Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Астанаға ресми сапармен келген ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы – Литва Республикасының Сыртқы істер министрі Аудронюс Ажубалиспен кездесіп, келіссөздер жүргізді. Қазақстанның жетекші ұйымға төрағалығының нәтижесі және Қазақстан – Литва екіжақты ынтымақтастығы елордадағы келіссөздердің өзегіне айналды.
«Мен Ажубалис мырзаның Қазақстанға келгеніне өте қуаныштымын. Ол тек біздің әріптесіміз, яғни Сыртқы істер министрі ғана емес, сондай-ақ, ЕҚЫҰ-ның қазіргі Іс басындағы төрағасы. Қазақстан аталған Ұйымға төраға болған кезден бұрын да қос мемлекет арасында жақсы әріптестік байланыс орнаған болатын. Қазақстан мен Литва ЕҚЫҰ «үштігіне» кіреді. Сондықтан, біз екі елдің Ұйым аясындағы байланысын одан әрі дамыту, Астана Декларациясында негізі қаланып үлгерген шараларды одан әрі жүргізу бағытында бірлесе жұмыс атқаруымыз қажет. Осы ретте, Литва мемлекетіне өзіне жүктелген осынау жоғары әрі қиын миссияны табысты аяқтауын тілейміз. Біз сіздерге әрдайым өз тарапымыздан қолдау-көмек көрсетеміз. Бұл, ең алдымен, барлығымызға ортақ мақсат-мүддеге жетуге сеп болары сөзсіз. Ол мақсат мынау: Ұйымды одан әрі нығайту және оның қазіргі замандағы күрделі мәселелердің жауабын іздеуіне жол ашу», – деді Қанат Саудабаев. Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі келіссөз кезінде ұйым қызметін жандандыруда еуроатлантикалық және еуразиялық қауіпсіздіктің біртұтастығы айрықша мәнге ие болуы керектігін алға тартты. «Бұл Ұйымның маңызды бағытына айналуы тиіс», – деді Қ.Саудабаев.
Аудронюс Ажубалис өз сөзінде Қазақстан елордасы – Астанаға осымен 4-ші мәрте атбасын тіреп отырғанын тілге тиек етті. «Мен өз әріптестеріммен, ЕҚЫҰ «үштігі» өкілдерімен кездескенімнен айрықша әсер алып отырмын. Осы орайда, мынаны баса айтқым келеді: Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы жарқын із қалдырды. Мен Ұйымға мүше елдерге міндеттеме белгілеп берген Астана Саммиті туралы ғана айтып отырған жоқпын. Ұйым құрамындағы елдер арасындағы демократиялық байланыстардың жоғары стандартын қалыптастыруда да Қазақстанның қосқан үлесі үлкен. Бұл Литва мемлекетіне осы жұмысты одан әрі жүйелі жүргізуге де мүмкіндік береді. Оған Қазақстанның көмегі айрықша қажет», – деді А. Ажубалис.
Литва Сыртқы істер министрі өз кезегінде Қазақстан туралы тағы бір оң пікір білдірді. Ол: «Еліміздің Ұйымға жаңаша, оң серпін бергендігі» екен. «Бұл Ұйымның қайтадан «түлеуіне» ықпал еткенін айтуымыз қажет», – деді бұл турасында Литва өкілі.
Әңгіме барысында тараптар Қазақстан Президентінің бастамасымен 11 жылдық үзілістен кейін Ұйымның жаңа еуразиялық ынтымақтастық векторын айқындап берген Астана Саммитінің нәтижелерін жүзеге асыру, жаңа сынақтар мен қауіптерге қарсы тұруда Батыс пен Шығыс арасындағы үнқатысуды ретке келтіру мәселелерін талқылады.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.