Заңға салсақ, мемлекеттік қызметкерден өткен тәртіпті тұлға болмауы тиіс. Тәртібі өз алдына, сөзі майда, қолы таза болмағы да олардан сұралар көп талаптың ішіндегі маңыздылары. Солайы солай ғой, дегенмен осы айтылғандар бүгінгі мемқызметкерге бауыр басып кете алды ма? Міне, әңгіме осында...
«Іштен шыққан жау жаман» дейді халқымыз. Егер де қарапайым халықтың өкіліне өктем сөйлеп, тасыр мінез танытса және де өзі мемлекеттің қаржысына қолды салып-салып жіберетін сұғанақ болса, мұндай қызметкердің де елдің досы болмағаны ғой.
2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңға «Әдеп жөніндегі уәкілдік», «Әдеп жөніндегі кеңес» сияқты түсініктер енгізілген болатын. Мұның өзі, сайып келгенде, мемлекеттік тәртіпті нығайтуға бағытталған батыл қадамдар еді.
Әдеп жөніндегі кеңес демекші, бұл институт бұрынғы тәртіптік кеңестің орнын басқан болатын. Тәртіптік кеңестен мұның басты айырмашылығы – аталған институттардың қызметіндегі басымдық заң бұзушылықтардың алдын алу, оның себеп-салдары мен жасалуын терең зерттеуге бағытталған. Әдеп жөніндегі кеңес тәртіптік істерді ғана емес, тұңғыш рет жемқорлық тәуекелдігінің сараптама қорытындысын, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторингтің, қызметтік этиканың сақталуын қадағалайтын және мониторингті іске асыру кезіндегі этика жөніндегі уәкілдердің қызметін қарайтын болады.
Қарағанды облысындағы Әдеп жөніндегі кеңестің дербес құрамы мәслихаттың, қоғамдық бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерінен, сонымен қатар, жекелеген мемлекеттік органдар басшыларынан құралған. Бүгінгі күнде бұл кеңес төрт отырыс өткізіп, 25-ке тарта мәселені қараған екен. Оның 13-і – тәртіптік істер.
Зады, сыбайлас жемқорлық дегеннің мемлекет, жалпы қоғам үшін іштен үңгіп жалмайтын жұлынқұрттың нағыз өзі екені рас. Мына бір мысалдың өзі жаға ұстатып, төбе шашты тік тұрғызады: бір ғана мемлекеттік сектордың өзінде сыбайлас жемқорлық әлемдік экономикадан 1,5-2 трлн долларды пара түрінде жырымдап шетке шығарады екен. Бұл дегеніңіз – Ішкі жалпы өнімнің 2 пайызы. Ал Қазақстан бойынша ІЖӨ-нің орташа есеппен 2 пайызын алсақ, соның өзі 1 трлн 250 мрлд теңгені құрайтын көрінеді. Осы қаржыға біз бір жылдың ішінде жүздеген мектеп пен бала-бақша сала алады екенбіз...
Жалпы, сыбайлас жемқорлық сынды батпандап кіріп, мысқалдап шығатын індетке қарсы өңірде небір қатаң шаралар қабылданып жатса да, заң бұзушылықтан айылын жимайтын мемлекеттік қызметкерлер ара-тұра кездесіп қалып жатыр. Мәселен, былтыр және биылғы жылдың жартысында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері бойынша облыстық департаменттің әдеп жөніндегі кеңесінің ұсынысы бойынша, сәйкесінше 79 және 21 мемлекеттік қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Өткен жылы қаржы бақылау органдары 479 лауазымды тұлғаны, ал биылғы жартыжылдықта 40 мемқызметкерді тәртіптік жауапкершіліктің тезіне салыпты. Осы кезеңде әкімшілік жауапкершілікке 119 лауазымды тұлға тартылып, бюджетке 10,1 миллион теңге қайтарылған.
Сыбайлас жемқорлық қылмысқа қарсы қызмет органдарының араласуымен 2015 жылы 129 жемқорлық қылмыс тіркеліпті. Мәселен, Абай ауданы әкімінің бұрынғы орынбасары М.Бимағамбетовке қызметтік өкілеттілігін пайдаланып, заңсыз түрде жер телімдерін және туыстарына пәтер бергені үшін 3 млн 674 мың теңге айыппұл салынды. Сәтбаев қаласының тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Ғ.Сүтбаевқа 240 мың теңге пара алғаны үшін 14 млн теңге айыппұл жазасы кесілді. Бұқар жырау ауданындағы ветеринария бөлімінің басшысы Ш.Бегімова екі қызметкеріне сыйақы жазып, сонан соң олардан өзіне 114 мың теңге үлес талап еткені үшін 1 млн 300 мың теңге айыппұл төлейтін болды.
Шет аудандық білім бөлімінің басшысы Е.Рысбек қарамағындағы қызметкерден 540 мың теңге бопсалағаны үшін үш жарым жылға бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленді. Сондай-ақ, ол мемлекеттік қызмет атқарудан өмір бойы шеттетілді. Сонымен қатар, бюджеттің 11 миллионға жуық қаржысын жымқырды деген айыппен істі болған Нұра ауданы әкімінің орынбасары мен білім беру бөлімінің басшысына қатысты қылмыстық іс сотқа жіберілді.
Әлбетте, бұл фактілер тоқмейілсуге әсте негіз бермеуі тиіс. Мемлекеттік қызмет жүйесінде тамыр жайған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ымырасыз жүргізілмесе, ырысымыздан құт қашары айдан анық. Бұл жерде мәселенің бар жүгін жалғыз ғана құқық қорғау органдарының мойнына артып қою әбестік болар еді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте қазақстандық қоғамның барша тобы күш біріктірмейінше, мемлекеттік мүдденің аты озбайды. Бір сөзбен айтқанда, заңдық күші бар әдеп жаман әдетке әуес мемлекеттік қызметкерлерді жөнге салып, тәртіпке келтірер болса, қоғам үшін бұдан асқан зор табыс болмас еді.
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