• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
15 Қыркүйек, 2016

Астанада кітапханашылар конгресі басталды

407 рет
көрсетілді

Елордадағы Тәуелсіздік сарайында еліміз Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты «Әлем. ХХІ ғасыр. Оқу арқылы рухани үндестік пен мәдениетке» деген тақырыпта Халықаралық кітапханашылар конгресі басталды. Екі күндік шараға Ресей, Грузия, Әзербайжан, Иран, Тәжікстан, Франция, Индонезия елдерінің Ұлттық кітапханаларының, Еуразия кітапханалары ассамблеясының өкілдері, саясат және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, ақын-жазушылар, мәдениеттанушылар мен баспагерлер қатысуда. Шараны Қазақстан Республи­ка­сының Мәдениет және спорт ми­нистр­лігі, Қазақстан Респуб­лика­­сының Тұңғыш Президенті – Ел­басының кітапханасы, Ұлттық ака­де­мия­лық кітапхана мен Ұлт­тық кітапхана ұйым­дастырды. Кон­грес­тің мақсаты – қоғам назарын кітап­ханаларды дамытуға, кітап оқуға аудару. Электронды ақпа­раттық ресурстарды қалып­тас­тыру мәселелері бойынша тәжірибе алмасу және оны ақпараттық-кітап­ханалық мекемелерде пайдалану, кітапханашы кәсібі­нің имиджін көтеру мәселелері де конгресс мақсатына кіреді. Конгресті ашып, құттықтау сөз сөйлеген Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұха­медиұлы халықаралық кітап­ханашылар конгресінің өткізілуі кітапханалар арасындағы мәдени, ғылыми және білімдік байланыстарды нығайту жолында ерекше маңызға ие болатынын атап өтті. Конгресте Еуразия кітап­ханалары ассамблеясының бас директоры, Ресей Мемлекеттік кітапханасының бөлім мең­геру­шісі Галина Райкова посткеңестік елдерде ақпараттық-мәдени кеңістік қалыптастыру мәселелері бойынша баяндама жасады. Мұндағы Еуразия кітап­ханалары ассамблеясының рөлін баса айтқан Г.Райкова соңғы жыл­дары Ресейде мемлекеттік деңгей­де қабылданған құжаттар мен заң­намалармен таныстырып өтті. Ал Ресей Ұлттық кітапханасы­ның бас директоры Александр Вислый электрондық кітап­хана туралы Ресейде заң қабылданға­нын баяндады. «Көпшілік кітапхана неге керек, интернетте бәрі бар емес пе дейді. Бірақ интернет кітап­хананың орнын толық­тай алмастыра алмайды. Таяуда бізде ұлттық электрондық кітапхана туралы заң қабыл­данды. Ол әлі күшіне енген жоқ. Онда элек­трондық ортада кітапханаларды дамытуға қатысты көп инновация бар. ТМД елдерінің барлық ұлттық кітапханалары Ресейде бар электрондық кітап­хана диссер­та­циясын пайда­ланады. Ресей ұлттық элек­трон­дық кітап­хана­сының дамуына ТМД ел­дері кітап­ханаларының қаты­су­шы ретінде тартылуы сеп болуда», – деді Александр Вислый. Аталмыш ірі шараның пленар­лық отырысында «Болашақтың кітапханасы. Ұғым мен анықта­ма­ға шағын шолу» деген тақырыпта Орталық кітапхана директоры Атифе Нури (Иран), «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы қазіргі қазақ­стандық қоғамды дамытудың басты бағыты ретінде» деген тақы­рып­пен Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым акаде­миясының академигі, филосо­фия ғылымдарының докторы Ғари­фолла Есімнің және басқалардың баяндамалары тыңдалды. Екі күндік шарада Еуразия кітап­ха­налары ассамблеясы мүше­лері­нің ХІХ жалпы жиналысы, «Бір ел – бір кітап» акциясы. «2016 жыл кіта­бы – Дулат Бабатайұлы шы­ғар­малары», «Хакім Абай дана­лығы» тақырыптарында ашық дәрістер, кітап көрмелері өтеді. Кон­гресс бес секция бо­йын­ша жұмыс істеп, ұсыныстар қа­был­­данады. Серти­фикаттар табыс етіледі. Екі­жақ­ты меморан­дум­дарға қол қойыла­ды. Айгүл СЕЙІЛОВА, «Егемен Қазақстан» Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ, «Егемен Қазақстан»