетілді

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде журналистер «Хабар» агенттігі» АҚ алдағы уақытта қандай жаңалықтар әкелетіндігімен танысты. Бұл туралы журналистерге акционерлік қоғамның жаңадан тағайындалған бас­қарма төрайымы Алмагүл Ахметжанова, оның орынбасары Ринат Кертаев, «Хабар24» арнасының директоры Арман Сейітмамыт, «КazakhTV» ар­на­сының директоры Андрей Тараков айтып берді. Министрліктің тапсырмасына сәйкес, біз трансформация жасауға кірісіп отырмыз. Ол 2020 жылғы мерзімге есептелген. Осы аралықта қандай шаруалар атқаратынымыз жө­нінде көптеген әлеуметтік зерттеулер жүргіздік және компания жұмысын толығымен сараптан өткіздік. Соның нәтижесінде таралым саясаты мен ішкі бизнес үдерісін трансформациялауға мүмкіндік туды, деп бастады өзінің сөзін А.Ахметжанова. Соның ішінде «Хабар» өз мамандарын шетелде оқытып алуға қатты көңіл бөлетіндігі белгілі болды. 2016 жылы ғана 500-дей журналист пен басқа да мамандар шетелде білімдерін жетілдіріпті. Қазір түрік телекомпаниясында 150-дей адамды оқытып алу жөнінде келісімшартқа қол қойылу үстінде екен. «Хабар» өзінің 21-ші маусымына қандай жаңалықтармен келіп отырғандығы туралы басқарма төрағасының орынбасары Ринат Кертаев толығырақ айтып берді. Жаңа маусымға біз бірнеше тұсаукесерді дайындап отырмыз. Таңертеңгі және күндізгі жаңалықтар шығарылымы жабылып, оның орнына кешкі сағат 19.00-де қазақ тілінде, 21.00-де орыс тілінде күніне бір рет қана қорытынды жаңалықтар 1 қыр­күйектен бастап шығып тұр, деді ол өзінің сөзінде. Олардың басты ерекшелігі сол, енді жаңалықтарды ақпараттық-шоу жанрында беру қолға алынған. Бір күннің басты жаңалықтары сарапшы-журналистер тарапынан терең зерттеліп, түрлі ұстанымдар мен пікірлер беру арқылы көрерменге әбден таныстырылады екен. Сонымен қатар, бұрынғы «7 күн», «Бетпе-бет», «Бюро расследование» сияқты хабарлар жаңа пішінде, декорациялық безендірулері де өзгеріп ұсы­нылып жатқан көрінеді. Жаңа маусымда әлеуметтік бағ­дар­ламаларға ерекше ба­сымдық берілген. Соның ішін­де «Біздің назарда» деген жоба қолға алыныпты. Онда кез келген әлеуметтік-тұрмыстық мәселелер республикадағы тіл­шілер қосыны пайдаланыла отырып, қоғамдық көзқарас тұрғысынан зерттеп, көрермен назарына ұсынылады. Бұл «КТК», «ОРТ-Казахстан» арналарында бұрыннан бар тәжірибе болса, енді «Хабар» агенттігі де сондай әдісті қол­дана бастапты. Ринат Кертаевтың айтуына қарағанда, «Хабарда» жаңадан қолға алынған «Білу маңызды» атты жоба да бар екен. Мұнда халыққа қажетті заңдар мен нормативтік-құқықтық актілер мамандардың қатысуымен түсіндірілмек екен. Сондай-ақ, әлеуметтік ток-шоулар түрленіп, жаңа пішіммен шығады. Соның ішінде «Біздің үй» ток-шоуы да бар, сондай-ақ «Давайте говорить» деген жаңа ток-шоу экранға шығатын болады, деді Р.Кертаев. Бұлар­дың бір артықшылығы – олар тікелей эфирде шығып, халықпен телефон немесе басқа да байланыс құралдары арқылы хабарласуға мүмкіндік болады. Баспасөз конференциясына қатысқан «Хабар24» арнасы мен «Қазақ ТВ» арналарының директорлары А.Сейітмамыт пен А.Тараков та өздерінде болатын жаңа­лықтармен та­­ныстырды. Айта кететін жайт, бұрынғы «24 KZ» енді «Хабар 24» болып, ал бұрынғы «Білім және мәдениет» арнасы «Қазақ ТВ» арнасымен бірігіп шығатын болыпты. Аты өзгергеннен заты да жақсыға өзгеріп жатса құба-құп. Бірақ А.Сейітмамыт «24 KZ» аты өзгергенімен, заты өзгермейтінін айтты. Біз бұрын да шынайы жаңа­лықтарды жедел түр­де көрермен назарына ұсы­нып келген болсақ, болашақта да сол дәстүрімізді одан әрі жалғастырамыз. Барлық өңірлеріміздің ма­ңызды оқиғалары туралы көрермендерді дер кезінде құлағдар етіп тұрамыз. Оған біздің техникалық мүм­кін­шіліктеріміз толықтай сай, тілшілік қосындарымыз бү­гінгі күннің ең жетілдірілген жабдықтарымен қаруланған, деді А.Сейітмамыт. Брифингтің соңынан қо­нақтар журналистер­дің көп­теген сұрақтарына жауап берді. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»