Қазіргі уақытта кез келген адам Жоғарғы Соттың жанынан құрылған Сот жюриіне судьялардың түрлі әрекеттеріне орай шағымдана алады деді Жоғарғы Соттың судьясы, Сот жюриінің төрағасы Моряк Шегенов "Егемен Қазақстанға" берген сұхбатында. Биыл ақпанда Мемлекет басшысы Жарлығымен Сот жюриі туралы ереженің жаңа редакциясы бекітілген болатын. Жоғарғы Сот жанынан құрылған Сот жюриінде екі: біліктілік және тәртіптік комиссия бар. Осы екі комиссияның алдыңғысының құрамына тоғыз адам, ал тәртіптік комиссияға жеті адам кіреді. Олар Жоғары Соттың, облыстық соттың судьялары, аудандық соттың және отставкадағы судьялар. Міне, осы қос комиссияның басын қосқанда оларды Сот жюриі деп атаймыз. Мұның мүшелерін жасырын дауыспен Жоғарғы Соттың жалпы отырысында үш жыл мерзімге сайлайды.
"Бүгінгі күнге дейін Астана, Алматы қалаларының және көптеген облыстардың соттарында болып, судьялардың біліктілігі мен тәртібіне негізделген сынақтарды өткіздік. Республика бойынша соттарда қызмет істейтін 2600 судья бар. Әрине, олардың бәрінің бірдей біліктілігі таразыға тартылмайды. Еңбек өтілі бес жылдан жиырма жылға дейінгі судьялар біліктілігі міндетті түрде тексеріледі. Ал еңбек өтілі жиырма жылдан асқандарға мұндай сынақ көзделмеген. Өйткені, жиырма жыл қызмет еткен судьяның тәжірибесі де, білімі де талапқа сай келетіндігі айтпаса да түсінікті. Сол сияқты еңбек өтілі әлі бес жылға тола қоймаған жас судьялардың да бұл таразыға тартылмайтындығын айтқан жөн. Алайда жаңа заң бойынша енді келесі жылдан бастап, қызметке келген жас судьяның еңбек өтілі бір жылға толғанда, оның білімі сарапқа салынады. Сөйтіп бұл сынақ оның бес жылға дейін судья болып жұмыс істейтіндігін яки істей алмайтындығын, яғни жарамсыздығын айырып, белгілеп береді. Бес жылдан соң тексеріс тағы қайталанады", дейді Моряк Шегенов. Ал егер осы біліктілігі тексерілген қандай судья болса да, оның жарамсыздығы анықталса, Сот жюриі Жоғары Сот кеңесіне ұсыныс түсіреді. Онда пәленше деген судьяның нақты білім деңгейі мен біліктілігі оның одан әрі судья болып қызмет етуіне жарамайды деген қорытынды түйінделеді. Осыған байланысты Жоғары Сот кеңесі сәйкес шешім шығарады.
"Судьялардың біліктілігі қалай тексеріледі? Оның білім деңгейі қалайша анықталады?" деген сұраққа ол: "Біз судьялардың білімі мен біліктілігін анықтаудың ең тиімді де оңды жолын таптық. Сынаққа келген әр судьяға билет беріледі. Онда негізінен төрт сұрақ жазылған. Үш сұрағы әр судьяның атқаратын қызмет саласына қатысты. Өйткені, қылмыстық, азаматтық, әкімшілік, экономикалық, т.б. болып қаралатын істер бөлінеді. Ал төртінші сұрақ жалпы сұрақ болып табылады. Онда судьяның бүгінгі өмір тынысынан қаншалықты хабардар екендігі назарға алынады. Осы сұрақ арқылы судьяның жан-жақты білімділігі, біліктілігі анықталады. Сол сияқты емтихан қабылдау барысында судьяның атқарған қызметінің үш жылдық нәтижесі қаралады. Онда жұмыс сапасы, тәртібі, істерді қарауы, үстінен түскен арыз-шағымдар, т.б. бәрі сарапқа салынады. Сөйтіп осындай таразылау арқылы кімнің кім екендігі алақанға салғандай айқындалып шыға келеді. Әркім өз орнын табады" деп жауап берді. Оның айтуынша, Сот жюриінің мүшелері «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» болуға тиіс. Ол үшін мүшелікке таңдау қатаң жүргізіледі. Бірнеше адам бәсекелестікке түседі. Топ жарғандар ғана алынады. Бұл жерде атқарып жатқан жұмыстың сапасы, өзінің білімі мен біліктілігі, тәртібі, қабілет-қарымы қаперге алынады. Сондықтан бұлардың бәрі жасырын дауыс беру арқылы сайланады. Осылайша ауданда, облыста, одан әрі Жоғарғы Соттағы електен өткен үздіктер Сот жюриінің мүшелері атанады. Одан кейін осы жүйріктер мен тұлпарлар Сот жюриінің төрағасын дауысқа салып таңдайды. Бұл таңдау өте жауапты және тартысты өтетіні белгілі. Бұған Жоғарғы Соттың Төрағасы да қатысады. Сот жюриінің мүшелері үш жылға сайланады.
"Судьялардың іс-әрекетіне байланысты шағымдар да түседі. Бірақ бұл арыздардың көптігін білдірмейді. Өйткені, судья қабылдаған шешімге қос тараптың бірі міндетті түрде разы болмайтындығы ақиқат. Демек, екі жақтың бірі, әйтеуір бір арызданады. Сондай арыздардың саны қазіргі күні 244-ке жетіп отыр. Судьяның үстінен жазылған арыздағы деректер расталған жағдайда, яғни судьяның әрекетінде Әдеп кодексінің нормалары бұзылғандығы анықталса, осы дәлелін тапқан фактілер бойынша судья тәртіптік жауапкершілікке тартылады" деді Моряк Шегенов.
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан»