Форум жұмысы 26 қыркүйекте 11:00 сағатта «Rixos President Astana» қонақүйінде басталады.
Ауқымды шараның мақсаты – ИЫҰ-ға мүше-мемлекеттердің білім және ғылыми әлеуетін дамыту саласында әріптестікті нығайту. Сонымен қатар, ИЫҰ-ға мүше-мемлекеттердің экономикасы үшін үздік технологияларды енгізу, ғылымды дамытуға ықпал ету, білімге негізделген қоғам құру мәселелері де парламентшілер назарынан тыс қалмауға тиіс. Сондай-ақ, ұлттық инновация жүйесін нығайту, ғылыми-техникалық даму үшін жүйелік мотивация тетіктерін қосу бағыттарына да басымдық беріледі.
Форум аясында Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ислам ұйымының (ИСЕСКО) «Ұйымға мүше және мүше емес мемлекеттерінде ғылым, технология және инновация салаларында нормативтік-құқықтық база және ынталандырушы шаралар» бағытындағы зерттеулерінің таныстырылымын өткізу көзделген.
Форумға 25 елдің парламент өкілдері мен сарапшылары, сондай-ақ, халықаралық ұйымдардың мүшелері қатысады деп күтілуде.
Аса маңызды шараның ұйымдастырушылары: Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі, Білім, ғылым және мәдениет мәселелері бойынша ислам ұйымы (ИСЕСКО) және Ислам даму банкі (ИДБ).
Форум қорытындысы бойынша Астана декларациясы қабылданбақ.