Ол бостандық үшін күрескен батыр бабалардың бірі болатын
Ат тұяғының сынығы, шашақты найзаның ұшы қалған Қаратаудың қойнауы – кәрі тарихтың сабағы. Тау баурайындағы, дала төсіндегі белгісіз сағана там, сартас молалар, қасқайған құлпытастар, беймәлім үйінділер – барлығы да кешегі жаугершілік заманның айшықты көрінісі. Ары алдындағы аманатына адал бабаларымыз өзгеге сүйегін қорлатпай, басын басындырмай күн кешті. Шындық үшін шыбын жанын да қиып жіберуге әзір, керек кезінде қиып та жіберген ерліктің үлгісі қазақ даласында тұнып тұр.
Әулиеата өңірінде Хан және Жамбыл таулары бар. Тасын түртсең тарих жайлы төгіліп қоя беретін таулардың бойындағы бұла күш, тағылымды сыр талайды таңырқатқандай. Бүгінде жыр алыбы Жамбыл бабамыздың атымен аталатын облысымызда тарихи мекендер мен шежірелі өлкелер көп. Өз өмірбаяны туралы жыр алыбы: «Шу өзенінің бойымен жүре берсеңіз, Хан және Жамбыл деген екі тауға кез боласыз. Менің әкем Жабай бір кезде осы тауларда көшіп-қонып жүрген. Жамбыл тауының етегінде, қақаған қатты боранды күні мен туыппын! Маған сол көне Жамбыл тауының есімі ат болып тағылыпты. Бұл 1846 жылы ақпан айы екен. Менің әкем Жабай шоқпыт шапанды көшпелі кедей адам болған», деген ұлы жырау өз өмірбаянын «Байғара, Жамбыл, Ханда мен туыппын» деп те жырға қосқан.
Жамбыл тауының түпкі жыныстары ашық, беткейлері тік, құлама. Топырағы сұрғылт қоңыр, қиыршықты болып келеді. Боз жусан, бұйырғын, баялыш, күйреуік көбірек өседі. Талай сәттерге куә болған, ішіне сыр бүккен Жамбыл тауының тарихы тереңде жатыр. Жамбыл ақын «Көз аштым, сорғалаған қанды көрдім, қамыққан, қанды жасты жанды көрдім. Ел көрдім – еңіреп босқан аңды көрдім, Қойнында Алатаудың зарды көрдім» немесе «Қақаған қар аралас соғып боран, Ел үрей, көк найзалы жау торыған. Байғара, Жамбыл, Ханда мен туыппын, Жамбыл деп қойылыпты атым сонан» деп жырлайды. Бұл – тарихтың шындығы. Басынан талай аласапыранды кешкен, талай азапты көрген қазақ халқының өлеңмен өрілген бір шежіресі.
Тарихтан белгілі, бұл уақыттарда Жетісу өңірі Қоқан хандығына қарады. Бұл кезеңде ел басқаруда жолсыздық белең алды. Бір жағынан ақ патшаның, екінші жағынан жергілікті билеушілердің шектен тыс алым-салығы да халықтың шамына тиіп, ыза-кек өрттей қаулап тұрған шақ еді. Қоқан хандығы бұл өңірді 1864 жылға дейін биледі. Жалпы, Хан, Жамбыл таулары жайлы аңыздардың сыр шертері бар. Жаугершілік замандарда қалмақ ханының Хан тауы маңында үш түмен әскері тұрған екен. Бір күні хан Сырдария бойындағы қалаларды шабу үшін түменбасыларын шақыртыпты. Әскерінің бір түмені Хан тауының етегіндегі Жыландысайда, біреуі Жамбыл тауының етегіндегі Жыландыбұлақта, бір түмені Бас және Орта Ақтөбелердің маңайында болған. Алайда, Хан және Жамбыл тауларындағы түменбасылар барыпты да, Ақтөбедегі түменбасы келмей қалыпты. Түннің бір уағында ханға жолыққан түменбасы ханның аяғына жығылып, Бас Ақтөбедегі қазақтар қалмақ ханының Сыр бойындағы қазақтарды шабатынын біліп, қорғанды бұзып қашып кеткенін айтады. Аңыздың өзі ақиқатқа жетелейді. Тарихтың терең қатпарларына үңілдіреді. Толғандырады.
