Алдағы жылы Алматы қаласында басталатын XXVIII Қысқы Универсиаданың дүбірі жақындап қалды. Ал студенттердің спорттық жарыстары өтетін нысандардағы әзірлік жұмыстарының дер кезінде аяқталуы жіті назарда тұр.
Алматыда Қысқы Универсиаданың дайындығын пысықтауға арналған басқосу өтіп, оған халықаралық студенттік спорт федерациясының президенті Олег Матыцин бастаған делегация арнайы келді. Жиында Қысқы Универсиадаға қатысуға өтінім берген елдердің өкілдері Алматы қаласының әкімі, XXVIII Қысқы Универсиаданы ұйымдастыру жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Бауыржан Байбектің есебін тыңдап, атқарылған жұмыстарға баға берді.
Қала әкімі хабардар еткендей, қазірдің өзінде пайдалануға берілетін жаңа ғимараттар мен күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан орындардағы жұмыстар аяқталуға жақын. Нысандар белгіленген мерзімнен 2 айдай уақыт бұрын тапсырылмақшы екен.
– Универсиаданың алауы тұтанатын сәтке санаулы ғана уақыт қалды. Бұл жарыс Алматының ғана емес, тұтас Қазақстанның абыройын асқақтататын дода. Сондықтан да, жарыс өтетін нысандардың дайындығы мен шараның мінсіз ұйымдастырылуына барымызды салып кірісіп жатырмыз. Қазірге дейін негізгі нысандардың құрылысы аяқталып, қолданысқа беруге дайын. Қаламызға спортшылармен қатар, жарысты тамашалауға мыңдаған, жүздеген турист келмекші. Біз, әсіресе, алыс-жақыннан келетін қонақтардың жеңісті сәттерге куә болуымен қатар, Қазақ елінің қонақжайлылығын сезініп, риза болып қайтуы үшін барлық жағдайды жасауға тиіспіз. Және бұл дода еліміздің Тәуелсіздігіне 25 жыл толуы және Алматының 1000 жылдығы сияқты айтулы мерекелердің жаңғырығы іспетті, жалпақ жұртқа Қазақстанның спорттық ел екенін тағы да бір жария етеді деп сенеміз, – деді Бауыржан Байбек.
Алматыға арнайы келген халықаралық студенттік спорт федерациясының өкілдері үш күн бойына қаладағы нысандарды аралап, ғимараттардың Универсиада өткізу талаптарына сәйкестігіне көз жеткізетін болады.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»