• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
14 Қыркүйек, 2016

Даудың басы – бруцеллез

608 рет
көрсетілді

Бір жыл бойы ащы ішектей созылып келе жатқан текетіреске нүкте қойылатын түрі көрінбейді Бруцеллезді қазақ «сарып» дейді. Буын-буынды кеміріп, сай-сүйекті сыр­қырататын кеселді «селсоқ ауру», «жел ауру» деп те атайды. Індеттің қоз­дырғышын бірінші болып тапқан Давид Брюстің құрметіне «Brucella» деген атау берілген. Бруцелла қоз­дырғышы жасушалар ішінде орналасатындық­тан, сыртқы ортаға өте төзімді. Кеселдің негізгі таратушы көзі – үй жануарла­ры. Көбінесе сиырдың еті, сүті ар­қы­лы жұғады. Аса қауіпті инфекция мал шар­­уашылығы өңірлерінде жиі кездеседі. Елімізде эпизоотикалық жағдай қа­лыпты саналғанымен, орны толмас олқылықтарға жол берілетін өкі­ніш­ті жағдайлар жоқ емес. «Адамға – бақытсыздық, дәрігерлерге абы­рой­сыз­дық әкелетін сырқат» (Ш.Николь) Семиполатное елді мекенінде пайда болып, тұрғындар өміріне үл­кен қауіп төндірді. Өйткені, жекелеген адамдардың күрделі әлеу­мет­­тік мәселеге қалай болса солай, немкетті қарауы салдарынан жағ­дай ушығып, карантин жарияланды. Былтыр көктемге салым 173 ірі қара малынан қан алынып, 34 бас малдан бруцеллездің қоздырғышы табылысымен, ветеринарлық станса қызметкерлері оқшауландыру, залалсыздандыру жұмыстарына бірден кірісті. Ауру малдардан құтылудың бір ғана жолы – етке өткізу. Осы талапты орындатуға қанша тырысқандарымен, «мал ашуы – жан ашуына» ерік берген ақадал мал иелері илікпеді. Кейінірек, 20 бас малдың иелері «Казмяспродукт» ЖШС-не өнеркәсіптік өңдеуге тап­сыруға келіскенімен, қалғандары жер табандап тұрып алды. Мұндай жағдайда мал нарықтағы жарты бағасына өт­кізіліп, 50 пайыз шығын мемлекет есебінен өтелетінін айта кеткен жөн. Алайда, ортақ мәмілеге келіспегендер «малы­мыз шетінен күйлі, диагноз дұрыс қойыл­маған. Сондықтан, қайта қан алу керек» деген уәжбен өзгелерді сендіруге тырысты. Жергілікті меке­мелерді айт­пайық, республика­лық ветеринария лабораториясының зерттеме сынамаларын жоққа шығару, шешімдерді мойындамау, ауру малдарды өткізбеу секілді наразылық акцияларын жалғастыра берді. Әрине, олар үшін бала-шаға нәпақасынан, негізгі тіршілік көзінен айырылудың оңай еместігін түсінуге болар еді, егер заңдық тұрғыдан шешіліп жатса.... Бір мал дәрігерінің ауру малдарды қорадан күштеп әкетпек болған әрекеті, ал бір заң қызметкерінің бұларды қорғаштай сөйлеуі ашу-ызаларын одан сайын туғызып, отқа май құйғандай әсер етті. Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ербатыр Мадияровтың айтуынша, қайталама сынама алу ешқандай заң ережесінде де, нұсқаулықта да жазылмаған. Тіпті, ақылы түрде орындау құқығы да берілмеген. Тек сот шешімімен ғана жүзеге асады. Осыған қарап-ақ эпизоотикалық жағдай нашарласа, адам өміріне қаншалықты қауіп төндіретінін топшылауға болады. Оның үстіне, бұл инфекция Қазақстан үшін өлкелік патология саналады. Соңғы 4 жылда 300 мың бас мүйіз­ді ірі қараның пышаққа ілін­генін есептесек, жауапкершілік жүгі­нің қан­шалықты ауыр екені айтпаса да түсінікті. Түрлі иландыру жұ­мыс­тарының жүргізілуі нәтижесінде ауру малдар түгелге жуық етке тапсырылып, бірақ жеңістік бермей жүрген Николай Чернышев қана қалды. Ол 27 мамырға дейін иелігіндегі 4 ауру малды жедел түрде өткізу, әйтпесе, айыппұлға тартылу шарасы көзделетінін құлағына да қыстырмаған. Оның пікірлеріне ден қойсаң, бір қарағанда, сенімді, салмақты шығатын секілді. Бірақ нақты дәлелдерден гөрі құрғақ сөзге, жеке бастың көңіл күйіне көбірек ерік беретін тәрізді. Олай дейтініміз, жергілікті ветеринария бөлімі Қызылжар аудандық сотына өз ұйғарымын мәжбүрлі түрде орындату талабымен қайырылып, өтініш оң шешім тапқан. Сөйтіп, ауру малды 13 қарашаға дейін тапсыру міндеті жүктелген. Ал талапкердің апелляциялық сотқа жазған талапхаты қанағаттандырылмаған. Екінші рет сынама алынып, малдардың бруцеллезге шалдыққаны тағы бір мәрте анықталған. Бірақ Н.