• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
22 Қыркүйек, 2016

Тұжырымдама жобасы талқыланды

280 рет
көрсетілді

Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада Мәдениет және спорт министрлігі Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет инс­титутының ұйымдастыруымен елімізде кинематографияны 2050 жылға дейін дамыту тұжырымдамасының жобасына қатысты дөңгелек үстел өтті. Оған кинематографшылар, мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, ғылым мен өнер саласындағы зиялы қауым қатысты. Шарада «Қазақстан Респуб­лика­сын­дағы кинематографияны 2050 жылға дейін дамыту тұжырымдамасы жобасы» талқыланды. Іс-шара барысында Қазақстан кинематографиясын 2050 жылға дейін дамыту тұжырымдамасының жобасын жете әрі толық талқылау, кино түсірілімнің көлемін арттыруға қарайласу мәселелері, кино өнері­нің дамуын қолдау және жоғары сапалы кино туындыларды түсіру, кинотеатрлар желілерін көбейту және жетілдіру, кино саласы экономикасының өсуі және қазақстандық кино өнімдердің инвестициялық тартымдылығын арттыру мәселелері қаралды. Дөңгелек үстел отырысында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы отандық кинематографияны 2050 жылға дейін дамыту тұжырымдамасының қабылдануы еліміздегі кино өнері ахуалын жақсартуға бағытталған маңызды қадам болатындығын баса айтты. «Еліміздің Тәуелсіздік жылдары ішінде мұндай тұжырымдама алғаш рет әзірленіп отыр. Егер біз кино туралы жеке заң қабылдай алсақ, өте қуанышты оқиға болады. Онда өнердің осынау түріне қатысы бар барлық қызмет түрлері жазылар еді. Бұл біз үшін өте маңызды. Бізге кино туралы жеке заң аса қажет. Мен бұл мәселеге түсіністікпен қараған біздің эксперттік қоғамдастыққа ризамын. Себебі, бұл – қарапайым мәселе емес. Бүгінде біз Франция, Ресей және басқа да елдердің кинематография туралы заңдарын зерделедік», – деді ол. Сонымен қатар, А.Мұхамедиұлы бүгінгі күні елімізде мәдениет туралы өте жақсы заң қабыл­данғанын, онда кітапхана ісін, музей ісін, кинематографияны және басқа да салаларды дамыту тетіктері жан-жақты көрсетілгенін еске салды. «Егемен-ақпарат»