• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
23 Қыркүйек, 2016

Терроризмге тосқауыл қоюдың заңнамалық шаралары қандай?

939 рет
көрсетілді

Кеше Парламент Мәжілісінің ұйымдастыруымен «Қазіргі кездегі экстремизм мен терроризмнің алдын алу мен жолын кесудің заңнамалық және институттық шаралары» атты тақырыпта дөңгелек үстел өтті. Оған Парламент палаталарының басшылары, мемлекеттік органдардың, халықаралық және қоғамдық ұйымдардың, саяси партиялардың, діни ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ, халықаралық сарапшылар қатысты.  Өзекті де өткір мәсе­ле­лер талқы­ланған жиынды Пар­­ламент Мәжілісі Халық­ара­лық істер, қорғаныс және қау­іпсіздік комитетінің төр­аға­сы Мәу­лен Әшімбаев жүр­гі­зіп отырды. Дөңгелек үстел отырысында алғашқы болып сөз алған Парламент Мәжі­лісінің Төрағасы Нұрлан Нығ­матулин жыл өткен сайын қасірет пен қайғы әке­летін экстремизм мен терро­ризмнің қаупі күшейіп бара жатқанына тоқталды. Мә­жіліс спикерінің атап өтке­ніндей, еліміздің қауіпсіздігі мен халықтың бейбіт өмірі – Ота­­нымыздың баға жетпес бай­­лығы, ең қымбат қа­зы­на­сы. Оны көздің қарашы­ғын­­дай қорғау барша қазақ­стан­­дықтардың абыройлы борышы. «Елбасымыз Н.Ә.Назар­баев Тәуел­сіздік алған күн­нен бастап, Қазақстан­ның қауіпсіздігі мәселесіне әрқашан ерекше назар ау­дарып келеді, – деді Н.Нығ­матулин. – Бүгінде нақ осы бағытта көптеген жұмыстар атқа­рылды. Бірақ, экстремизм мен терро­ризм уақыт өткен сайын қауіпті мәсе­леге айналып барады. Бұл тек біздің еліміздегі ғана емес, бүкіл әлемдегі проблема». Осы­ған байланысты Мә­жіліс Төрағасы терроризм мен экс­тре­мизмге қарсы күресте Мемлекет басшысы нақты тап­сырмалар бергенін атап өтті. «Ең бас­тысы, бұл өткір мә­се­­леге бүкіл қоғам болып қатысуда, – де­ді Н.Нығ­матулин осы жөнінде. – Со­­­ның нә­­ти­жесінде біз өзара ұсыныс-пікір­лер біл­­діріп, сапалы әрі тиімді заң жо­ба­сын әзірлеу мақсатында жұмыс іс­теп келеміз. Бұл – біз үшін ерек­ше маңыз­ды». Мәжіліс Төрағасының айтып отыр­ғаны – «Қазақстан Респуб­ли­касының кей­бір заңнамалық актілеріне экстре­мизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзге­рістер мен толықтырулар енгізу ту­ралы» заң жобасы. Аталған құжат жо­басы осы айдың алғашқы онкүн­дігінде Үкіметтен Парламент Мәжі­лісіне түскен болатын. Өйт­кені, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Пар­ла­менттің екінші сессиясының ашы­луында сөйлеген сөзінде ел қауіп­сіз­дігінің заңнамалық негізін нығайту қажеттігін атаған еді. Осы заң жобасы бойынша қолданыстағы 5 кодекс пен 19 заңға өзгерістер мен түзетулер енгізілмек. Парламент Сенаты Төраға­сының орынбасары Бектас Бек­назаров та бүгінгі жиында талқы­ланатын мәселенің аса өзекті екеніне тоқталды. «Қазіргі уақытта экстремизм мен терроризм қатері жаһандық сипатқа ие болуда, – деді Төрағаның орынбасары. – Діни ұрандардың аясында жасалып жатқан экстремизмнің, фундаментализмнің және терро­ризм­нің географиясы мен ауқымы күн өткен сайын кеңейе түсуде. Бұл мәселедегі біздің міндетіміз – діни экстремизм көріністерінің алдын алу және терроризм