• RUB:
    5.63
  • USD:
    477.15
  • EUR:
    522.43
Басты сайтқа өту
23 Ақпан, 2011

Тағылым мен аманат

875 рет
көрсетілді

Адамның ғұмырында, Абай айтқандай, өзіңе-өзің есеп беретін нысаналы тұстар болады. «Ар ұялар іс қылмас адам зерек» дегенді еске алып, «жү­регіңе үңіліп», жан қыртысын ашуға ұмтыл­а­сың. Сонда кей ісіңе сүйініп, кей қылығыңа күй­і­ніп, өткен өмірдің көбіне өкініп, азына қанағат тұтатының бар. Мүшел жылдың табалдырығын аттап, қырық жыл бойы сананы сарғайтқан «Ұра­ным – Алаш!..» атты үш томдықтың соңғы нүктесі қойылған соң, өзімді ұзақ бәйгеден кейін бойын суытқан жүйріктей сезіндім. Сонда барып: осы бір аңсарлы да азапты, бодандық пен бостандықтың басыбайлы да тәуелсіз сезімдері жүйкені жүйке­лей өрген жолға қашан, қалай және кімдердің ық­палымен түсіп кеттім, қаламгерлік мақсатпен іздеп тапқан тақырыбым ба, жоқ, кездейсоқ қызы­ғудан туды ма, әлде тумысыма біткен заңдылық бар ма деген сауалдарға жауап іздедім. Қазіргі жеткен жерімді межелесем, өмірдің өзге олжасын білмеймін, әйтеуір ұстаздан жолым болыпты. Со­лар­дың рухани демеуі мен үнсіз қақпайы арқылы қазіргі таңдаған мақсат соқпағына түсіп, тағы­лымын алып, аманатын арқалап өмір сүріппін. Көркем сөздің дәмін тұщытып, он үш жасымда санама ой салған мектептегі ұстазым Жәңгір Исай­ынқызынан бастап, «біздің сүйікті де сүйкімді профессорымыз» Хайыржан Бекхожинге және өмір ұстаздарына тікелей қарыздар екенмін. Сондай адал да аяулы жандар болмаса, қаншама та­ланттың көзі ашылмай, жолынан жаңылып қалар еді. Қалайда олар туралы ойланып барып, қолға қалам аламын. Деп жүргенде кітап сөресінен ғалым Ғалия Майкөтованың «Хайыржан Бекхожин – журналист, публицист» деген кітабы кездейсоқ көзіме түсіп, парақтап қалғанымда ... үстіме суық су құй­ып жібергендей болды. Сөйтсем, қазақ журна­лис­ти­касының «ақ бас бурасы», журналистика кафе­дра­сының тұңғыш меңгерушісі, журналистика фа­культетінің тұңғыш деканы, журналистика сала­сы­нан қорғаған алғашқы ғылым кандидаты, тұң­ғыш ғылым докторы, тұңғыш профессор, өрімдей өріп жүрген қаламгерлердің ұстаздарының ұстаз­да­рының ұстазы (иә, қазір ол тәрбиелеген төр­тін­ші толқын қалам қызметінде, мысалы: Бекхожин­нің шәкірттері – Т.Амандосов, Т.Қожакеев, Ә.Ыдырысов, С.Байжанов, олардың шәкірті – Р.Нұрғали, А.Сейдімбек, Ә.Мархабаев, Қ.Сұлтанов, олардың шәкірттері – А.Сәдуақасов, Т.Жұртбай, Ж.Кенжалин, Е.Байжанов, олардың балалары – бүгінгі журналистер – Абай, Дастан, Сұңқар) Хай­ыржан Нұрғожаұлы Бекхожиннің туғанына өткен жылдың желтоқсан айының аяғында 100 (жүз!) жыл толыпты! Бәлкім, қарбалас күндердің қар­саңы болғандықтан ба, шәкірттерінің шәкірттері сол күнді бейғам өткізіп алыпты. (Өкінішке орай, ғылым докторларының да осылай шамалап сөйлей салуы салтқа еніп барады. Шындығында, «Егемен Қазақстандағы» шәкірттері өз ұстазының ғасыр­лық тойын ұмыт қалдырған жоқ. Әбілфайыз Ыды­ры­совтың Х.Бекхожин туралы мақаласы ғалым­ның 100 жылды­ғы қарсаңында «Егемен Қазақстанда»  2010 жылығы 10 желтоқсанда жарияланған – ред.) Ұстаздың ама­натын арқалаған бір шәкірті ретінде, қолыма асығыстау қалам алып, мыңның ұстазы болған бір тұлғаны, ұмытылмайтын есімді еске сала кеткім келді және сол ұстаздың: «Қазір үндеме. Күндері туады. Сонда дайын бол», деген өсиетті қатаң ама­натын құпиялау күйде орындаумен жүр­генде, оның өзінің бейнесін қалтарыста қалдырып алға­ныма өкінемін. Сондық­тан да, Әлихан Бөкей­ха­нов пен Ахмет Байтұр­сыновтың тағылымын көріп, аманатын тәуелсіз күнге жеткізген «біздің сүйікті ақ бас бурамыздың» (Несіпбек қойған ерке есім) аруа­ғы алдына кішірейе отырып, жалпы, қиын заман, қилы кезеңге қарамастан Алаш идеясын бойында ұстап, құпия түрде ұрпақтарға жеткізген профессор Хай­ыржан Бекхожиннің алдына мені жетектеп әкелген ұстаздардың аманаты туралы пікірді алаш идеясы және дәстүрлі тағылым жал­ғастығы төңі­ре­гіндегі нақты естелікке ұйытқанды жөн көрдім. ­Мектепті бітірген жылы сол Алаштың кесірінен оқ­у­ға түсе алмай (ол өзі дербес әңгіме), келер жылы ҚазМҰУ-дың журналистика факультетінің табал­ды­рығын аттадым. Сол жылы, яғни алдың­ғы 1968 жылы қабылдау емтиханы кезінде пара алған бір топ оқытушы сотталған екен. Тамыр-таныс­тық­тың тамыры кесіліп тұрған сәтте біз секілді тұрмысы жүдеу отбасылардан шыққан Жүр­сін Ерманов, Несіпбек Айтов, Жанболат Аупбаев, Ай­туған Шәйімов, Нұрқасым Әмірғалиев, Құр­ман­­ғазы Бексайынов, Есен Сафуанов, Асқар Егеубаев, Төлеген Берішбаев, Намазалы Омашев, Қо­сылған Әбжанов сияқты көгенкөздер оқуға түсті. Әуелі ақын болғым келді (алғашқы екі кітабым да өлеңдер жинағы). Бірақ менің бетімді ұстаздарым сол кездің өзінде басқа жаққа бұрып жіберіпті. Университетте курстың тең жартысы «тари­хымызды білгіміз келеді» деп шет тілі пәні ретінде араб тілін оқыды. Айтуған Шәйімов, Мұратқан Қаниев, Құрманғазы Бексайынов, Дәуітәлі Стамбеков, Жүрсін Ерманов, Нұрқасым Әмірғалиев, Несіпбек Айтов, Жанболат Аупбаев қатарлы курс­тастар Ұлттық кітапхананың сирек қорлар бөлі­мінде «Айқап» пен «Қазақ», «Сарыарқа», «Алаш», «Ақ жол», «Қазақ тілі», «Сана», «Әйел теңдігі», «Құс жолы» басылымдары мен сол жылдары шық­қан сирек кітаптарды алдырып оқитынбыз. Кейін бұлардың біразы сырт тартып кетті. Тек Құр­манғазы ғана «Ақ жол» газетіндегі публицистика» деген тақырыпта дипломдық жұмыс қорғады. Ал біздің ынтамыз үдей түсті. Ұстазымыз Рым­ға­ли Нұрғалиев С.Бегалиннің, С.Машақов­тың, Ж.Еле­­бековтің үйіндегі М.Дулатовтың «Оян, қа­зақ!», Ж.Аймауытовтың «Жан жүйесі», Мағжан­ның «Өл­ең­дері» сияқты кітаптарды алып келіп, үйінен шы­ғармай оқытты. Қазақ баспасөзінің та­ри­хынан бізге қазақ журналистикасының «ақ бас бурасы», кафедра меңгерушісі, профессор Хайыр­жан Бекхожин дәріс берді. Мінезі жұмсақ, аяғын баппен басатын, тамағы бүлкілдеп барып дауысы шығатын, көзіл­дірігі көзінен түспейтін, қарапай­ым, нағыз профес­сор­дың өзі. Кітапхананың сирек қорын жағалап жүргендіктен бе, бізді іш тартатын сияқты көріне­тін. Туған бауыры Қалижан Бек­хожиннің «Жеті дастан» атты жинағындағы соңғы сөзінде ерекше ілтипатпен атап, жасынан оқу қуған ағасын мақтай еске алатын тұсын мал­данып, өзімізше жас ақ­ын­сынып, жұқалап қана ер­ке­леп қоятынбыз. Жылдың аяғында, менің «Ай­қап» журналындағы публицистика» атты курстық жұмысымды өзіме айтпастан студенттердің рес­пуб­ликалық олимпиадасына ұсы­нып, орын алып беріпті. Марапатынан гөрі он сом сыйақысына курстың жартысын түстендіргендегі алған абы­ройым әлі естен кетпейді. Сөйтсек, аяулы ұстазымыз бізге «ен салып» жүр екен. Күзде, дәлірек айтсам қазан айының ор­тасында шақырып алып: «Әй, бала, сен айтқанды тыңдайсың ба? Өзің маған шәкірт болғың келе ме? Өлеңді Сырбай мен Қалижан да жазады», деді. «О, не дегеніңіз», деймін. «Мен саған бір сыр айтамын. Келіссең де, келіспесең де тісіңнен шығармайсың. Мен ұзақ жылдар бойы өзіме сенімді шәкірт іздеп жүр едім. Уақыт келіп қалды, көзім саған түсіп тұр. Менің айтқанымды істейсің бе?». «Істеймін», – дедім. «Онда үш шартым бар: бірінші – осы айтылған сөз осы жерде қалады, екінші – тура менің айтқан тап­сырмамды ғана орындайсың, үшінші – одан ал­ған біліміңді, оның нәтижесін қашан сол мәселе анықталғанша ешкімге, ешқашанда білдір­мей­сің»,– деді. Уәде бердім. «Жоқ, дұрыстап ойлан. Алашты білесің ғой? Сол туралы»,– деді. «Әри­не, білемін». «Менің саған тапсырмам мынау. Мен ғана емес, бүкіл қазақ қарыздар Ахаң – Ахмет, Жахаң – Міржақып, Әлихан секілді аяулы азаматтар менің ұстаздарым болған еді. Солар­дың парызын өтейін деп әр жылдары екі шәкірт дайындап едім. Біреуінен ештеңе шықпады. Ек­ін­шісі ауылға кетіп қалды сөйт­сек ол қазіргі белгілі дер­ек­та­нушы профессор Зар­қын Тай­шыбай ағамыз екен). Енді саған таңдауым түсіп тұр. Мен саған олардың еңбек­те­рімен қайдан, қалай танысудың жолын көрсе­темін. Күндердің бір күнінде ол кісілердің де заманы туады, сол шақта сен дайын болуың керек. Оқып болғаннан кейін өзіме емтихан тапсырасың»,– деді. Өрек­піген жүрегімізді басып үлгергенше деканымыз Тауман Амандосовтың алдына алып барды: «Тауман, мына баланы білесің бе?», «Білеміз. Тура айтыңызшы, бұл Жұртбаевқа не керек өзі. Жа­тақхана жоқ», «Әй, білесің бе дедім ғой, – деп қолындағы таяғын көтере берді. – Бұл енді менің шәкіртім болады», «Сол ма. Ойбай, болды. Ей, Жұртбаев, енді қайда кетсең онда кет. Қыздар, мына Жұртбаевта жұмыстарың болма­сын. Болды, Хайреке, болды, таяғыңызды түсі­ріңіз­ші», деді жарқылдай күліп. Содан кейін келесі есікке кірді. Орындықта отырған әйгілі Темірбек Қожакеев ыңырана қозғала беріп еді, Хайрекең: «Ей, Темірбек! Мына баланы білесің бе?» – деді. «Білсек қайтеді екен, студенттерді өздеріңіз профессор басыңызбен сүйреп жүріп жаман үй­ретесіз. Содан кейін оқу оңа ма?» «Білесің бе?» – тағы да таяғын көтеріп Темкеңнің үстелінің үстіне жақындата берді, – «Қойдық, ойбай, Хайреке. Сіз қалжыңдап тұр ма десем? Не керек, ей, өзің айтсаңшы», «Бұл – бүгіннен бастап менің шәкіртім. Жұмысың болмасын», «А, солай ма? Сонда сабақ беруге қақымыз бар ма, жоқ па?». «Жұмысың болма­сын». «Болды, болды. Әй, Жұрт­баев, көзіме кө­рінбе, сен үшін сабаққа профессор Бекхожин қатысып, профессор Бекхожин емтихан тапсы­ратын болды ғой. Айтқаныңыз болсын, Хайреке»,– деп шығарып салды. Енді бұ­рыла бергенімде таяғымен арқамды нұқып, ал­дыма түс дегендей белгі берді. Желкелегендей бо­лып универ­ситеттің сол кездегі ректоры Өмір­бек Жолдасбековке алып барды. Хатшы қыз хабарлап үл­гергенше Өмкеңнің өзі қарсы шығып, қауқыл­даса қарсы алып, жөн сұраса кетті. Состиып мен тұрмын. Бір кезде Хайрекең: «Өмір­бек! Мынау әнеу күні саған айтқан бала...» – дегенше болған жоқ, ректор хатшы қызын шақырып, табан астында Ұлттық кітапхананың сирек қорына ілеспе хат жаздырып, қолын қойып берді. Шыққан соң таяғымен санын қақты. Қа­сымда жүр дегені. Темір қақпанға түскенімді сон­да бір-ақ білдім. Университеттен шығып, Күләш­тің көшесін өрлеп, сылбыр жүрісті ұста­зымнан не озып кете алмай, не қашып кете алмай, сағат жүріп Абай даңғылындағы Ұлттық кі­тапханаға жеттік-ау. Жаңа ғимараттың дәлізінде ақ алмастай өткір, сөзі өктем, шешен де еркін сөйлейтін етжеңді бір әйел қарсы алды. Екеуі кездескен беттен «Үй, ақбас!», Әй, келіншек!» деген сы­қылды тосаңдау сөздерді емін-еркін қолдана сөй­лесті. Мені ұмы­тып кеткен сияқты. Хайре­кеңнің, биязы ұста­зым­ның мұндай қал­жыға шеберлігін кім білген. Таңданып, қысылып, оңаша­лау барып тұрдым. Бір кезде таяқ көтерілді. Қасына жетіп бардым. «Мынау әлгі мен айтқан бала...» – дей бергенде: «Үй, кәрі сайтан, баға­надан бері неге айтпайсың. Тосып қалды ғой. Бәсе, ресторанға шақырғалы келді ме десем. Сендей сараңнан не шығады дей­сің. Балам, сен анау есіктен басыңды қылтитып көр­се­тесің де, сирек қорға барып отырасың. Мен керек кітаптарды өзім апарып беремін, өзім алып кетемін. Бара бер», – деді. Сөйтіп, сирек қорда емес, арнайы құпия қорда істейтін Сәуле Мұса­тайқызы Ақынжанова апаймен «ақ бас бура» мені осылай таныстырды. Сәуле апай – қазақтың ал­ғашқы этнограф-ғалымы, Хай­рекеңнің құрдасы, марқұм Едіге Масановтың жары, ежелден әзіл-қалжыңы жарасқан жандар екен, ғалым Нұр­болат Маса­новтың анасы. Сөйт­сем, алдын-ала ректормен де, апаймен де келісіп қойып, архивте еркін отыр­сын деп Таукең мен Темкеңнен бос­тан­дық алып беріп, өзінше мені еркінсіткені екен. Сөйтіп, архивте алаш азаматтарының деректерін іздестіріп, көшірме жасап, көп күндерді өткіздік. Апайдың арқасында кітапханада сақ­тал­ған деректердің негізімен танысып шықтым. Тоғыз айдан кейін Сәуле апай: «Ал, балам! Мендегі материалдар осымен бітті. Ана ақбасқа сәлем айт, рахметін дұрыстап айтсын», – деді күліп. Оқығандарымды тағы бір апта қайталап алып Хайрекеңе осы сәлемді жеткіздім. Опера театрының Күләш атындағы көше жағындағы кафеге ертіп барып, ұстазымның өзі емтихан алып: «Енді мұны ұмытып, есіңнен шығар. Олардың за­маны келеді. Біз көрерміз, көрмеспіз, бірақ сол кезде сен дайын бол»,– деп, өзі мұз салынған шампан ішіп, маған лимонад пен балмұздақ әперіп отырып батасын беріп еді жарықтық. Кітапханада өткізген сол күндерім өмірдегі үлкен олжамның бірі болды. Содан, жиған білім бойға сыймай, уәдені ұмы­тып, Жазушылар одағындағы Мұхтар Мағауинге барып, алаштанудан дәріс оқығым кеп кеткені. Тың­дап болып, бар болғаны: «Жалпы бағытың дұ­рыс екен» дегенде қоңылтақсып-ақ қалдым. Со­ны білгендей алаштың арғы тегінен бастап өзіне тән мақ­та­нышпен ытырыла жөнелгенде, шаң қау­ып қал­дым. Бұл білгенім кіріспе емес, жай ғана бағыт алу екенін түсіндім. Енді түбегейлеп отыр­масам да, ап­тасына бір-екі рет кітапхананың сирек қо­рына бас сұғып тұрдым. Көңілім – ғылымда емес, өлеңде еді. Жылжып соңғы курс та келді. Хайрекеңмен сәлем дұрыс, ішкі ұғыныс бар. Таукең мен Тем­кеңнің менде «жұмысы» жоқ. Диплом жетекшімнің берген тәліміне сай болсын, көңілінен шықсын деп, тақырыпты қиындатып алдым. Содан диплом қорғауға он күн қалғанда кафедраға бардым. Хай­рекең жалғыз отыр екен. Сәлемді алды. Ешнәрсе қаперінде жоқ. Мен болсам диплом жұмысын жазып бітіріп, Несіпбектің жұбайы Манатқа ма­шин­каға бастыруға беріп қойғамын. Жетекші оқып, пікір жазып, қол қоюы керек қой енді. Сәл қит­ы­ғыңқырап: «Түк сұрамайсыз ба? Кетемін онда», – дедім. Басын көтеріп алды: «А, дипломды не істеп жатырсың?». «Жазып, тасқа бастыруға беріп қойдым». «Жетекшің кім?» Ал керек болса! «Тарих ғылымдарының докторы, қазақ журналистикасы тарихы кафедрасының меңгерушісі, профессор Хайыржан Нұрғожаұлы Бекхожин». «А, солай ма? Дұрыс екен. Тақырыбың қандай еді?», деп аңырып қалды, «Қазақ» газетіндегі публицистика», «Не, не, не дейсің?» – деп иегі кемсеңдеп, жанары жарқыл­дай от шашып, қолын таяғына апара бергенде, зытып бердім. Есікті жауып үлгергенімде сарт ете қалған таяқтың үні мен «Подлец – сатқын!» – деген сөз қоса жетті. Соңғы сөз жаныма қатты батты. Расында да, тақырыпты жетекшінің өзімен неге келіспегенмін, оның үстіне «ешкімге тіс жармаймын» деген уағданы бұзып тұрмын. Қорғауға он-ақ күн қалды. Енді не істеймін деген оймен есіктің жақ­тауына ілінулі тұрған хабарландыруға көзім түсті. Күзде берілген диплом тақырыптары. Қолым: «Сырбай Мәуленов – публицист» деген жазудың үстінде тұр екен. Еш белгі жоқ. Дипломсыз қалатын емес. Есікті ақырын аштым да жапсарынан: «Кешіріңіз, тақырыбым – «Сырбай Мәуленов публицист» екен», – дедім. «А, бәсе, сол дұрыс. Кел. Сен енді бітіргелі тұрған жас мамансың. Арандап қаласың. Алаш тақырыбы әлі ашылған жоқ. Берген сөзде тұру керек. Ананың есебіне бір іліксең, өмірі құтылмайсың. Осы тақырыбың дұрыс. Сыр­бай мен Қалижанды білесің ғой. Екеуі де ақын. Ал ақындар ақымақ келеді. Екеуі де ақымақ. Сен Сырбайға бар да, кітабын алып, бірдеңе деп жаза сал. Өзім көмектесемін», деді. Сырбай – классик ақын, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы. Қалижан – арыстан ақын. Осымен екінші рет қайталап отыр. Бір сыры бар шығар деген оймен Сырағаңның қабылдауына кірдім. Жардай боп төрде отыр. Бүрік саусақтарымен бетін тыр-тыр қасығанда дыр-дыр еткен дыбыс шығады. «Сөйле, бала!», деді. Диплом жұмысым сіз туралы. Публицистиканы қалай жазасыз, деректі қалай жинайсыз, оны қалай іріктейсіз, шығар­машылық шеберханаңыз қалай деген сияқты дәрістік сұрақтарды қойып жатырмын. Тыңдап отырды да: «Бала! Менде ешқандай шеберхана деген жоқ. Менің үйімде жеті қасқыр бар. Жетеуінің де ауызы арандай. Соларды асырау үшін таңертең сағат тоғызда қызметке келемін. Алдымен асты­дағы «Қаламгердегі» Рымкештің қолынан мына­дай қырлы стақанға толтырып коньякты тартып аламын да, соның қызуымен мына есік алдындағы екінші Рымкеш апайыңа келіп, құдайдың ауызыма салған сөзін айтып, бес бет толтырамын. Ол екі жүз елу жол мақала, отыз бес сом ақша болады. Мына саусақты көрдің бе, иілуге келмейді, сонымен былай бір сызып, шекесіне қол қойып, баспаханаға жіберемін. Міне, менің журналис­ти­калық мектебім осы. Ал жинақтарды мен қатарға қоспаймын. Өлеңдерім де шашылып қала береді. Атың таныс. Өлең жазасың ба? Алып кел, газетке басып берейін. Айтпақшы, жетекшің кім?». «Профессор Хайыржан Бекхожин». «А, ой, бала, ба­ғанадан соны айтпайсың ба. Болды, болды, ендігі ақ­ылды сол кісіден сұра. Болды. Болды», – деп қол­тығымнан ұстап, есіктен шығарып-ақ жібергені. Қап, енді қайттім. Әлгі, ақымақ, ақымақ деп қайталап айтқаны шын болды. Екеуімен де арасы дұрыс емес екен-ау. Ендеше, басқа тақырып неге бермеді. Әй, өзіне барып айтпасам болмас. Кафе­дра­ға ширақ басып кірдім: «Өзіңіз жек көрген адамға неге жібересіз? Сіздің атыңызды айтып едім, кабинетінен қуып шықты», «Қалай?». «Осы­лай». «Айттым ғой саған, ақындар ақымақ келеді деп. Ештеңе етпейді. Кітапханаға барып қарай сал» деп тұрғанда есік тасыр-тұсыр ашылды. Көйлегінің бір жағасы костюмнің ішінде, екінші жағасы сыртында, екі қолтығында майы сыртына шыққан сар қорап қағаз: «Ой, арысым-оу, арда­ғым-оу! Алашымның көзі! Алашым-оу, ардағым-оу! Бізді де адамның қатарына қосатын кезіңіз бо­лады екен-ау. Жаңа бір бала келіп, сіздің атыңызды атағанда зәрем ұшып кетті ғой. Қане, мынаны тездетіп жіберейік. Сыртта кө­лік күтіп тұр. Ә, жаңағы осы бала ғой деймін», – деп