• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
15 Қыркүйек, 2016

"Микронесие алу үшін кәсіпкер 5-6 құжат өткізсе жетеді"

930 рет
көрсетілді

Үстіміздегі жылдың 9 қыркүйегінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Үкімет жұмысының басты басымдықтарының бірі ретінде жаппай кәсіпкерлікті ынталандыру мен жұмыспен қамту ауқымын кеңейтуді белгілеп бергені мәлім. Бұған қоса, агроөнеркәсіп кешенін, атап айтқанда, ауыл шаруашылығы кооперацияларын дамыту мен экспорттық әлеуетті әртараптандыру бо­йынша тапсырмалар берген еді. Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді жүзеге асыруға орай Қазақстан Республикасының «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлікті дамытудың 10 ілгерінді қадамын ұсынып отыр. Ал біз осы 10 қадамның түйінін тарқату мақсатында Қазақстан Республикасының «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының төрағасы Т.А.ҚҰЛЫБАЕВТЫ әңгімеге тартқан болатынбыз. Микронесиелеуді кеңейту – кәсіпкерлікті дамытудың ұтымды жолы – Тимур Асқарұлы, қазіргі кезде кә­сіпкерлікті микронесиелеу «Биз­нестің жол картасы-2020», «Жұ­мыс­пен қамтудың жол картасы-2020» бағ­дарламалары аясында жүзеге асырылып келе жатқанынан хабардармыз. Осы бағдарламалардың артық­шылықтары қандай, кем­шіліктері бар ма? Болашақта микронесиелеуді қазіргіден де жеңіл­детудің жолдары қарастырыла ма? – Бүгінде бизнесті микронесиелеу, өздеріңіз айтқандай, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жүзеге асырылу үстінде. Берілу көлемі жылына 6 пайыздық өсіммен 10 млн теңге. Ал «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасына сәйкес жылына 5 пайыздық өсіммен 3 млн теңге беріліп келеді. Бұған қоса, «ҚазАгро» Ұлттық басқару холдингінің тетіктері арқылы микронесиелік ұйымдар тарапынан жылына 9,5/12 пайыздық мөлшерлемемен 3 млн теңгеге дейін несиелеу қарастырылған. Осындай тиімді қаржылық шарт­тарға қарамастан, кәсіпкерлер аталған бағдарламалар бойынша кепілмен қамтамасыз ету, талап етілетін құжаттар санының көптігі және ілеспелі жобалардың жоқтығы салдарынан қиындықтарға тап келіп жатады. Мәселен, кәсіпкерлер «Бизнестің жол картасы-2020» бағдар­ламасы бойынша микронесие алу үшін 13 құжат ұсынуы тиіс. Осыған қарамастан, өткен жылы Микронесиелік ұйымдар (МНҰ) тарапынан жалпы сомасы 120 млрд теңгенің 564 мың микронесиесі беріліпті. Бұл жерде атап көрсететін бір жайт – ауылдық жерлерді микронесиемен қамту деңгейі төмен күйінде қалып отыр. Ауылдық жерлерде тек 75 МНҰ ғана белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Ал Қазақ­станда, тұтастай алғанда, белсенді жұмыс істейтін 342 МНҰ бар. Мәселен, Атырау облысында МНҰ ауылдарда мүлдем жұмыс істемейді, Ақтөбе облысында осындай белсенді екі-ақ ұйым тіркелген, Маңғыстау облысында, тіпті, біреу ғана. Істерін енді бастаған көптеген кә­сіпкерлер үшін микронесиелер мөлшерле­ме­лердің (орташа алғанда жылдық 40 пайыз) жоғары болуымен байланыс­ты қолжетімсіз болып отыр. Осыған орай үстіміздегі жылдың басынан бері «Атамекен» ҰКП жеке инвестициялар мен жергілікті бюджет қаржыларын тарту есебінен бес қанат­қақты облыста микронесиелеуге кірісіп кетті. Олар: Алматы, Ақтөбе, Қызыл­орда, Қос­танай және Маңғыстау облыстары. «Атамекен» ҰКП жүзеге асырып жат­­­қан шешуші басымдықтарға микро­несиелеудің кепілдер бойын­ша икемділігі, кепілдеме ұсыну, кәсіп­керлердің оқудан бастап бизнес-жобалар жасағанға дейінгі аралықтағы іс-әрекеттері, кооперациялар мен тікелей сатудың мүмкіндіктері жатады. Микронесиелер 5 жылға дейінгі мер­зімге жылдық 6 пайыздық мөлшерлемемен 15 млн теңгеге дейінгі сомада салалық шектеулерсіз беріледі. Оның үстіне, кәсіпкерге микронесие алу үшін бар болғаны 5-6 құжат өткізсе жетіп жатыр. Микронесиелеу қызметімен кең қамту «Атамекен» ҰКП-ның инфра­құ­рылымдарын дамытуды қамтамасыз етеді. Қамтамасыз ету аудандық деңгейде де жүзеге асырылады. Бүгінге дейін облыстық деңгейде 23 Кәсіпкерлікке қызмет көрсету орталығы (КҚО), ал аудандық деңгейде 188 Кәсіпкерлікті қолдау орталығы (КҚО) жұмыс істесе, олардың 152-сі аудан орталықтарында, 9-ы шағын қалаларда, ал 27-сі моноқалаларда орналасқан. Халықты бизнестің негіздеріне жаппай оқытқан тиімді – Қазіргі таңда халықты бизнестің негіздеріне оқытып-үйрету «Бизнес-Кеңесші» және «Бизнес-Өсім» жобалары бойынша «Бизнестің жол картасы-2020» шеңберінде жүзеге асырылып жатыр екен. Осы мәселені тарқата түссеңіз. – Осы арада оқыту тақырыбына байланысты «Бизнес-Кеңесші» жобасы бойынша оқыту 2 күн ішінде, ал «Бизнес-Өсім» жобасы бойынша 2-5 күн аралығында жүзеге асырылатынын нақтылай кетейін. Бизнестің негіздеріне дайын емес аудиторияны, әсіресе, ауыл халқын осындай пішімде оқыту өте тиімсіз және формальді. Халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік қысымды төмендету, сондай-ақ, өңірлерде кәсіпкерлікті дамытуды қамтамасыз ету үшін нақты іс-шараларды жүзеге асы­ру шең­берінде «Атамекен» ҰКП ел Үкіметінің қолдауымен Маңғыстау обл­ысының Мұнайлы ауданында екі қанатқақты жобаны – «Bastau Бизнес» және «Bastau Кәсіп» жобаларын аяқтады. «Bastau Бизнес» жобасы кәсіпкерлікті ауылда дамытуға бағытталған. Сондай-ақ, ауыл халқының жұмыспен қамтылу деңгейін бизнес-бастамалар мен халықты кәсіпкерлік негіздеріне жан-жақты үйрету арқылы көтеруді мақсат тұтады. «Bastau Бизнес» жобасы бойынша оқыту ұзақтығы 1 айды құраса, бұл бизнеске оқытудың басқа бағдарламалары ұзақтығынан 6-дан 10 есеге дейін асып түседі. «Bastau Бизнес» жобасы 5 кезеңде жүзеге асырылады: 1) халықты жобамен құлақ­тандыру және таныстыру; 2) тестілеу жүргізу мен қатысушыларды іріктеу; 3) практикалық оқыту; 4) бизнес-жоспарды жан-жақты талқылау, бизнес-жоспар жасау; 5) жобаны микронесиелеу беруді қоса алғанда, алғашқы 12 ай бойы ілгерілету. «Bastau Кәсіп» жобасының ерекшелігі еңбек нарығының сұранысына бағдар­ланғандығында болып табылады. Бұл оқыту және жұмыспен қамту қызметтері арқылы жүзеге асырылады (Naimi.kz сервистік базасының мобильді қосымша­сы, біртұтас call-орталық, тапсырыстарды онлайн режімде оқыту және іздеу). «Атамекен» ҰКП-да «Атамекен Бизнес Академия» онлайн-оқыту жобасы жүзеге асырылып жатыр, сондай-ақ, бизнес-тренерлерді оқыту үшін әдістемелік орталықтар құрылуда. Ұзақтығы жөнінен оқытудың қысқа мерзімді мемлекеттік бағдарламасынан 6-10 есе асып түсетін «Bastau Бизнес» жобасының тиімділігін ескере келгенде, жобаның икемділігі мен бейімділігі оң бағаланатыны анық. Сондықтан онымен Қазақстан Республикасының барлық өңір­лерін кең ауқымды қамту ұсынылып отыр. «Bastau Кәсіп» жобасын толыққанды жүзеге асыру және кеңейту мақсаттарында Қазақстан Республикасының барлық өңірлерінде оны «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдар­ламасына интеграциялау ұсынылады. Бұл жерде тиісті орталық мемлекеттік органдардың (Білім және ғылым