• RUB:
    5.05
  • USD:
    484.37
  • EUR:
    531.06
Басты сайтқа өту
15 Қыркүйек, 2016

Биыл Қазақстан кемі 20 млн тонна астық жинайды

495 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев кеше жұмыс сапарымен Ақмола облысында болды. Елбасы Шортанды ауданының егістік алқабына қонған тікұшақтан түсісімен «Жәкен-1» ЖШС  механизаторларымен кездесті және жиын-терін науқанының барысымен танысты. Қанат Әділбеков жетекшілік ететін серіктестік астық өсірумен айна­лы­сады. Мұнда 11 057 гектар болса, оның 9 382 гектарына бидай егі­леді, қалғаны жайылымдық ретінде пай­даланылады. Биылғы егістік алқа­бының құрылымы бидай мен арпадан тұрады. ЖШС үстіміздегі жылы би­дайдың төрт түрінен, атап айтқанда, жергілікті «Астана», «Астана 2» және ресейлік «Омская 36», «Омская 28» аудандастырылған тұқымдарынан бітік астық жинауда. «Жәкен-1-де» барлық жұмыс озық технология негізінде жүргізіледі және топырақты өңдеу мен оның құнарын арттыруда ылғал сақтаудың сыннан өткен әдіс-тәсілдері қолданылады. Бұл шаруашылықтың агрокешендік жаңа саясатқа бейім екендігін көрсетеді. Қазіргі күні заманалық кең алымды 9 комбайн жұмыс өнімділігін арттыра түскен. Елбасымен әңгіме барысында былтыр гектар түсімділігін 16,2 центнер­ден айналдырған шаруа­шылық ди­қандары көрсеткішті еселей түсетіндігін айтты. Қазақстан Президентіне Ақмола об­лысының әкімі Сергей Кулагин ауыл шаруашылығы кәсіпорнының не­гізгі жұмыс бағыттары мен өңірдегі аг­рарлық секторды қолдау шаралары туралы баяндады. Бүгінде ди­қандар қауымы маңызды науқанды тың­ғылықты өткізуге жаппай жұмылған. Ақмолалықтар биылғы жылы 4,7 миллион гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын, оның ішінде 4,3 миллион гектарға дәнді, 220 мың гектарға майлы, 176 мың гектарға мал азықтық және 22 мың гектардан астам алқапқа картоп пен көкөніс дақылдарын орна­ластырған. Астық жинау науқанына 1 қыркүйек күні кіріскен механизаторлар 14 қыркүйектегі дерек бойынша 2,4 миллион гектардың (55,8 пайыз) астығын бастырып, қамбаға 3 миллион тонна қызыл дән құйды. Облыс әкімі мұны мемлекеттік қолдаудың қайтарымымен байланыс­тырды. Орақ науқанына 8 500 комбайн (оның ішінде 2 658 өнім­ділігі жоғары шетелдік комбайн, 2 600-ден астам дестелегіш, 11 000 бірлік астық тасымалдау техни­касы) жұмылдырылған. Өңір шаруа­шы­лықтары жанар-жағармаймен толы­ғымен қамтамасыз етіліп отыр. Бұл ас­та­налық облыс биылғы мерекелі жылы рекордты деңгейде, яғни 5,5 мил­лион тонна астық жинайтынына сенім қалыптастырады. Түпкі нәтиже алқаптағы емес, қой­мадағы құт-берекемен салмақта­на­тындықтан, облыстың агрокешен саласы бұл тұрғыда да айтарлықтай қам-қарекет жасағандығы байқалады. Өңір басшысы арнайы лицензияланған 62 элеватор мен астық қабылдау кә­сіп­орындары қазірдің өзінде 617 мың тонна жаңа өнімді қабылдап отырғанын баяндады. Бұған қосымша, ауыл ша­руа­­шылығы құрылымдарының иелі­гін­дегі қоймаларды есепке ал­ғанда, об­­лыстың 6 миллион тонна астық қа­был­дауға мүмкіндігі бар екен. Жал­пы, ауа райы қолайсыздық тудыр­маса, астық жинау науқаны жұмыс кестесіне сай 22 қыркүйекте аяқта­лады деп жоспарлануда. Мемлекет басшысы жуырда өткі­зілген Үкіметтің кеңейтілген мәжілі­сінде ауыл шаруашылығы коопера­ция­сы туралы мәселе көтергенде облыс әкімі С.Кулагинді өнеге жоралғы­сымен орнынан көтерген болатын. Бұл не­гізсіз де емес еді. Ақмола облысын­да бұл орайдағы жұмыс белсенді жүр­гізілуде. Ақмолада өңірлік астық хол­дингі құрылған. Бұл – респуб­ликадағы  ең ірі ұйымның бірі. Оның құра­мында 38 озық шаруашылық және фер­мерлік қожалықтар бар. Мал шаруа­шылығында өнім өндіруді, қайта өң­­деуді және өткізуді қамтамасыз ете­тін 185 кооператив тыңғылықты істер атқаруда. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сапар аясында өңірде өсетін ауыл шаруа­шылығы өнімдері көрмесін аралады, онда жергілікті жағдайға бейімделген би­дайдың жаңа түрлері таныстырылды. Мұнда елімізбен қатар, шетелдерге де кеңінен мәлім академик А.Бараев атын­дағы Астық шаруашылығы ғылы­ми-өндірістік орталығының атқарып отырған жұмыстары лайықты бағалан­ды. Институттың бүгінгі қадам­да­ры және қол жеткен табыстары жай­лы ғылым ордасының басшысы Ж.