Чернышев қадалған жерден қан алатын «мі­незге», алған бетінен қайтпайтын «бірбеткейлікке» салынып, оның соңы бір күндік әкімшілік қамауға ұласқан. Шындық үшін аласұрып, жанын жеп жүрсе, «аққа-құдай жақ» дер едік. Өзі түгіл ауылдастарын үлкен әбігерге салып қойған оның бұл әрекеті Дон Кихоттың қылығын еске түсіреді. Енді ше... заң ережелеріне, сот шешімдеріне қасарыса қарсы шығамын деп жүріп, сау басына сақина тілеп алғанын өзі де аңғармаса керек. Жуырда сот орын­даушылардың борышкерден айыппұл өндіріп алу жөніндегі талабын сот қанағаттандырды. 146 күн­дегі қарыз 1 миллион 548 мың тең­гені құраған. Мұның сыртында, сот орындаушылардың қызметі үшін 200 мың теңге төлеуі тиіс. Осылайша, же­ке бастың қыңырлығы өзіне қырсық болып жабысып, таяқ болып тиді. Өзім­білемдіккке салынған өлермендік түбіне жетті. Енді тәубесіне келіп, шарасыздықтан алақан жайып, билік есіктерін жағалағанмен, істің оның пайдасына шешілетін түрі көрінбейді. Қазір болған іске болаттай болудың орнына салы суға кетіп, мойынсұнып отырған жайы бар. Ара-арасында «ақырғы шараларға дейін» барамын деп кіжініп қояды. Кімді қорқытқысы келетіні беймәлім. – Өз басына өзі сор тілеп алды. Жа­­лындық та, өтіндік те – уәжімізге құлақ аспады. Өзгелер Үкімет белгі­леген өтемақыны әлдеқашан алған. «Қырық – бір жақ, қыңыр – бір жақ» деген осы! Бір таңғаларлығы, ауру сиырдың біреуін бала-шағасының қажеті үшін сойып, екіншісінің етін туған-туыстарына таратып берген. Бұдан асқан сорақылық бола ма? Оның кесірінен елді мекенге көпке дейін шектеулер қойылып, бруцеллездің белгілері көрші шаруа­шылықтардан да табылды. Бұл өзгелерге сабақ болуы тиіс, – дейді облыстық аумақтық инспекцияның жетекшісі Владимир Корабельников. Бұған алып-қосарымыз жоқ. Был­тыр 173 бас ірі қара мал бруцел­лез­бен ауырса, биылғысы – 359 бас. 4 ел­ді мекенде карантин жарияланған. Сот шешімін ерікті түрде орын­даудың екі айлық мерзімі бітуге тақау. Не істерін білмей басын тауға да, тас­қа да ұрған Н.Чернышев бәрін заң аясында атқарғанда ер­тегідей сәтті аяқталары күмәнсіз еді. Бұл келең­сіз жайт түрлі ойларға жетелейді. Алдымен заң нормаларын жетілдіру қажеттігін тағы бір көрсетіп берді. Бұрын­дары бруцеллезге қарсы екпе егу міндетті саналса, енді халықаралық эпизоотикалық бюро (ХЭБ) шешіміне сәйкес ерікті түрде жүзеге асырылады. Осы се­бепті бюджетте арнайы қаражат қарастырылмағандықтан, мал иесінің жеке есебінен жүргізілуі мүмкін. Ауруды тарататын малдар, ал оған жауапты ветеринария қыз­меткерлері десек, олардың қолында ықпал ету тетіктері жоқ болғандықтан, кли­никалық көріністер белең алынысымен дереу етке өткізуге асығады. Қауіпті кеселдің диагностикасы өте күрделі екенін, аурудың жасырын белгілері жиі кездесетінін ескерсек, оны болдырмаудың, алдын алудың жедел шараларын кешенді түрде қарастырмай болмайды. Маман­дардың пікірлерін­ше, ХЭБ әр елдің нақты мал шаруашылығы жағдайын жете ескермеген тәрізді. Сақтандыру шаралары ішінде бруцеллезге қарсы екпе егу жұмысы қайтадан жандандырылса, диагноз қою да, емдеп жазу да әлдеқайда жеңілдері даусыз. Бұл өте күрделі әлеуметтік мәсе­ле саналатындықтан, тиісті орындар қаперге алса, дұрыс болар еді.  Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан» Солтүстік Қазақстан облысы