ми­нистрлігі, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі) ресурстарын аталған жобаны барынша тиімді жүзеге асыру үшін пайдалану қажеттігі де көлденең тартылады. Ауыл шаруашылығы кооперацияларын дамыту – ілгерілеу кепілі – Агроөнеркәсіп кешенін дамытуды тежеп келе жатқан проблемалардың бірі басым жағдайда өндірістің ұсақ тауарлы сипаты болып табылатыны ақиқат. Осы проблеманы шешу үшін қандай жұмыстар жасалып жатқанын білсек деп едік. – Ұсақтауарлылық проблемасын еңсеру мақсатында өткен жылдың қа­зан айында «Ауыл шаруашылығы коопе­ративтері туралы» Заң қабылданды. 10 қанатқақты кооперативтер құру және оның жұмысын жолға қою бойынша Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің бірлескен жоспары жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, ҰКП тарапынан «200 ауыл шаруашылығы кооперативтері» бағ­­дарламасы жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі кездің өзінде шамамен 7 мың шаруа қожалығы мен халықтың жеке қосалқы шаруашылықтарын біріктіретін 283 ауыл шаруашылығы кооперативі жұмыс істейді. Сонымен бір мезгілде, ауыл шаруашы­лығы тауарларын өндірушілер ауыл шаруашылығы кооперативтері пішінінде ірілене отырып, «арзан» ақшаға қол жеткізе алмау проблемасымен бетпе-бет келуде. Қаржыға қол жеткізу проблемасын шешу үшін ауыл шаруашылығы кооперативтеріне мыналар ұсынылады: – халықтың кооперативтерге біріккен жеке қосалқы шаруашылықтарының микронесиелеу басымдықтарын айқындау; – «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ институттары арқылы жеңілдікпен несиелеудің жаңа өнімін енгізу. Сараптама қорытындыларына сүйен­сек, тікелей сату жүйесінің болмауы салдарынан өндірілген өнімнің 20-40 пайызға дейін қымбаттап кететіні байқалып отыр. Осыған орай желілер мен ауыл шаруашылығы кооперативтері арасында сауданы дамытудың үш кезеңді тәсілі ұсынылады. Бұрынғы қадамдарды жүзеге асыру бойынша жасалған жұмыстарды ескере келгенде, ауыл шаруашылығы кооперацияларын қолдау жүйесі төмендегіше түзілетін болады: – жергілікті жерлерде ұйымдастыру және түсіндіру жұмыстарын жүргізу; – халықты бизнестің негіздеріне, бизнес-жоспар жасауға үйрету; – микронесиелеу арқылы қаржы­лан­дыру немесе «ҚазАгро» ҰБХ арқылы жеңілдікпен қаржыландыру; – ауыл шаруашылығы өнімдерін сатуды/қайта өңдеуді ұйымдастыру. Бизнесті ұзақ мерзімді мемлекеттік тапсырыстар есебінен қолдау қажет – Қалыптасқан экономикалық жағдайда отандық өнімдерге сұранысты ынталандыру маңызды. Аталған үде­рісте күнделікті тұтынатын тауарлар, сондай-ақ, мемлекеттік сатып алу, квазимемлекеттік секторларды сатып алу және жер қойнауын пайдалану шең­беріндегі тұрақты сұраныс шешуші рөл атқаратыны белгілі. Осы арада мынадай сұрақ туындайды: күнделікті тұтынатын тауарлардың жыл сайынғы көлемі қандай? – Күнделікті сұранысқа ие тұтыну тауарларының жыл сайынғы көлемі (киім-кешек, аяқ киім, азық-түлік өнім­дері, жиһаз) шамамен 1,9 трлн теңгені құрайды. Бірақ осының ішінде отандық өнімнің үлесі орташа алғанда 30 пайыздан аспайды. Ал мемлекеттік сатып алулардың, квазимемлекеттік сектор­лардағы сатып алулар мен жер қой­науын пайдаланушылардың жалпы көлемі шамамен алғанда 9,7 трлн теңге болса, отандық деңгейдің үлесі – 57 пайыз. Осыған байланысты отандық өнім өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін жергілікті мазмұнның үлесін арттыру жолымен жоғарылату бойынша шаралар қабылдау қажет. Бұл үшін жергілікті тауар өндірушілерге ұзақ мерзімді мемлекеттік қолдау көрсетілуі шарт. Қазіргі таңда осы бағытта нақты жұмыстар жүргізіле бастағанын да айта кеткеннің артықтығы жоқ. Кәсіпкерліктің экспортқа бағдарлануы – экономика өсімінің негізгі драйвері – Бүгінгідей жағдайда экономика өсімін қалай ынталандыруға болады? – Соңғы жылдары ел экономикасы дамуының баяулауы бізді өсімнің жаңа драйверлерін табуға итермелеп отыр. Экономикамыз кейінгі онжылдықта ірі компанияларға тәуелді болған болса, бүгінде біз парадигманы шағын жә­не орта кәсіпкерлікке қарай бұруға тиіс­піз. Әсіресе, экспортқа бағдарланған кәсіп­орындарға көңіл бөлуіміз керек, өйткені біздің ірі көршілерімізде –  Қытай, Ресей және Иранның ірі нарықтарында біз әлі пайдаланбаған экспорттық әлеует бар. Шағын және орта кәсіпкерлік сек­торының да ішкі проблемалары баршылық. Мысалы, дамыған елдерде шағын және орта кәсіпкерліктің экспорттағы үлесі қазақстандық көрсеткіштерден он есе жоғары – 25 пен 50 пайыз арасында болып отыр. Бұл ел кәсіпкерлерінің айтарлықтай бөлігі сауда секторында екендігімен, ал өзге озық елдерде керісінше өндіруші болып отырғандығымен түсіндіріледі. Бүгінде Қазақстанда экспортты қол­даудың жалпыға мойындалған барлық мемлекеттік қолдау шаралары бар, олар түрлі мемлекеттік мекемелер арасында «шашырап кеткен». Бұл шаралардың келісілмеуіне, экспортты қолдау жөнін­дегі ұйымдардың арасында бірдей функциялар жүктеуге әкелуде. Органдар арасындағы осы түсініспеушіліктердің бәрінен кәсіпкерлеріміз жапа шегіп отыр. Сондықтан, экспорттаушыларды қол­дау жан-жақты механизм болып сана­латындығын және түрлі құралдарды пайдалануды қажет ететінін ескере отырып, барлық шараны бірыңғай әрі жүйелі үдеріске байланыстыру қажет. Бұл үшін Экспортты ілгерілетудің ортақ стратегия­сын әзірлеп, қандай компаниялардың экспортқа шығуға әлеуеті бар екенін анықтаудан бастап, өзге елдерде түрлі көрмелер мен алаңдар ұйымдастыруға дейінгінің бәрін қамту қажет. Түпкі мақсат осы кәсіпорындарды табу және экспорттық нарықтарға іл­герілету болып табылады. Егер олар жеткіліксіз болса, онда олардың қата­рын өсіру үшін қалыптасу кезеңінде мемлекеттік тапсырысты ұзақмерзімді негізде (3 жылға келісімшарт) алуы үшін басымдықтар беруге дейінгі түрлі қолдауларды қамтамасыз ету қажет. Осыған байланысты экспортты қол­даудың барлық шарасын бір терезе қағидатындағы оператормен бірге шағын және орта кәсіпкерліктің экспортқа бағ­дарлануы мәселесіне шоғырландыра отырып, Экспортты ілгерілетудің жаңа стратегиясын әзірлеу ұсынылады. Аудан орталықтарына дейін өңірлік  инфрақұрылымы қалыптасқанын, орта және ірі кәсіпорындардың сандық негіз­дегі базасы, шетелдердің сауда-өнеркәсіп палаталарымен жолға қойылған байланысы бар екенін ескерсек, экспорт саласындағы бірыңғай операторды «Атамекен» ҰКП  басқара алар еді. Кәсіпкерлікті дамытудың шешімді негіздері – Білуімізше, қазір Кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасы әзір­­леніп жат­қан секілді. Мұның Индустрия­лан­дыру картасынан айырмашылығы неде? – Кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасы –  бұл бизнес-навигатор сияқты электрондық портал, онда кәсіпкерлер, кәсіпкерлік қызметке қызығушылығы бар әлеуетті кәсіпкерлер мен инвесторлар үшін  өзекті ақпарат шоғырланған. Бизнес-навигаторда кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау және дамыту ша­­­ра­­­лары туралы ақпарат, елдің барлық өңірі бойынша