Қас­қарбаев жан-жақты  баяндап берді. Мемлекет басшысы өңірдің белгі­лі шаруашылық басшылары, ға­лым­дармен алқап басындағы кезде­суін­де республиканың агроөнеркәсіп кеше­нінің өнімділігін арттыру үшін ауыл шаруашылығы университеттері базасында ғылыми-зерттеу институттарын құру қажеттігін атап өтті. Әңгімелесу кезінде астық жинау науқанын табысты өткізу облыс шаруаларының алдында тұрған ең алдыңғы кезектегі міндеттің бірі болып саналатыны атап өтілді. Нұрсұлтан Назарбаев Қытайға және Өзбекстанға таяудағы сапарлары аясында Қазақстан астығын, майлы дақылдар мен ет өнімін экспорттауға қа­тысты бірқатар маңызды келі­сімдерге қол жеткізілгеніне айрықша назар аударды. Мемлекет басшысына шаруалар елдің ауыл шаруашылығы саласына ұдайы көңіл бөліп, қолдау көрсетіп отырғаны үшін алғыс айтты. – Биыл республикамызда ас­тық­тың шығымы өте жақсы. Қазіргі кезде егін орағы қызу жүріп жатыр. Соңғы деректер бойынша, елімізде қазірдің өзінде 14 миллион тоннадан астам астық қамбаға құйылды немесе барлық егіс алқабының 65 пайызы жиналды. Негізгі аграрлы аймақтар Ақ­мола, Солтүстік Қазақстан жəне Қостанай облыстарының әрқайсысы шама­мен 5,5 миллион тонна астық алуды межелеп отыр. Жалпы, биыл еліміз­де 20 миллион тоннадан астам ас­тық жинау көзделген, – деді Н.Ә.Назарбаев бұқаралық ақпарат құ­рал­дарының өкілдерімен өткізілген брифингте. – Ақмола облысы тұрақты дамып келеді, – деді ел Президенті одан кейінгі сөзінде. – Еліміз дағда­рыс­­ты жағдайларды еңсере білуде. Жағ­­дай келесі жылы оң сипат алып, 2020 жылы тұрақты қалыпқа енетіні анық. Бұл мұнайдың бағасына айта қа­лар­лықтай әсер етпейтіні белгілі. Бұл өз­герістер еліміздің басқа аймақ­тарын­дағы сияқты Ақмола облы­сын­да да айқын көрініс табуда. Аста­наның нарықтық әлеуеті өсіп, өңір­­дің ауыл шаруашылығына кө­мектесуде. Ақмоланың Степногор, Көкшетау, Щучинск сияқты қалала­р­ында өнеркәсіп өркендеп, жаңа кәсіпорындар ашылып жатыр. Жарқайың ауданында таяуда іске қосылатын Масал кен-металлургиялық комбинаты да үлкен демеу болады. Қазір мен тауар өндірушілерден Тәу­ел­сіздіктің 25 жылдығына орай көмекке мұқтаж ауылдағыларға қолұшын созып, мектептерді, ауруханаларды, бала­бақшалар мен көшелерді жөндеп беруді сұрадым. Мұның бәрі әрбір ауылда өмір сүру сапасын жақсарту үшін қажет. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкі­меттегі жəне бірқатар мемлекеттік органдардағы жаңа тағайындаулар мен құрылымдық өзгерістерге қатыс­ты журналистер сұрағына: «Бұл қазіргі сын-қатерлерді лайық­ты еңсеру қажеттілігінен туын­даған қадам,– деп жауап қайтар­ды. – Жақында облыстардың, Аста­на жəне Алматы қалалары əкім­дерінің қатысуымен өткен Үкі­меттің кеңейтілген оты- рысында дағ­да­рыспен күрес жұ­мысынан эконо­миканың өсімін ынталандыру бағ­дар­ламасына көшу жөніндегі шаралар талқыланды. Бұл қосымша жұмыс орындарын ашуды, атап айтқанда, ауыл шаруашылығында, тұрғын үй құрылысында жəне басқа да салаларда халықтың табысын арттыруды көздейді. Осыған байланысты жаңа Министрлер Кабинетінің алдына нақты міндеттер қойылды. Үкімет құрамында жасалған өзгерістер басқарушылардың жаңа буынының, соның қатарында «Болашақ» бағ­дар­ламасы түлектерінің де уақыты кел­генін көрсетеді. Жасалған өзгерістер халықтың əл-ауқатын арттыруға, экономикалық көрсеткіштерді жақ­сартуға, ұлттық қауіпсіздікті қам­тамасыз етуге жəне Қазақстанның қар­қынды дамуына бағытталған. Ал жаңа басшылардың ел алдындағы ең­бегін барша қауым жақсы біледі. Жа­ңадан құрылған министрлік те уақыт үрдісінде жұмыс істейтіндігіне сенемін». Елбасы білікті, уақыт талаптарын айқын сезінетін кадр қажеттігі жайлы сөзін мынадай күлкілі болғанымен, астарында зіл батпан тағылым жат­қан оқиғамен байланыстыра кетті: «Бір кездері мен облыстардың біріне әкім тағайындадым. Екеуміз келе жатырмыз, ол «қандай ғажап бидай, қандай тамаша бидай» деп шаттанып жүр. Мен сонда «тоқтай тұр, бұл бидай емес, арпа ғой» дедім. Он­дай да болады. Бидайдың сапасы жақ­сы, көңілім толды, көңіл-күйім көтеріңкі, өйткені, диқандар астық алқабын дәнге толтырыпты. Ауа райы қарасып, шашпай-төкпей жинап алсаңыздар, нұр үстіне нұр болар еді. Осы ретте Ақмола облы­сына үлкен үміт артылып отыр. Бар­шаңызға сәттілік тілеймін», – деді Мем­лекет басшысы. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан» Ақмола облысы Суреттер Президенттің баспасөз қызметінен алынды