Көлеңкесі қою саялы ағаштай түрлі ұлттың баласына мейірімін төгіп, пана болып отырған Төлегеновтер отбасы бүгінде облысқа танымал. Отбасы өткен жылы облыстық «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы атанған болатын. Жақында отанасы Гүлжауһар Төлегенова облыс орталығындағы Ы.Алтынсарин мемориалдық музейінде жастармен кездесті. Сабақта, жұмыста болғандықтан, отбасының балалары мен отағасы келе алмағандығынан хабардар етті.
Гүлжауһардың жастармен әңгімесі қалыпқа салғандай кездесуден гөрі, сырласу кешіне айналып кеткендей болды. Бүгінде өзінің жалғыз ұлының сыртында түрлі ұлттың сегіз баласына пана болып отырған Гүлжауһар мен Нұрланның ісі еріккеннің ермегі немесе арзан атақ алу, пайда көру секілді пысықтықтан туған жоқ. Биік адамгершілік, мейірімділік, сауапты ойлайтын адалдық Нұрлан мен Гүлжауһарды осындай қадамға алып келді. Өз ата-анасының мейіріміне жарымай, қараусыз қалған балалардың жағдайын жасау, оларды тәрбиелеу оңай шаруа емес.
– Отбасы мүшелері, әсіресе әйел-ана төзімді болғанда ғана шаңырақ шайқалмайды, босаға берік болады, отбасының берекесі ортаймайды. Қазір жастар үйленген соң көп ұзамай ажырасып жатады. Олар көбіне көзқарастарының жараспағандығын айтады. Жастар бірін-бірі өзінің көңіліндегідей етіп тәрбиелеп алғысы келеді. Үйленгенге дейін қалыптасып қалған кісіні ешкім де қайта тәрбиелей алмайды, тек онымен санасу, түсінісу және төзу керек. Тәрбие аз уақыттың жемісі емес, ол ұзақ үдеріс болуы тиіс. Мүсіншінің еңбегі секілді бірте-бірте жонғанда ғана тәрбиенің түпкі нәтижесі көрінеді, – дейді Г.Төлегенова.
Нұрлан мен Гүлжауһардың тәрбиесіндегі София, Мәдина, Дария, Алина, Люба мен Алан, Шыңғыс, Ринат – мектеп оқушылары. Өздері тұратын Қостанай ауданының Әлжан ауылындағы қазақ метебінде оқиды. Сабақтың сыртында балалардың сүйікті ісі бар. Бірі спортпен айналысады, екіншісі сурет салады. Үйдің шаруасынан да сырт қалмайды. Гүлжауһар жастармен әңгімесінде қай ұлттың болсын халықтық педагогикасын жоғары қоятынын айтты.
– Мен бір үйдегі тоғыз баланың бірімін. Бала кезімізде әкеміз ылғи жұмыста болатын. Анамыз балаларына әкесін таудай етіп көрсетті, сыртынан мақтап, «әкелерің келе жатыр, үйді сыпырып қойыңдар, шәйі дайын болсын» деп отыратын. Әкеміздің сөзі бізге заң болып естілетін. Анамыз қыздарын кешкі ойын-сауыққа жібермейтін, әкеміз ұнатпайтынын айтатын. Үйде әке бала үшін ұстын, идеал болуы тиіс. Әкені сыйлағанда ғана бала саналы, тәртіпті болып өседі, – деп сыр шертті Г.Төлегенова. Ол өзі де қазір балаларына отағасы Нұрланды осылай көрсете біледі екен.
– Нұрлан біздің отбасымыздың асыраушысы, көбіне жұмыста жүреді. Мен де қолымдағы қыздарды түнде қыдыруға жібермеймін, «папаларың ұнатпайды, ренжіп қалады» деген сөздерді жиі құлақтарына құйып отырамын, – дейді отанасы. Сонымен қатар, оның ағайынның татулығы туралы ойлары да жастарға өмірдегі бағыт, тағылым боларлықтай еді.
– Мен балаларды алмас бұрын екі жылдай ойланып жүрдім. Енем бұл қадамыма қалай қарайды деген ойға шырмалдым. Ол кісімен осы уақытқа дейін қатты сөзге келіп көрген емеспін. Сол кісінің қарсылығы жоқ екенін, қолдайтынын білген соң ғана Нұрлан екеуміз тәуекелге бардық, – дейді Гүлжауһар.
Жастар мен көпбалалы ананың кездесуі белгіленген уақыттан ұзаққа созылды. Әрі үлкен отбасының отанасы, бір әулеттің үлгілі келіні, педагог Г.Төлегенованың сырға бергісіз әңгімесін жастар ынтыға тыңдады, өздері де еркін сауалдар қойды. Ол кештен кейін балалардың алды сабақтан қайтатынын айтып, үйіне асығып та отырғанын айтты. Қазақ мектебінде оқитын балалардың барлығы да сабақтан келе анасын бір иіскемей тамаққа отырмайды. Қазақ тілінің нәріне сусындап келе жатқан баланың қайсысының да еркелей сөйлегені ана мейірімін еселей түскендей болады.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