талдамалық шолу (экономикалық мамандану және әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі көрсеткіштері) қамтылған. Сондай-ақ, порталда нақты байланыс деректері мен бизнес-субъектілер туралы өзге де қажетті ақпараттары бар елдегі кәсіпкерлердің бірыңғай реестрі енгізілген. Осыған орай, өңірлік карта индустриялық және инвестициялық шешім қабылдау үшін нақтылы негіз бола алады. Қазіргі кезде Картада 105 перспективалық инвестициялық жоба бар. Қазірдің өзінде 103-тен аса елдің өкілдері осы порталды қарап отыр. Дейтұрғанмен, кәсіпкерлер бүгінде инвестор тарту үшін бизнес-идеяларды техникалық экономикалық негіздеме формасындағы инвестициялық жоба деңгейіне жеткізу ісінде қиындықтарға тап болуда. Кәсіпкерлер ұсынған инвес­тициялық жобалар әдетте инвесторлардың талаптарына сай келмейді. Соған орай біз жобаны Индустрия­ландыру картасына енгізу туралы шешім қабылдар кезде Өңірлік үйлестіру кеңе­сін  Кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасындағы мәліметтерді ескеруге міндеттеуді; «Бизнестің жол картасы-2020» бірыңғай бағдарламасына кәсіпкерлердің ТЭН жасау кезіндегі шығыстарын өтеу жөніндегі мемлекеттік қолдау шарасын қосуды; өңірлік карта базасындағы нарық туралы негізгі деректер арқылы аумақтық нарықтағы оңтайлы бос орынды іздеудің құралы ретінде «бизнес-конструктор» қағидаты бойынша кіші жүйе құруды  ұсынамыз. «Үкімет бизнес үшін» сервисін құру маңызды – Тимур Асқарұлы, осы кәсіпкерлерді қолдау шараларын бір қолға шоғыр­лан­дыруға болмай ма? Осы бағытта нақты бір жұмыстар бар ма? – Соңғы жылдары мемлекет бизнесті қолдау шараларының инфрақұрылымына бастамашылық етіп, оны жүзеге асырды, қажетті бағдарламалар мен институттарды құрды. Бүгінде осы қолдау шараларын шоғырландыратын, кәсіпкерлерді қолдауды «Азаматтарға арналған Үкімет» сияқты «бір терезе» арқылы ұсына отырып, оларды ыңғайлы әрі тиімді ететін кез келді. Осы орайдағы, «Үкімет бизнес үшін» жобасы қолдау шараларын «бір терезеге» шоғырландырудан синергиялық әсер тудыруға, кәсіпкерлерге арналған қолдау шараларының қолжетімділігі мен ауқымын ұлғайтуға, қолдау шараларын алу үдерісінің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді. Аудандық деңгейге дейін инфрақұры­лымдары мен кәсіпкерлікке сервистік қызмет көрсету тәжірибесі бар екенін ескерсек, Үкімет тарапынан үйлестіре отырып, операторлықты «Атамекен» ҰКП-ға жүктеу ұсынылады. Үкімет бизнес үшін дегеніміз, бұл – даму институттары көрсететін субсидиялаудан, грант беруден, сертификаттаудан бастап, факторингке, сауда алаңына, арнайы экономикалық аймақтарға, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға дейінгі барлық шараларды бизнес үшін біріктіре отырып, кәсіп­­керге кеңес беретін, қызмет пен сервисті бірыңғай стандарт пен форматта көрсететін бір терезе. Бақылау-қадағалау функцияларын қайта реттеген жөн – Кәсіпкерлер тарапынан жиі айтылатын шағымның ең негізгісі – тексеру, бақылау шараларының көптігі. Бұл мәселеге қатысты нақты қандай ұсы­ныстар бар? – Жалпы республика бойынша бақы­лау және қадағалау функцияларын 61 ведомство жүзеге асырады (соның 45-і орталық мемлекеттік органдардыкі, 16-сы өңірлердегі жергілікті атқарушы органдардан). Мемлекеттік функцияларға жасалған талдау аталған ведомстволар түрлі салада 512 бақылау функциясына ие екенін, бұл тотальді мемлекеттік бақылауды білдіретінін көрсетті. Бұл ретте кәсіпкер­лерге қатысты тексеру