Дүниеде ештеңенің атауы себепсіз қойылмайды. «Құдайсыз қурай да сынбайтынына» сенген қазақ әрбір атауға, әрбір есімге ерекше мән берген. Ұлы қазақ даласында бір ғана Хан тауы бар. Ғалым Сәйден Жолдасбаев өзінің «Жетісу тарихы» деген еңбегінде Хан тауын зерттейді. «Хан сатысы», «Хан қорасы», «Хан оры» деген тарихи орындарды ашып, ғылыми айналымға шығарады. Ғалым өз байламында бұл атаулардың барлығын да Керей және Жәнібек хандармен байланыстырады. Тіпті, Керей хан осы Хан тауында жерленген деген де аңыз бар. Тарихшылардың айтуынша, Хан тауындағы ежелгі құбылыстардың барлығы да әр замандарда жауды бақылап отыру үшін пайда болған делінеді. Қоқан хандығының қыспағына шыдамай, жауға қарсы шапқан батырлардың бірі – Ерназарұлы хан Жамбыл деп айтылады. Хан Жамбыл бабамыз Үйсіннің бір бұтағы Ыстыдан тарайды.
Дүниеде тарихтан көне ештеңе жоқ. Кәріқұлақ, көнекөз тарих ұрпағының алдына сонау замандардан бастап күні бүгінге дейінгі шежірені жайып салады. Ат ауыздығымен су ішіп, ер етігімен қан кешкен заманда, қазақ Ресей мен Қоқанның қыспағында қалғанда, елдің бас көтерер, рух оятар азаматтары ел тыныштығы, ұрпақ амандығы үшін атқа қонды. Сондай ерлердің қатарында Ерназарұлы хан Жамбылдай ерлердің болғандығы да күмән тудырмайды. Хан Жамбыл бабамыздың өзі Қоқан қыспағына қарсы шығып, тарихта қалған тұлға. Кезінде көздегені қазақтың кең-байтақ жері болған Қоқан хандығы орыс отаршылдарымен бірігіп, тізесін батырады. Алайда, Хан Жамбыл артындағы қараорман халқына сеніп, Байғара екеуі Қоқан хандығына алым-салық төлеуден бас тартады. Қоқан хандығы бұған оңайлықпен көне ме? Содан Байғара мен Хан Жамбыл рулы қалың елді соңынан ертіп, ата қонысынан ауа көшіпті дейді. Керей мен Жәнібек хандар ту тіккен Шу өңірінің Қозыбасы тауына тұрақтайды. Бұл уақытта Қоқанның қолы бұл жерге жете қоймаған екен.
Арада уақыт өтіп, дәуір бір арнаға түсті. Кешегі кер заман, жаугершілік уақыт тарихқа жүк болып қалды. Енді сол тарихты ұрпаққа жеткізетін, кейінгі буынға шежірелейтін кез келді. Хан Жамбыл бабамыздың ұрпақтары да бүгінде бір қауым ел. Олар да баба атын қастерлеп, болашаққа қалдыруды өздеріне парыз санайды. Қашанда ел ерсіз болмаған. Ерлердің ерен аты ұрпаққа үлгі. Хан Жамбыл ұрпақтарының бірі, бүгінде ақсақалдық жасқа жетіп отырған Көшербек Жұманқұлов та бабасы жайлы көп жайды толғайды. Бұл кісі кейіннен тағдырдың жазуымен Хан Жамбылдың Шу бойынан өз еліне оралғанын айтады. Жаз мезгілінде баба салтымен тау жайлап, қыста Талас бойына көшіп, бейбіт ғұмыр кешкен екен. Талас бойындағы Жаңақорған қалашығын салдырғанын да ұрпақтың біле жүргені жөн.
Ал жазушы, драматург Болат Бекжановтың да Хан Жамбыл жайлы өзінің айтары бар. Жазушы әңгімені тарихи баян арқылы өрбітті.
– Кезінде Қоқан хандығы бізден алым-салық алып тұрған. Қоқанның қазаққа көрсетпегені жоқ. Міне, осы жайларға Хан Жамбыл қарсы болған. Ақыры, Мойынқұм жеріне қарай көшкен. Бүгінде Мойынқұмдағы Жамбыл тауы сол кісінің атымен аталады. Сол тауда қазір тастан жасалған тақ тұр. Сол жерде қазақтар Жамбыл Ерназарұлын хан қылып көтерген. Ол кісінің ең үлкен ұлының аты Шоқпар. Шу өңірінде Шоқпар деген жер бар. Бұл да сол Шоқпар бабамыздың құрметіне қойылған. Хан Жамбыл бабамыздың немересі Бейбіт би де халыққа танымал адам болған. Оязға да белгілі ол төменгі Таласта ғұмыр кешкен. Көптеген үлкен дауларды шешкен. Кезінде Меркіде Нұрмағамбет деген кісі өткен. Сол Нұрмағамбет пен атақты Керімбай болыс қазақ жолымен құда болыпты. Нұрмағамбеттің қызына Керімбайдың ұлы бесікте жатқанда-ақ айттырылып қойыпты. Алайда, бірі бай, бірі болыс, екі құданың арасына бір келіспеушілік кіріп Нұрмағамбет бай қызын қырғызға ұзатып жібереді. Даудың өршігені соншалық, арасында кісі өлімі де болады. Содан Меркіде Нұрмағамбет бай бір киіз үй, Керімбай болыс бір киіз үй тігіп, Бейбіт биді күтеді. Ақыры, Бейбіт би Нұрмағамбеттің үйіне келіп, қамшысын үш сілтейді. Керімбай болыстың тіккен үйіне келіп, ол жерде де қамшысын үш рет сілтейді. Сөйтіп, биге арнап тігілген жерге келіп отырып, сөз бастайды. «Нұрмағамбет, сен біріншіден, қазақтың салтын бұздың. Екіншіден, кезінде бесіккерді құда болып едің. Ақыры, айнып, уәдеңде тұрмадың. Сондықтан, сен кінәлісің», дейді. Осындай дауларды шешкен Бейбіт би де Хан Жамбылдың ұрпағы. Тарихта көп айтыла бермейтін, Қоқанға қарсы шыққан адам осы Хан Жамбыл. Ол кезде Қоқанға қарсы шығу деген үлкен қатер. Ал атақты жырау бабамыз Жамбыл Жабаев сол Жамбыл тауының етегінде дүниеге келген, – дейді Болат Үмбетәліұлы.
Қазақта «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген сөз бар. Айтулы Мағжан ақын да «Ерлерін ел де, жер де ұмытпайды» деп жырлап еді. Ұрпақтың бүгінгі асыл мұраты, ақиық арманы бабалар ерлігін, атын ұмыт қалдырмай, оны келешек ұрпаққа насихаттау болып табылады. Жуырда сарысулық кәсіпкер, «Алтын орда» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Дәулеталды Жанбаев баба рухына арнап ас беріп, Құран оқытты. Бұл күні Оңтүстік Қазақстан облысының Бәйдібек ауданы және Жамбыл облысының Сарысу ауданының түйіскен шекаралас аймағында, қарт Қаратау сілемін бойлай аққан Арыстанды, Қарасу өзендерінің маңына бірнеше киіз үй тігіліп, көпті көрген көнекөз қариялар тарихтан сыр шертті. Көпшілік Ерназар әулие мен хан Жамбылдың аруағына дұға жасап, Алладан медет тіледі. Бәйдібек ауданы, Шақпақ ауылының тұрғындары Елубек Сералиев, Әлмырза Еркебаев, Құсибек Наурызбаев сияқты ел қариялары ата тарихтың ұрпаққа беймәлім тұстарын әңгімеледі. Хан Жамбылдың Қоқан хандығына қарсы күрестегі ерлігін айтты.
Дәулеталды Жанбаев құба далада елеусіз жатқан бабалардың басына кесене орнатсам деген де ойын айтты. Сондай-ақ, көнекөз қариялардың аузынан бабалар жайлы естелік-шежіре жинап, оны тарихпен ұштастырып кітап шығару ниеті де бар екен.
Игі шара барысында жиналған көпшілік, баба ұрпақтары әуелі Ерназар әулиенің басына барды. Алақан жайып тілеген дұға қабыл болғандай, аспанның да тиегі босап, нұр сорғалағандай жаңбыр төкті. Артынша күн көзі күлімдеп, айнала төңіректі бір ғаламат күйге бөледі. Құлпытастың бетінен «Назарымбетұлы Ерназар Шоғайдартегі. 1705-1795» деген жазу көрінді. Кезінде әулиелігімен аты шыққан Ерназар баба тоқсан жасаған екен. Бұдан кейін көпшілік Хан Жамбылдың басына келді. Арасы үш шақырымдай жер. Елсіз далада, аспан астында тұрған құлпытастың бетінде «Ерназарұлы Хан Жамбыл, Шоғайдартегі. 1772-1872» деген жазу бар екен. Хан Жамбыл бабамыз да ғасыр жасап дүниеден көшіпті. Бұл құлпытастар 2001 жылы, яғни осыдан он бес жыл бұрын орнатылған екен. Жаңбыр шайып, күн қақтаған құлпытас ұрпағына бар тарихты баяндап, аманат арқалатып тұрғандай.
Болашақта Ерназар әулиенің, Хан Жамбылдың бой көтерген кесенелері де қазақ жеріндегі бір қастерлі тарихи орынға айналарына күмән жоқ. Бұл – қолдан жасалған, ойдан құрастырылған жалған тарих емес, кешегі «болып бір кеткен жайсаң» бабалардың тарихи баяны. Ұрпақтың ұлағаты осындай сауапты істерден көрінеді.
Хамит ЕСАМАН
ТАРАЗ