Қаратау ауылдық округіне қарасты Ақсүмбе елді мекеніндегі «Ақбикеш» мұнарасы облыс әкімінің 2010 жылғы 9 маусымдағы қаулысымен ХІІІ-ХІV ғасырдағы қала құрылысы және сәулет ескерткіші ретінде мемлекеттік тізімге енгізілген.
Тарихи деректерде Ақбикеш мұнарасын ХІІІ ғасырда Дешті-Қыпшақ тайпасы қарауыл мұнарасы ретінде салынғаны жазылған. Мұнара биік жерде таудың төмен қабатында орналасқан. Кезінде биіктігі 24 метр шамасында лайдан тұрғызылған мұнара қазір 13 метрге түскен. Ол осы күнге дейін табиғи әсерлерден жартылай бұзылып, төбесі мүжіліп, қабырғаларын жаңбыр шайып келген. Енді қайта қалпына келтіру жұмыстарын қажет етеді. Сан ғасырлық тарихы бар жәдігерге осы уақытқа дейін бірде-бір жөндеу жұмыстары жүргізілмеген.
«Ақсүмбе» мұнарасын қайта қалпына келтіру жұмыстары үшін құны 26 миллион 710 мың теңгеге жобалық-сметалық құжаты дайын. Алайда, Бюджет кодексіне сәйкес арнайы бағдарламаның жоқтығынан оған жергілікті қазынадан қаржы бөлу мүмкін болмай отыр.
Тарихи мұраны сақтап қалу мақсатында Созақ ауданы әкімдігінің бастама көтеруімен және жергілікті тұрғындардың қолдауымен реставрациялық жөндеу жұмыстарына дейін арнайы төзімділігі берік материалмен қаптама тігіліп, уақытша қаптау жұмыстары ұйымдастырылды. Бұл жұмысқа «Қаратау» ЖШС-нің басшылығы ерекше көңіл бөліп, қажетті техникалар мен қамтамасыз етті.
Қазіргі таңда мұнараны сақтап қалу, қайта қалпына келтіру, көркейту жұмыстарын қолға алу мақсатында арнайы қор ашу жұмыстары жүргізілуде. Аталған қорға «Қаратау» ЖШС-нің басшылығы көлемді қаржы аударатынын жеткізіп, өзге өндіріс орындарын да қолдау көрсетуге шақырды.
Бақтияр Тайжан,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы,
Созақ ауданы