парағында 18 мыңнан астам талап бар екен (ең көбі өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында – 10 мыңнан астам). Сонымен бірге, тексеру парағынан тыс санитарлық нормалар мен ережелердің 8 мыңнан астам талабы бар. Бұлар да мемлекет тарапынан бақыланады. Мемлекеттік бақылаудың негізгі міндеті өнім (жұмыс, қызмет)  қауіпсіздігін қамтамасыз ету болуы тиіс. Сапа мәселесі нарықтың өзі арқылы реттелуі қажет, өйткені, нарықтың басты діттегені – іскерлік репутация, тұтынушыны тарту және тұтынушыға стратегиялық бағдарлану. Бұл – бәсекелі нарықта істейтін әрбір ұйымға және әрбір кәсіп­орынға аса маңызды. Алайда, елде сапа мәселесі (стандарттар, құрылыс нормалары мен ере­желері, гигиеналық нормативтер, типтік қағидалар) мемлекеттік органдар арқылы  тексеріледі және көп жағдайда сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызады. Осыған байланысты мынадай ұсыныс­тар бар. 1) тексеру жүргізу кезінде бизнес субъектілерінен талап етілетін талаптарды қысқарту жұмыстарын атқару; 2)  тауардың (жұмыс, қызмет)  қауіпсіздігін бақылау мен тауар (жұмыс, қызмет) сапасын бақылауға қатысты мемлекеттік бақылаудың ара-жігін ажырату; 3) ұсынылатын тауар, жұмыс және қызмет сапасы бойынша бақылау функцияларын бәсекелі ортаға (өзін өзі реттейтін ұйымдарға – ӨРҰ)  беру, бұл ретте кәсіпкерлік субъектісін тауар (жұмыс, қыз­мет) сапасы талаптарына сәйкестікке мониторингтеу қорытындысы бойынша ӨРҰ ақпараты  Тәуекелдер басқару жүйесінде СУР-да ескерілетін болады, сол арқылы адал кә­сіпкерлерге қатысты қауіпсіздік талаптарына сәйкестікті тексеру санын азайтады; 4) мемлекеттік бақылауды біртіндеп кәсіпкерлердің тұтынушы алдындағы жауапкершілігін міндетті сақтандырумен алмастыру; 5) кәсіпкерлік кодексіндегі тексерулер жүр­гізудің жалпы тәртібінен ерекшеліктер санын қысқарту. Жалпы алғанда, мемлекеттік органдар­дың бақылау-қадағалау функция­ларына ревизия жүргізу қажет. Қылмыстық және әкімшілік заңнаманы одан әрі ізгілендірудің берері көп – Біздің елімізде экономикалық қыл­­мыстарға қатысты заңнаманы ізгі­­лендіру шаралары қолған алынғаны мәлім. Осы орайда, кейінгі кездері қа­был­дан­ған кодекстер туралы не айта ала­сыз? – Жаңа Қылмыстық кодексте эко­номикалық қылмыстар бойынша айтар­лықтай жеңілдік байқалмайды. Олардың кейбіріне қатысты жаза кісі өлтіру жазасымен бара-бар. Мысалы, жалған шот-фак­тура үзіндісі үшін, салықтан жалтарғаны үшін, жалған кәсіпкерлік үшін он жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. Жазалаушы шаралардан алдын алу тәжірибесіне біртіндеп келу саяса­ты жүр­гізіліп отырғанын ескерсек, экономика саласындағы қылмыстық құқық­бұзу­шы­лыққа экономикалық жауапкершілік шараларын қолданған жөн. Жалған кәсіпкерлік жөніндегі қыл­мыстық процесс барысында объек­тивтілік және зерттеудің толық­қан­дылығына қа­тысты заңнама талаптары сақталмайды. «Жалған кәсіпкерлік» құрамының өзі қылмыстың өзге құрамдарын қайталайды (іс жүзінде бұл салық төлеуден, банк несие­сін төлеуден жалтарудың, алаяқтықтың бір амалы). Заңды тұлғаларды (жалған кәсіпорын­дарды) тіркеуді болдырмаудың кесірлі тәжірибесі қалыптасты. Олардың контрагенттермен арадағы барлық мәмілелері жарамсыз деп танылады. Нәтижесінде, соңғыларына қосымша салық сомалары мен айыппұлдар жазылады. Қылмыстық қудалау, сондай-ақ «жос­пардан тыс» тексеру үшін қолданылады және әлі күнге дейін бизнеске қысым жа­сау­дың құралы болып қалып