Бүгін Қарағандының №3 автопаркіне тиесілі №43 және 53 бағыттардың жолаушылар тасымалдайтын автобустары маршрутқа шықпады. Сол себепті, Майқұдық елді мекенінің тұрғындары облыс орталығындағы жұмыс орындарына уақытында жете алмай қалды.
Автобус паркінің басшысы Артур Григорян болса, мұның ереуіл емес, ұжым ішіндегі түсініспеушілік, наразылық екенін атап өтті. «Мәселені шешеміз» деп сендірді ол.
Ал қалалық жолаушылар көлігі секторының меңгерушісі Ескендір Қабидулланың айтуынша, бұл оқиғаның себебі автопарк басшыларының күнделікті жоспарды шамадан тыс көтеруінде.
Қазіргі уақытта №3 автопарк басшылығы мен қалалық әкімдіктің осы салаға жауапты қызметкерлері бірігіп, ұжым ішіндегі еңбек кикілжіңіне алып келген мәселенің шешілу жолдарын қарастыруда.
Қайрат Әбілдинов