• RUB:
    5.05
  • USD:
    484.37
  • EUR:
    531.06
Басты сайтқа өту
29 Қыркүйек, 2016

Селтик Манчестер Ситиге 3 гол соқты. Бавария жеңілді. Чемпиондар лигасына шолу (видео)

295 рет
көрсетілді

Бүгін Чемпиондар лигасы топтық кезеңінің екінші айналымы мәресіне жетті. А тобындағы ағылшынның «Арсеналы» өз алаңында Швейцарияның «Базель» командасын қабылдап, ойынның тағдырын бірінші таймда-ақ шешіп қойды. Алғашқы 26 минуттың ішінде Тео Уолкотт дубль жасап, сол нәтиже матчтың соңына дейін сақталды. Осы топтағы екінші кездесу Болгарияның Разград қаласында өтті. Онда жергілікті «Лудогорец» француздардың «ПСЖ» командасын қабылдап, 1:3 есебімен жеңілді. Матчтың басында есеп ашқан болгарлар бұл басымдықты тайм соңына дейін сақтап қала алмады. Ал екінші таймда «Лудогорец» қорғаушысы Космин Моци есепті теңестіретін мүмкіндікті жіберіп алды. 11 метрлік айып добын орындаған ол «ПСЖ» қақпашысы Альфонс Ареоладан айласын асыра алмады. B тобындағы Италияның «Наполи» командасы өз алаңында португалиялық «Бенфиканы» жеңді. Бірінші таймда бұрыштамадан берілген допты қақпаға баспен дәл бағыттаған Марек Гамшик есеп ашты. Ал матчтың екінші бөлігінде алаң иелері қарсыластар қақпасына небәрі жеті минут ішінде қатарынан үш гол соғып үлгерді. Аркадиуш Милик пенальтиді сәтті орындаса, Дрис Мертенс дубль жасады. Ойын соңына қарай «Бенфика» сапынан Гонсалу Гуэдеш пен Эдуардо Сальвио бір-бір голдан соғып, есеп айырмасын қысқартты. Түркияның «Бешикташ» командасы Киевтің «Динамосын» қабылдап, 1:1 есебімен тең ойнады. «Бешикташтың» жартылай қорғаушысы Рикарду Куарежма матчтың 28-минутында айып соққысынан гол соқты. Ал ойынның 65-минутында «Динамо» сапындағы Виктор Цыганков есепті теңестірді. С тобында немістің «Боруссия Мёнхенгладбах» командасы өз алаңында Испанияның «Барселонасын» қабылдады. 34-минутта немістер жылдам шабуыл ұйымдастырып, Торган Азар есеп ашты. Ал екінші таймда «Барселона» ойыншылары алаң иелерінің өрескел қателіктерін тиімді пайдалана білді. Арда Туран есепті теңестірсе, жеңісті голды қорғаушы Херард Пике соқты. Өз алаңында ағылшынның «Манчестер Сити» командасын қабылдаған Шотландияның «Селтигі» керемет ойын өрнегін көрсетіп, жанкүйерлерін қуанышқа бөледі. Екі команда да нәтижелі ойын көрсетіп, бірінші таймды 2:2 есебімен аяқтады. Ойын бастала салымымен ағылшындар өрескел қателікке бой алдырып, Мусса Дембеле 3-минутта есеп ашты. Көп ұзамай «Манчестер Ситидің» жартылай қорғаушысы Фернандиньо есепті теңестірді. Ал ойынның 20-минутында «Селтик» қайтадан тізгінді өз қолына алды. Оларға Рахим Стерлингтің автоголы көмектесті. Бірақ, осыдан 8 минуттан кейін ағылшын шабуылшысы өз қателігін түзеп, есепті қайта теңестірді. Екінші таймда Мусса Дембеле тағы бір гол соғып дубль жасады. Кездесуде соңғы голды 55-минутта Нолито соқты, сөйтіп матч 3:3 есебімен тең аяқталды. D тобында Мадридтің «Атлетикосы» Мюнхеннің «Бавария» командасын қабылдады. Бұл кездесу чемпиондар лигасының өткен маусымдағы жартылай финалдық ойынын еске түсірді. Ол кезде испаниялықтар екі матч қорытындысы бойынша немістерді жарыс жолынан шығарып тастаған болатын. «Бавария» допқа иелік етуде басымдық танытқанымен, «Атлетико» қақпаға көбірек соққы бағыттай білді. Осылайша, ойынның 35-минутында Янник Феррейра-Карраско тура соққысымен есеп ашты. Қалған уақытта «Атлетико» ойыншылары сауатты қорғанып, қарсыластарына ешбір мүмкіндік бермеді. Тіпті, 84-минутта олар есеп айырмасын көбейтуге мүмкіндік алды. Алайда, Антуан Гризманн пенальтиден мүлт кетті. Осы топтағы Ресейдің «Ростовы» Голландияның «ПСВ» командасын қабылдап, 2:2 есебімен тең түсті. Төрт голдың барлығы бірінші таймда соғылды. «Ростов» сапында Дмитрий Полоз дубль жасаса, қарсыластар командасынан Дэви Проппер мен Люк де Йонг гол соқты. Сонымен қатар, E, F, G, H топтарында өткен екінші айналым ойындарының нәтижелерін назарларыңызға ұсынамыз: «Монако» — «Байер» — 1:1 (Глик, 90+4 — Чичарито, 74); ЦСКА — «Тоттенхэм» — 0:1 (Сон, 71); «Боруссия» (Д) — «Реал» (М) — 2:2 (Обамеянг, 43, Шюррле, 87 – Роналду, 17, Варан, 68); «Спортинг» — «Легия» — 2:0 (Руис, 28, Дост, 37); «Лестер» – «Порту» — 1:0 (Слимани, 25); «Копенгаген» — «Брюгге» — 4:0 (Денсвил, 53 (аг), Дилэйни, 64, Сантандер, 64, Йоргенсен, 90+2); «Динамо» (Загреб) – «Ювентус» — 0:4 (Пьянич, 24, Игуаин, 31, Дибала, 57, Семпер, 85 (аг)); «Севилья» — «Лион» — 1:0 (Бен Йеддер, 53). Айдар ӨРІСБАЕВ