Ресейдің ірі көрме алаңы – Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінде қазақтың этноауылы ашылды. Қазақ мәдениеті мен салт-дәстүрлерінің экспозициясы Астананың Мәскеудегі мәдениет күндері аясында өткізіліп, бұл халықаралық мәдени шара Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналды.
Күндердің ашылу салтанаты Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевтің және Мәскеу қаласы үкіметінің министрі Сергей Черёминнің қатысуымен өтті.
– Мәдениет күндеріне үлкен жауапкершілікпен дайындалдық. Мұнда 400-ден астам адам келді, соның ішінде әртістер, би ансамбльдері, суретшілер, бүркіт баптаушы құсбегілер, сәндік-қолданбалы өнер шеберлері бар. Бір сөзбен айтқанда, Мәскеу тұрғындары мен қонақтарын Қазақстан мәдениетімен жан-жақты таныстыру үшін бар жақсымызды ала келдік, – деді Астана қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Болат Мажағұлов.
Көрме қонақтарына қолөнершілерден бастап хандарға дейін ежелгі көшпелілердің тұрмысымен танысуға мүмкіндік беретін әртүрлі тақырыптарда безендірілген бірнеше киіз үй тігілді. Ханның ең үлкен және әдемі жасақталған үйі – «Ақ Орда», мұнда қонақтарға ұлттық тағамдар ұсынылады. Ал «Қолөнершілер шеберханасында» қолдан кілем тоқу өнерін тамашалауға болады. «Аңшының үйінде» қазіргі қазақтардың арғы аталары аң аулау үшін пайдаланған керек-жарақтар көпшілік назарына ұсынылса, «Шеберлердің киіз үйіне» келушілер саз балшық пен асыл металдардан бұйымдар жасау жолдарын көріп, оны естелікке сатып ала алады.
Киіз үйлердің бірі келер жылы Қазақстанда өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне арналған.
– Астана өнерпаздарының Мәскеуде қойған концерттері ұзақ уақытқа дейін ұмытылмайды деп ойлаймын. Осы сияқты мәдени шаралар екі мемлекеттің қарым-қатынастарын әрі қарай дамытуға оң ықпал ететін болады. Мәскеуліктер де ЭКСПО-2017 – «Болашақтың энергиясы» көрмесінде ресейлік экспозициялар құрамында Астанада мәдениет күндерін өткізуді жоспарлап отыр. Ол да осы Мәскеудегі шара секілді естен кетпес жарқын оқиғалардың бірі болады деп санаймын, – деді Мәскеу қаласы үкіметінің министрі Сергей Черёмин.
Айта кетейік, Қазақстан мен Ресей арасындағы тығыз ынтымақтастыққа қарамастан, Мәскеуде Астана күндері тек 2002 жылы мамыр айында ғана өткізілген. Ал Ресей астанасы төл мәдениеті мен өнерін Астанада екі рет – 2001 және 2008 жылдары таныстырған. Мәскеу тек Ресейдегі ғана емес, сондай-ақ, әлемдегі де ірі тарихи-мәдени орталық болып табылады. Мұнда көптеген атақты сәулет ескерткіштері орналасқан, қалада 100-ден астам театр мен 60 музей бар. Сондықтан мәдениет пен өнер саласындағы ынтымақтастық Қазақстан үшін аса маңызды. Мұнымен қоса, қазақтың бай мұрасын насихаттау шетелдік азаматтарды халқымыздың тарихымен және мәдениетімен таныстыру үшін қажет. Мәскеудегі этноауылға келушілер нағыз батырларды көріп, олардың күш-қуатына тәнті болды.
– Мен ұлттық киім киген қазақтың батырларын көріп, таң қалдым. Өте әдемі. Қазақтар сондай сұңғақ бойлы болады деп ойламаппын. Экспозициялардың барлығы – құстар да, киіз үйлер де – бәрі де қызық, бірден Қазақстанға барып, көргің келіп кетеді, – дейді этноауыл қонақтарының бірі Марина Громова.
Астананың Мәскеудегі мәдениет күндері аясында кеше кешке Үлкен Кремль сарайында Қазақстан өнерпаздарының қатысуымен гала-концерт өтті. Сахнада Әлібек Дінішев, Роза Рымбаева, Майра Мұхамедқызы мен Сүндет Байғожин ән шырқады. Сонымен қатар, концертке эстрада әншілері мен ресейлік әртістер қатысты.
Сәулебек БІРЖАН