Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық барысын инспекциялау үшін келген Халықаралық көрмелер бюросының бас хатшысы Висенте Лоссерталеспен кездесті.
Кездесу барысында Е.Ыдырысов көрмеге халықаралық қатысушыларды тарту бойынша жұмыстың нәтижелері туралы айтты. Бүгінде 103 мемлекет пен 17 халықаралық ұйым ЭКСПО-2017 көрмесіне өздерінің қатысатындарын растады, ұлттық секциялардың 92 комиссары тағайындалды, шет елдермен 71 қатысу шарттарына қол қойылды, деді Е.Ыдырысов.
Тараптар көрмеге қатысушы елдердің ұлттық күндерін өткізуге дайындық шеңберінде жүргізілген табысты жұмысты атап өтті. Қазіргі таңда осындай іс-шараларды ұйымдастыруға 61 өтінім келіп түскен.
Е.Ыдырысов ЭКСПО-2017 көрмесінің шетелдік қонақтары үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында Қазақстан шет елдермен визасыз режім қалыптастыру жұмысын жандандыруда екенін атап өтті. Қазіргі таңда Қазақстанға 20 дамыған елдің азаматтары визасыз келе алады, ал 2017 жылдың басынан бастап Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше барлық мемлекеттердің, сондай-ақ Малайзия, Монако, Біріккен Араб Әмірліктері мен Сингапур азаматтары үшін (30 күнге дейін) визасыз режім күшіне енеді, деді Сыртқы істер министрі.
ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысушы елдерді тарту бойынша жұмыс барысын жоғары бағалай келе, В.Лоссерталес Қазақстан Үкіметі мен Халықаралық көрмелер бюросының арасында қол қойылған жеңілдіктер мен артықшылықтар туралы келісімнің аса маңызды екенін атап атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесін сәтті өткізу мақсатында тығыз байланыстарды жалғастыруға уағдаласты.
«Егемен-ақпарат»