• RUB:
    5.05
  • USD:
    484.37
  • EUR:
    531.06
Басты сайтқа өту
16 Қыркүйек, 2016

Ұлттық арнаның ұтымды ұмтылысы

298 рет
көрсетілді

Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Қазақстан» телерадиокорпорациясының телевизиялық контентін жаңғырту» тақырыбында брифинг өтті. Жиында аталған корпорацияның бүгінгі тыныс-тіршілігі, алда тұрған міндеттері жан-жақты сөз болды. Брифингте «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрайымы Нұржан Мұ­ха­меджанова бірінші кезекте құ­рылымның қазіргі таңдағы қызметіне, негізгі бағытына, бү­гінге дейінгі жетіс­тіктеріне, көрсе­ті­лім­дердің сапасының артқанына тоқ­талды. Оның айтуынша, 2016-2017 жылдарға арналған телеви­зиялық жаңа маусымын «Бұл – менің Қазақстаным!» ұранымен ашқалы отырған корпорация көптеген жұмыстарды қолға алмақ. Корпорацияның бағдарламалық міндеттерінің бірі – мемлекеттің ақ­параттық саясатын тиімді жүзеге асыруға, Тәуелсіз Қазақстанның же­тіс­тік­терін, мемлекеттік бағдарла­малардың орындалу жолдарын және нәтижелерін кеңінен насихаттауға, қайырымдылық шараларға қолдау білдіруге бағытталған, деді төрайым. Ол жаңа маусымда «Қазақстан» телеарнасы өз көрермендеріне жа­ңа жобалар мен телесериалдар ұсынатынын, халықтың көңі­лінен шыққан, рейтингі жоға­ры бағдарламалардың жаңа шыға­рылымдарын тамашалауға мүмкін­дік болатынын жеткізді. Көпші­ліктің көңілінен шыққан «Айту­ға оңай...», «Дара жол», «Әйел ба­қыты», «Түн­гі студия», «Таң­шолпан» сынды бағдарламалар жа­ңа тұрпатта, жаңар­ған студия­да өз көрермендеріне қызық­ты тақырыптар ұсынбақ. Жаңа телеви­зиялық маусымда ақпараттық-сарап­тамалық бағдарламалар блогы күшейтіледі. «Сұхбат» жобасы тікелей эфирде тарайды. Бағдар­лама барысында қарапайым адам­дардың көкейіндегі өзекті мәселе­лер қозғалып, түрлі сауалдарға Үкі­мет мүшелері, билік, саясат жә­не бизнес өкілдері жауап беретін болады, деді Нұржан Жалауқызы. Сонымен бірге, Н.Мұха­мед­жанова эфирге «Қоғамдық кеңес» жобасы шыға бастағанын сөз етті. «Қоғамдық кеңес» жобасын­да спикерлер тікелей эфирде түр­лі тақырыпқа байланысты пікір алмасу мақсатында сұхбат өрбіте­ді, сондай-ақ, «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары аясында құрыл­ған қоғамдық кеңестер мүше­лерінің қатысуымен пікірталас ұйымдастырылады, деді ол. Бұған қоса, Н.Мұхамеджанова жаңа маусымда тұлғалардың түрлі оқиғалары әңгіме арқауы болатын «Ой-толғау» жобасы көпшілік назарына ұсынылатынын, оны танымал ақын Қалқаман Сарин жүргізетінін, таяу күндерде халықаралық жобалар пішімінде көрерменге жол тартатын «Қазақстан» телеарнасының тұңғыш өнімі – «Мұзарт LIVE» мега жобасы эфирге шығатынын сөз етті. Брифингте аталып өткендей, аталған корпорация еліміздің теле­ви­зиялық нарығындағы сериалдар өндірісінің көшбасшысы болып отыр. Қазіргі таңда құрылым кі­тапханасында 62 сериал сақта­лу­да екен. Сонымен бірге, корпорация 100 сериялы «Айман-Шолпан» драмасын көрсете бастады. Бұл сериалдың негізгі желісі отбасы институтын нығайту идеясы төңірегінде өрбиді. Жиын барысында басқарма төр­айымы құрылымның халық­аралық ынтымақтастықты күшейтуге жіті көңіл бөліп отырғанына назар аударды. «Қазақстан» телерадиокорпорациясы контентін жаңғырту аясында халықаралық ынтымақтастықты да­мытты және отандық контентті ілге­рілету мақсатында белсенді жұмыстар жүргізуде. Атап өтетін болсақ, «Сыр­ғалым», «Қасым», «Жамбыл» және басқа да көркем сериалдардың лицензиялық құқығын бізбен қатар, таяу және шетелдер иеленіп отыр. Бұл корпорацияға өз контентін қаржыландыру жөнінде жүйелі түрде жұмыстар жүргізуге мүмкіндік береді. 2015 жылы корпорация өз құқықтарын жүзеге асырудан 5 миллион теңге табыс түсірсе, осы жылдың 8 айында бұл көрсеткіш 38 миллион теңгеге жетті. Өткен аптада «Қазақстан» РТРК» АҚ тапсырысымен түсірілген «Әке» сериалының бас кейіпкері Оңтүстік Кореяда өткен «Сеул Интернейшнл Драма Эвордс-2016» халықаралық кинофестивалінде «Жылдың үздік актері» деп танылды. Осылайша, корпорациямыз шетелдік нарықтағы қазақстандық киноөндірістің орнын нығайта отырып, өз үлесін қосуда, – деді Н. Мұхамеджанова. Одан әрі спикер корпорация құ­ра­мындағы Қазақ радиосы мен «Kazsport», «Балапан» телеарналарының жетіс­тіктерін, алдағы жоспарларын атап өтті. Сонымен қатар, таяуда «Егемен Қа­зақстан» газеті мен «Қазақстан» теле­радиокорпорациясы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморан­дум бекітілгенін мәлімдеді. Бұл ме­мо­рандум отандық ақпарат кеңіс­тігінде сапалы өнімдер ұсынуға және шы­ғармашылық үдерістерде өзара қол­дау көрсетуге жол ашады, деді ол. Нұржан Жалауқызы Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Қазақ­стан» телеарнасының толықтай қазақ тілінде хабар таратқа­нына биыл 5 жыл толып отыр­ғанын айта келіп, 2011 жылдың қыркүйек айынан бері «Қазақ­стан» телеарнасының аудито­риялық көрсеткіштері жағым­ды өзгерістерге толы болғаны­на тоқталды. 2011 жылдың қыркүйе­гінде телеарнаның 100 мың+ ауди­ториясындағы орта тәу­ліктік үлес 4,5 пайызды, ал 2016 жыл­дың 8 айы ішіндегі телеарнаның осы сияқты аудиториялық үлесі 8,5 пайызды құрады. Бұл үлестің 89 пайызға өскенін көрсетеді, деді басқарма төрайымы. Брифинг барысында «Қазақ­стан» РТРК» АҚ тапсырысымен түсі­ріл­ген «Әке» сериалының бас кейіп­керін сомдаған, Оңтүстік Корея­да өткен «Сеул Интернешнл Драма Эвордс-2016» халықаралық кинофес­тивалінде осы еңбегі үшін «Жылдың үздік актері» атағы берілген Азат Сейтметов пен сериал авторы және режиссері Асқар Ұзабаев сөз сөйлеп, өздеріне қолдау білдірген тараптарға алғыстарын жеткізді. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан»