• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
22 Қыркүйек, 2016

Өмірдің өзінен алынған сериал

542 рет
көрсетілді

Орталық коммуникациялар қызметінің брифингі «Қазақстан» ұлттық арнасы жуырда ғана эфирге шығарған «Айман-Шолпан» 100 сериялы телехикаясына арналды. Ұлттық арна отандық теле­хикая­ларды түсі­руді жылдан жылға көбейтіп келеді. Мы­са­л­мен сөйлейік, 2009 жылы бір сериал түсі­ріл­ген болса, қазіргі күнге дейін түсі­ріл­ген телехикаяның саны 62-ге жет­кен. Се­рия­мен шағып есептейтін болсақ – 1332 серия. Бұл ұлттық арнаның ады­мын кеңге сала бас­тағанынан хабар бере­ді. Тіп­ті қара­пайым көрерменнің өзі соң­ғы жыл­дары «Қазақстан» арнасынан кеш­кі уа­қыт­та тек қана қазақ сериалдары бері­ле­ті­нін аңғарып жүр. Телевизия тілінде «прайм-тайм» деп аталатын көрермені көп кешкі уақытта, яғ­ни кешкі тоғыздың кезінде аптасына бес күн отандық телехикаялардың көрсетілуі, таңертең оның қайталанып берілуі –  жақ­­сы­­лықтың нышаны. Бұл жылдан жылға отан­­дық сериалдардың да қуат алып келе жат­­қа­­нын көрсетеді. Күні кеше ғана эфирге жол­­да­­ма алған «Айман-Шолпан» – соның айғағы. Брифинг барысында сөз алған «Қазақ­стан» РТРК» АҚ басқарма төрағасы Нұр­жан Мұхамеджанова «Айман-Шол­пан­нан» бөлек, осы жылдың соңына дейін түсіріліп бітуі тиіс тағы да жеті жоба бар еке­нін айтты. Алдағы уақыттарда «Сүйе білсең», «Қызыл алма», «Іңкәр жүрек» (екінші маусымы), «Шекара шебінде» секіл­ді телехикаялар көрермендерге жол тар­татын болады. Сондай-ақ ұлт­тық арнаның жаңа бағдарлама­лары «Ойтолғау», «Қоғамдық кеңес», «Сұхбат» туралы да басқарма төр­ағасы айтып өтті. «Мысалы, «Сұхбат» бағдар­ламасына тоқталатын болсақ, бұл қоғамда үлкен қызығушылық туғызған бағдарламаның бірі болды деп айта аламыз. Ол өзі аптасына бір рет шығады. Осы уақытқа дейін екі адаммен сұхбат өткізілді. Сұхбат берушінің бірі – Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі де, екіншісі – Білім және ғылым министрінің орынбасары болды», деді Нұржан Жалауқызы. Ал енді «Айман-Шолпанға» оралатын болсақ, бұл фильм – дүние есігін ашқан сәттен бастап өмір жол­дары екі айырылған егіз қыздар туралы. Сюжет желісіне қыз­дар­дың қоғамдағы екі түрлі орны, содан туын­дайтын қарама-қайшылықты көз­қарас­тары, түрлі топтар арасындағы келіс­пеу­шіліктер арқау болған. Екі отбасы ар­қылы туындап жататын оқиғалардың шие­ленісі көрермендерді өзіне еріксіз баурай­ды деп ойлаймыз. Оның үстіне бас­ты кейіпкердің бір мезетте екі рөлді қатар сомдауы отан­дық телесериал тари­хында алғаш рет орын алып отыр. Бұл туралы брифинг барысында бас­ты рөлді сомдаған Салтанат Бақаева былай дейді: «Мен үшін бұл үлкен жоба болды. Оның алдында түсі­рілімдерге қатысқанмын. Басты рөлді сом­дауым бірінші рет. Өзін түрлі-түрлі қыры­нан көрсету – әр актрисаның арманы. Жиында телехикаяның қоюшы-режиссерлерінің бірі Арман Санды­баев «Айман-Шолпанда» отбасы­лық құндылық насихатталғанымен, махаб­бат, сатқындық, детектив қатар өрілетінін баяндады. Сондай-ақ теле­хикаяда екі түсіру тобының қатар жұмыс істегенін айтты. «Бұл фильм мен үшін кәсіби дебют болды. Біз бір-бірімізбен тәжірибе алмастық. Әр адамның алға жасаған қадамы телеиндустрия үшін маңызды», деді ол. Жиын соңында «Қазақстан» ұлттық арнасының басқарма төрағасы егер «Айман-Шолпанның» көрермендер тарапынан жоғары рейтингке қол жеткізсе, келер жылы екінші маусымы түсірілетінін хабар­лады. Өйткені бұл үрдіс телеарнада қа­лып­­тас­қан. Мысалы, «Іңкәр жүректің» биыл екінші маусымы түсірілуде. «Сыр­ғалым» телехикаясы үшінші рет түсі­ріл­ген. Тағы бір айта кететіні, «Сырғалым» телехикаясын татардың НТВ телеарнасы сатып алып, татар тілінде көрсетіп жатыр. Сол секілді «Айман-Шолпанға» да сұраныс болып жатса, басқа телеарналарға сатуға даяр екендіктерін басқарма төрағасы атап өтті. Өйткені мемлекеттен алынып жатқан қаржыларды тиімді жұмсау, ұлттық арнаның табыс көлемін ұлғайту маңызды. Бұл тұрғыдан келгенде, был­тыр ұлттық арна 5 миллион теңге көлемінде табыс тапқан болса, арнаның биылғы табысы сегіз айда 38 миллион теңгені құраған. Айгүл СЕЙІЛОВА, «Егемен Қазақстан»