Сырағаң күңірене кіріп келіп Хайрекеңді бас салды. Содан соң қорапты асығыс ашып өзі коньякты құя бастады, шампанды маған ұстатты. Төрт-бес бә­ліш­тің майы шығып қағаздың үстінде домалап жатыр. Рахаттанып Хайрекең отыр. Ой, Алла! Бір адамды екінші адам дәл осылай қадір тұта алады екен-ау! Ардағым, алашымның көзі деп еркін айтады. Тебіреніп кеттім. Демек, Қали­жан­мен дос болғаны, еркелегені шығар. Маған да бір құйып ұсына беріп еді, Хайрекең «пыс» дегендей болды: «Болды, болды, сіз айтсаңыз болды. Ой, арысым-оу, ардағым-оу! Ала­шымның көзі!» – деп солқылдата жөнеліп, енді қағысып жатқанда мен ығысып кеттім. Сол ша­мырқанумен бірден кітап­ханаға тартып, жеті күннің ішінде дипломды қо­лына табыс еттім. Өзінің хатшысына тасқа ба­с­тырып, Мұзафар Әлімбаевты (ол кісі де бас редактор) рецензент етіп бекітіп, оны өзі жаздыртып алып, қорғауға қатыстырып, сыба­ғамызды түгендеп берді. Міне, бұл тағылым ба – тағылым, аманат па – аманат. Кісі сыйлай білудің үлгісі ме – үлгісі. Ұстаздық қамқорлық па – қам­қорлық. Алаш зиялыларының бекзатты тәрбиесінің тәлімін бойына қапысыз сіңірген қайран ұстаз! Сөйтсем бұл мінез Нұрғожа әулетінің ата қа­сиеті екен. Сол мінезді қазақ поэзиясының арыс­таны Қалижан ағадан көргенде, шын бекзат­ты­лыққа анық көзім жетті. Қайырымды ұстаз өмір­ден өтіп, жыл уағы келген тұста, «Жұлдыздың» тапсырмасымен қазақ дастандары туралы сұхбат алуға Қалижан ағамыздың үйіне бардым. Сол күнгі көрген оқиға мен естіген сыр дербес бір хикаят. Содан оңаша жұмыс бөлмесіне келгесін, сөз арасында әңгіменің еркін өрбуі үшін Хайрекеңнің шәкірті екенімді айтып қалдым. Қалекең оры­нынан атып тұрды. Көзінен жасы ыршып кетті. Сағынып жүр екен. Содан соң жоғарыдағы Алаш тақырыбын, диплом хикаясын айтып бергенімде, арыстан ақын өксіп жіберді. Дереу жеңешемізді шақырып, қайтара тамақ салдырды. Сол әңгіме үш күнге созылды. Сырағаңның «Алашымның көзі» дейтін себебі, ол кісінің үйіндегі жеңгеміз Ахаң­ның – Ахмет Байтұрсыновтың немере қарындасы екен және соғыстан жараланып келген ақын Қостанайда Хайрекеңнің қол астында қызмет істепті, талай қиындыққа кезіккенде қамқор аға болыпты. Шынында да, Алашымның көзі дейтін де, ардағым дейтін де жөні бар екен, Сырағаңның. Қалекең – Қалижан Бекхожин ағамыз шығарып салып тұрып: «Сен бүгіннен бастап маған сәлем берме. Мен енді саған өзім сәлем беріп тұрайын. Өйткені сен Хайрекемнің көзісің. Сөйтіп, сағы­ны­шымды басайын», деді. Арыстанның уәжіне кім қарсы тұра алсын, «құп» дедім. Өйткені мұны ар­ыстан мінезді, бала жанды таза ақынның қал­жыңына баладым. Содан бір күні Қалағаң Жазу­шылар одағына келе қалды. Мен жылдамдата жетіп барып едім: «Кет» – деді. Тағы ұмтылып ем, тағы да «Кет» – деді. Өңі жылы, өзі күліп тұр, сөзі анау. Еріксіз үшінші қабаттағы бөлмеме бардым. Біраздан соң тырпылдаған аяқ пен тықылдаған таяқ дауысы естілді. Ішім қылп ете қалды. Қалекең. Атып тұрдым. Қолын кеудесіне апарып: «Асса­лау­мағалейкум!» – деп сәлем берді. Сонда баяғы сөзі есіме түсіп, мен де: «Уағалейкум­асса­лам, алаштың арыстаны»,– дедім. Соңғы сөзден секем алды да: «Саған қарсы шықпаймын. Ал мен парызымнан құтылдым, Қайрекеңнің құрметі үшін сәлем бердім, маған беретін сәлеміңді енді бер. Жаңағы «Кет» дегеніме кешір. Үйден шыққанда Хайрекемді ойлап шыққамын. Аға деген өте қадірлі тұлға. Оның қадірін Баукең жақсы білуші еді. Екеуміз қатты дос болып, біраз думанды күнді бірге өт­кіз­дік. Екеуміздің де мінезіміздің оңып тұрғаны ша­ма­лы. Бір жолы түнде ұрсысып қалдық та, екеуміз екі жаққа кеттік. Таңертең ерте одаққа келдім. Ек­ін­ші қабаттағы терезенің алдына барып отыр­ған­мын. Бір уақытта Бауыржан келді. Ұзын дәлізде ары-бері жүрді де қойды. Мен – оған, ол  маған қыр көрсетіп, сәлемдесе қоймадық. Бір кезде, зады ауылдан келген-ау деймін, жастау жігіт Бауыржанға «Ассалаумағалейкум» деп сәлем берді, Баукең бір қарады да жүріп кетті, қайы­рыл­ғанда жаңағы жігіттің қасынан әдейі жанай өткенде, ол тағы да «Ассалаумағалейкум» деді қол қусырып. Іздегені сол болса керек, дауысын қатты шығара: «Сен мені танып сәлем беріп тұр­сың ба?» – деді. «Иә, иә, Бауке». «Танысаң айт­шы, мен кіммін?». «Сіз қазақтың атақты баты­ры Бауыржан Момышұлысыз». «Жоқ, сен мені білмейді екенсің. Шын білсең айтшы, мен кіммін?». «Ойбай, Бауке! Сізді кім білмейді. Сіз аты аңызға айналған...», дей бергенде: «Отставить! Білмей­сің. Мен анау терезенің алдында отырған қа­зақтың ұлы ақыны Қалижан Бек­хожиннің ағасы­мын», дегені Баукең­нің. Сол сәтте орнымнан атып тұрып, «Ассалау­ма­ғалей­кум, Бауке» деп қолымды ала жүгірдім. Міне, ағаның қадірін қалай білу керек! Марқұм Ғалекең де, Ғали Орманов та менен екі жас үлкен еді. Кешке Әлкей Марғұлан үшеу­міз серуенге шығамыз. Бір жолы Әлекең аспанға қарады да, үйіріліп келе жатқан бұлтты көріп: «Әй, Ғали! Қолшатырымды алып келші. Күн жауатын сияқты», деді. Ғалекеңнен маған қарап: «Әй, Қалижан! Жүгіріп барып Әлекеңнің қолша­тырын алып кел», деп мені жұмсады. Мен қай бір жүйрік адаммын, өзім де жетпістемін, оның үстіне Әлекеңнің үйі үшінші қабатта, асыққан боп аяғымды тарпылдата бердім. Шіркін, кіші болып, жұмсайтын адамың болғаны қандай жақсы. Сен енді елпектеме. Хайрекең – сенің ұстазың, менің – ағам, демек сенің жолың үлкен. Бұдан кейін ағаңның тілін алып тұр. Елпектеп жетіп келме», – деді. «Е, бопты» – дедім. Содан бастап Қалағаңның төбесі көрінген бетте оры­нымда қата қалатын болдым. Ол кісі тарпылдата аяғын сүйрете басып келгенше біраз уақыт өтеді. Қашан көзі жұмылғанша, сәлемін бергенше – мен төре, сәлемін берген соң – ол төре болып жүр­дік. Өткен өмірінің, әсіресе, қиянатты кезең­дердің біраз құпиясын айтып еді. Ол басқа әңгіменің өзегі. Көзін ашып көргені, аузын ашып сүйгені Мирасгүлмен менің ұлым Сұңқар бірінші класқа бірге барып, бір класта оқыды. Бұл да ағалық, інілік базыналыққа үлкен жол ашты. Бірақ соның барлығында да бірінші ол кісі сәлем беріп жүрді. Кейде қасыма жақындай бергенде алыстаңқырап тұрған сәтіміз де болды, бірақ оның айыбын сәлемін берген соң оп-оңай қайтаратын. Қайран, «ақ бас бура» – Хайрекең алпыс тоғыз жыл өмір сүріп, пәниден өтті. Ол кезде бұл қарттың жасы сияқты еді, енді қарасам, оның да желкесі бізге көрініп қалыпты. Хайрекеңнің ғылымдағы үлесін докторлық диссертациясының оппоненті, академик Әлкей Марғұланның: «Хайыржан Бекхожин бір поезд құрамасы әрең сүйрейтін газет-журналдарды ақтарып шықты. Сондықтан оның есімі бірден академиктік атқа лайық», деген бағасы толық анықтап береді. Ал одан бұрынғы «Дала уәлаяты газеті» туралы зерттеуі, жанама атпен жазылған мақалалардың аттарын тауып, олардың ғылыми өмірбаяндарын жасаудың өзі де үлкен қияметті жұмыс еді. Кандидаттық диссертациясының оппоненті Е.Бекмаханов жоғары бағалаған сол еңбегі үшін қырқыншы-елуінші жылдары ұлт­шыл атанып, Б.Кенжебаев екеуі қатар талқыға тү­сіп, қуғыннан әзер аман қалғаны да, облыстық газеттің бас редакторының орнынан алынуы да ащы сабақ алатын шындық. Ол туралы Ғ.Май­көтованың еңбегінде байсалды баяндалып өтіпті. Хайрекем – ұстазым әулие екен. Оның аман­а­тын орындау шындығында да маған бұйырыпты. Алаш туралы Хайрекеңнің маған аманаттап кеткенінен құлағдар болса керек, Олжас Сүлей­ме­нов 1988 жылы қаңтар айында бізді сол кездегі Жо­ғар­ғы Соттың төрағасы Тамаз Айтмұхаме­дов­ке жіберіп: «Міне, күні туды олардың. Ұстазың­ның үмітін ақтайтын кез келді. Алаш қайрат­керлерін ақтауы­мыз керек. Сен солардың тергеу ісімен та­нысып шығып, әдеби эксперт бол», деп еді. Күрделі кездің қиын үкімдеріне қол қойып жүрген Жоғарғы Соттың төрағасы: «Бізді ұл­ты­мызға жаны ашы­майды дейсіңдер ме? Дайын­да­лып келген үкімге қол қоямыз. Біз қоймасақ, басқаға қойдыртады. Олжас жіберсе – саған сенемін. «Алаш» қайрат­керлерінің тергеу ісін қа­рап жатырмыз. Онымен Жоғарғы Соттың мүшесі Қазыхан Кенжебаев айналысып отыр. Сонымен бірігіп өзіңе керекті деректермен таныс. Бізге де кеңес бер»,– деді. Қа­зыхан екеуміздің қатар оқы­ғанымызды және оның келіншегі Гүлнар Сейіт­бекқызы мен менің әйелім Әмина Сейітқызының кластасы екенін білген соң: «Ендеше, күнде таңертең сағат оннан бастап келіп менің бөлмеме отыр. Сағат үште босат. Қалғанын Қазыхан ұйымдастырады»,– деді. Сөйтіп, 1988 жылы көкек айында «Алашор­даның» 14 мүшесінің азаматтығы ақталып, О.Сүлейменовтің атынан Г.В.Колбинге Қ.Кенжебаев дайындаған бір жарым беттік хат жолданды. Сол кезде Өзбекәлі Жәнібеков хатшы болып келе қалды да, 4 қарашада Бас прокурордың ресми қарсылығы жасалып, академик Ж.Әбділдин бас­татқан үкімет комиссиясы құрылып, іс қайы­ры­мен аяқталды. Сөйтіп, әулие Хайрекеңнің – алаш ардагерлерінің алдындағы, менің – Хайрекеңнің алдындағы парызым өтеліп, ұлт көсемдері ақ­талды. «Ұраным – Алаш» атты кітабымдағы тергеу деректері сонда жинақталды. Бұрын Алаш қозғалысы туралы анықтамалар мен энцик­ло­педияларға Хайыржан Бекхожиннің аты кірмей қалғанына өкініп, соған кінәлі шәкіртінің бірі екенімді мойындай отырып, соның орнын осы жолдармен толтырғым келді. Алаш идеясының саңылауын сезуге мүмкін­дік берген мектептегі әдебиет пәнінің мұғалімі Жәң­гір Исайыноваға, тарих пәнін санама сіңір­ген Са­ғынтай Керімқұловқа, сынға салып сы­нақ­тан өткізген Исабек Шыңғысбаевқа, құпия түрде санама сіңірген Рымғали Нұрғалиевке, Мұхтар Ма­­ғауинге, қадірменді алаштың «ақ бас бура» ардагері Хайыржан Бекхожинге шәкірттік, сол ұс­таз­дың парызын өтеуге жағдай жасаған Олжас Сү­лей­менов пен Бекежан Тілегеновке інілік тағзым. Әлкей Марғұланның алпыс жасқа толған той­ында айтқан: «Осы бір айтулы күні ең алдымен, менің кім болып шығатыныма көзі жетпей, өзде­рінің асыл арманымен өмірден өткен өзімнің ата-анамды есіме алғым келеді»,– деген сөзін осы жолдар жазылып жатқанда алаш мұрасын жатқа білетін, жоғарыда аталған Гүлнардың әкесі Сейітбек Нұрқанов ағамыз біздің есімізге салды. Әлекеңнің сол сөзін мен де өзімнің әке-шешем Құдакелді мен Хадишаға, ғұлама ұстазым профессор Хайыржан Бекхожинге қаратып айтқым келеді. Өйткені, Ахаңның – Ахмет Байтұр­сы­нов­тың атының тізгінін бір-ақ рет ұстап, сол үшін түр­меге түссе де, өмір бойы атын қастерлеп өткен әкем Құдакелді Жұртбайұлының да рухы осы жол­дар­ды жазған кезде бізді қолдап отырғаны кәміл. Тұрсын ЖҰРТБАЙ, филология ғылымдарының докторы, профессор.