• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
22 Қыркүйек, 2016

Астанада қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі өтеді

800 рет
көрсетілді

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Астана қалалық филиалының жетекшісі Қарлығаш Қожамұратованың ұйытқы болуымен «Ата мұра – ұрпаққа мирас» атты шетел қазақтары қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі өтеді. Осындай шара бұған дейін «Мың жылдықтар тоғысындағы дала өркениеті» деген атпен үстіміздегі жылдың шілде айында, қала күнін мерекелеу барысында ұйымдастырылған еді. Ол кезде аталмыш жәрмеңкеге негізінен қолөнер бұйымдары, мәселен, ағаштан, сүйектен ойып жасалған мүсіндер, ат әбзелдері, киіз үйдің жабдықтары, ұлттық киімдер, музыка аспаптары қойылған болатын. Ал бұл жолғы жәрмеңке қазақтың қолөнер мұрасын жалғастыру, дамыту мақсатында қолға алынып отыр. «Бұл жолғы шара қазақ көшінің ата­жұртқа аяқ басуының, ел Тәуел­сіздігінің 25 жылдығына, сондай-ақ ЭКСПО-2017 халықаралық көр­месіне орайластырылып отыр. Бұған көрші елдерден шақырылған қазақ шеберлерінің қолынан шыққан ұлттық қолөнер бұйымдары жұртшылық назарына ұсынылмақшы. Мәселен, олардың арасында ғасырға жуық уақыт сақталған күміс ертоқым, кимешек, жарты ғасырлық тарихы бар қолмен тоқылған алаша сияқты бұйымдар бар. Олар – ешқандай реставрациядан өтпей, бүгінге дейін сол қалпында сақталып келген құнды мұралар. Сонымен қатар, жәрмеңкеге жас жеткіншектердің қиялынан туындаған, жаңа технологияға сүйеніп жасалған заманауи өнер туындылары да қойылады. Біздің мақсатымыз – ата-баба дәстүрін сақтаған шетелдегі қандастардың өнерін кеңінен насихаттау арқылы жас ұрпақты өнерді бағалауға, ұлттық мұраны сақтауға үндеу», дейді қауымдастықтың Астана қалалық филиалының қызметкері Алтын Мәденқызы. Біз сәті түсіп жәрмеңкеге қатысуға келген қандастардың бірнешеуін әңгімеге тартқан едік. Солардың бірі – Қытайдың Құлжа қаласының тұрғыны Ұлзира Мәлікқызы. Оның ұлттық өнерге деген қызығушылығы оқушы кезінен басталған екен. Мектеп қабырғасында жүргенде сурет салуға қатты қызығатын ол алғашқыда әк тасты күйдіріп адамның бас мүсінін жасап көріпті. Өнеріне тәнті болған ауылдастары содан кейін оны «Мүсінші қыз» атап кеткен. Кейіннен кестешілік өнерге бет бұрып, Құлжа қаласындағы «Тасбұлақ», «Тамаша» киім-кешек тігетін орталықтарда дизайнер-тігінші болып жұмыс істейді. Бойындағы өнерін еңбекпен ұштай білген ол өзі жеке «Сәнгер» ұлттық киім-кешек, кестешілік орталығын ашып, кәсібін дөңгелентуде. Бүгінде ашылғанына бір жыл болған шағын орталықта онға тарта адам жұмыс істеп, негізінен ұлттық нақышта той, сахналық, балаларға арналған киімдер тігеді. Барлығын шебердің өзі жобалап, өзі дайындайды. Ал Астанада өтетін жәрмеңкеге ол өзінің қиялынан шыққан төрт қолөнер бұйымын ала келіпті. Оның екеуі – кезіндегі қазақтың бай-манаптарының әйелдері мен қыздары киген бас киімдердің үлгісімен тігілген сәукелелер болса, үшіншісі – қазақтың біртуар батыр ұлы Бауыржан Момышұлының бейнесі кестеленген шағын киіз кілемше. Ол үйдің қабырғасына іліп қоюға лайықталған екен. Тағы бір кілемшеде бүркіт бейнесі бастырма әдісімен кестелене тігіліп, бедерленген. Астанаға арнайы келген шеберлердің тағы бірі – Қайгүл Асубайқызы Текес ауданы «Қайгүл» кестешілік орталығының директоры. Бұл орталық бізкесте өнерімен сан түрлі үй жабдықтарын, мәселен, көрпе-жастық, түскиіз, қазақы оюмен өрнектелген перде, шымылдық, сырмақ әзірлеп, киім-кешектер мен бас киім тігеді екен. Бүгінге дейін 300-ден артық шәкірт тәрбиелеп үлгерген шебер қазіргі таңда 50-ден астам адамды жұмыспен қамтып отыр. «Мен орталықты 2014 жылы аштым. Қазір шеберлеріміз екі жерде жұмыс істейді. Біздің қолымыздан шыққан дүниелерге деген халықтың сұранысы да, ықыласы да өте жоғары. Құлжа және Үрімжі қалаларында бірнеше дүкеніміз бар. Негізінен, Шыңжаңға тарайды. Кейде тапсырыстың көптігінен 50 адам үлгермей де жатады. Бұған қоса, мен майлы бояумен де суреттер салып, ағаштан ойып, түрлі мүсіндер жасаймын. Бірақ негізгі кәсібім – біз­кестемен түрлі жабдықтар тігу», дейді Қайгүл Асанбайқызы. Ал Құлжа қаласындағы «Жаңа ғасыр-Медеу» шеберханасының директоры Ділнұр Самалбекқызы – байырғы кестенің өрнек үлгілерін жаңа заманға сай үйлестіріп, ескіні жаңартып, жаңғыртып жүрген шеберлердің бірі. Оның қолынан шыққан дүниелер Құлжа қаласына ғана емес, қазақ еліне де кеңінен танымал екен. Ділнұр апайдың ендігі ойы – тігін цехын қазақ жеріне көшіру. Оның айтуынша, бүгінде қолдың күшімен де, техниканың көмегімен де тігілген кестелерге жұрт айрықша қызығушылық танытып жүр екен. Қазақтың қолөнер мұрасын насихаттау мақсатында «Самғау» сауда орталығындағы жәрмеңкеге қойылатын бұл туындылар елордадағы Ұлттық мұражайға тапсырылады. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