қатерінің жолын кесу арқылы адамның, мемлекеттің және қоғамның қауіп­сіздігін қамтамасыз ету». Бектас Бекназаров, сондай-ақ, дөңгелек үстелге қатысушылар назарын жоғарыда аталған заң жобасына да аударды. Сенат Төрағасы орынбасарының атап өтуінше, Парламент қаруына түскен заң жобасы негізінен экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл, қару-жарақ айналымы, көші-қон мәселелерін реттеу салаларындағы қолда­ныстағы заңнаманы одан әрі жетілдіруге бағытталған. «Бұл саладағы заңнамалық деңгейдегі жұмыстар – діни экстремизм мен терроризмді тазалауға, оларды анықтаудың және жолын кесудің тиімділігін арттыруға, сондай-ақ, экстремистік және террористік қызметтің салдарын азайтып, оны жою шараларын күшейтуге бағытталатын болады». Дөңгелек үстел басындағы пікір алмасуда еліміздің Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбеков те сөз алып, өз құрылымдары тара­­­пы­нан атқарылған іс-шара­лар­ды ортаға салды. Нұрғали Біліс­­бековтің атап өткеніндей, 2011 жылдан бері Қазақстанда 64 экст­ремистік бағыттағы әрекеттің жолы кесілген. Осы жылдың басы­нан зорлық-зомбылыққа бағыт­талған осындай тоғыз акцияға тосқауыл қойылды. Халық көп жиналатын орындарға, сонымен қатар, құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттік органдардың нысандарына террорлық шабуыл жасалуына жол берілмеді. «Ауғанстанда, Сирияда және Иракта қарулы қақтығыстар бас­талғаннан бері халықаралық террорлық ұйымдардың лагер­лерінен, үшінші елдердегі тірек және транзиттік инфра­құры­лымдардан еліміздің 45 азаматы қайтарылды. Тағы 33 азамат өз ерік­терімен елге оралды. Тер­рор­лық әрекеттерге қаты­сы бар 33 адам қылмыстық жауап­кершілікке тартылды», – деді Ұлттық қауіп­сіздік комитеті төраға­сы­ның орынбасары. Нұр­ғали Білісбековтің хабардар етуінше, бес жыл ішінде террористік және діни сипаттағы қылмыстар жаса­ғаны үшін 445 адам сотталған. «Терроршылдыққа қарсы операцияны тиімді жүргізу тиімді­лігін арттыру мақсатында бір-екі шақы­рымдық локальды аймақ радиусында желіні бұғаттау үшін сәйкесінше техникалық құралдар сатып алу мәселесі қарастырылуда, – деді Н.Білісбеков әрі қарай. – Бұл террористердің қолдан жасалған жарылғыш құралдарды іске қосу, террористік актіні жүзеге асыру кезінде бір-бірімен хабарласу үшін байланыс құралдарын болдырмауға байланысты қолға алынады». Осындайда Мемлекет басшы­сының: «Әлемде бірде-бір ел терро­ристік шабуылдардан сақ­тан­­дырылмаған. Террористік қатер Қазақстан үшін де ақиқат­қа айналып отыр», – деп атап көрсеткенін қаперімізден шығар­масақ екен. Дөңгелек үстел басындағы пікірлесуде, сондай-ақ, Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев, «Қазақстанда парламентаризмді дамыту қоры» қоғамдық қорының президенті Зәуреш Баталова, Болатхан Тайжан қорының президенті Мұхтар Тайжан, Бас прокурордың орынбасары Андрей Кравченко, ЕҚЫҰ бағдарламалары Астанадағы офисінің басшысы, елші Дьердь Сабон, тағы басқа шешендер сөз алып, тақырыпқа байланысты ұсыныс-пікірлерін білдірді. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан» Суретті түсірген Сайлыбай МАЙЛЫБАЕВ