отыр. Егер әдеттегі тексеру үшін мемлекеттік орган бұл әрекетінің негізділігін прокуратурада дәлелдеуі тиіс болса, қылмыстық қуда­лауды бастау үшін мұндай кедергілер жоқ. «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» жаңа кодекстің таяуда қабылданғанына қарамастан, онда шешуді қажет ететін бірқатар мәселелер қалып отыр. Бүгінде кодексте жалпы 608 құқық бұзу құрамы көрсетілген, соның 400-ден астамы кәсіпкерлік қызмет субъектілеріне қатысты қолданылады. Кәсіпкерлерге қатысты осы 400 қылмыстық құрамның тек 14 бабы ғана «ескерту» түріндегі жазаны қарастырады. Сондықтан Кодексте үлкен қоғамдық қатер төндірмейтін қылмыстық құрамдар бойынша ескерту, алдын алу институтын кеңінен қолдану қажет. Осы мақсатта ең алдымен Бас прокуратурамен бірлесіп, бизнес-қоғамдастықты қа­тыстыра отырып, Қылмыстық кодекстің шамадан тыс репрессиялық сипатын жою, жаза­лаудан гөрі, алдын алу  шараларына қа­рай өту тұрғысынан жұмыстар жүргізу керек. Екіншіден, Әкімшілік кодекс аясындағы ескерту институтын кеңейту жұмыстарын жүргізіп, айыппұлдың бизнес көлеміне байланысты болуын жою, сондай-ақ бизнестің барлық санаты бойынша айыппұлдың ең жоғарғы шегін белгілеу қажет. Нарық қағидаттарының сақталуына ревизия жасау – бәсекелі орта қалыптастырады – Мемлекет басшысы көптеген нысандарды бәсекелі ортаға беру, олар­дағы мемлекеттің үлесін азайту міндетін қойып отырған мәлім. Бұл бағыттағы жұмыстардың барысы қалай болып жатыр? – Үкіметтің 9 қыркүйектегі кеңейтіл­ген отырысында Мемлекет басшысы министрліктердің ведомстволық бағы­нышты ұйымдары мен ведомстволарға оларды бәсекелес ортаға беру немесе жергілікті қамту деңгейіне қайталап инвентаризация жүргізу керектігін атап өтті. Қазіргі таңда квазимемлекеттік сектордың экономикаға ықпалы шамадан тыс жоғары болып отыр. Мемлекеттің бақылауындағы ұйымдар активтерінің үлесі ІЖӨ-нің 60 пайызына жетеді. Қазақстан Республикасы Қаржы ми­нистрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне қарасты Мемлекеттік мүлік реестрі (www.gosreestr.kz) жекеленген мемлекеттік компаниялар үлестестіктің 9-шы деңгейіне дейінгі ұйымдық құрылымдарға иелік етіп отырғанына қарамастан, еншілес және бағынышты ұйымдардағы үлестестіктің 5-ші деңгейіне дейін ғана көрсетеді, сол себепті де мемлекеттік компаниялардың нақты саны туралы дерек жоқ. Қалыптасқан күрделі жағдайды еңсеру үшін Мемлекет басшысының  Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдерінің тәжірибесі бойынша мемлекеттің экономикаға қатысу үлесін ІЖӨ-нің 15 пайызына дейін азайту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспарын жүзеге асырумен бірге үкіметтік деңгейде арнайы жұмыс тобын (Үкіметтік штаб) құру ұсы­нылып отыр. Жоғарыда айтылған шаралар Мем­лекет басшысы белгілеген және жалпы Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына  кіру стратегиясына, ЭЫДҰ стандарттарын енгізу ісіне толық сәйкеседі деп есептейміз. Осыған байланысты аталған шараларды Үкіметтің Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау жөніндегі жоспарына енгізуді ұсынамыз. «Атамекен» ҰКП алдағы уақыт­та мемлекеттік органдармен бірге ұсыныс­тарды талқылау және жетілдіруге ат­салысуға, сондай-ақ егжей-тегжейлі тетік­терді, қажетті есептеулерді, нормативтік құқықтық актілерді өзгерту жөніндегі ұсыныс­тарды ұсынуға дайын. Әңгімелескендер Самат МҰСА, Айбын БАҚЫТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»