Кеше «Нұр Отан» ХДП 2011 жылға арналған Республикалық желілік іс-шаралар кестесіне сәйкес «Нұр Отан» ХДП Фракциясы жанындағы Құқықтық кеңес «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңды тұлғалардың қылмыстық жауапкершілігін енгізу мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңының жобасын талқылаған халықаралық дөңгелек үстел өткізді.
Құқықтық кеңес мүшелері алдымен өткен жылғы атқарылған істерге қорытынды жасап, алдағы атқаратын істердің бағытын нақтылады. Одан кейін Парламент депутаттарының, министрліктер мен ведомстволардың, «Нұр Отан» ХДП Парламентаризм институтының, қазақстандық үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, Австрияның, Латвия мен Молдова республикаларының ғалымдары мен сарапшылары бар кеңейтілген құрамда Қазақстанда заңды тұлғалардың қылмыстық жауапкершілігін енгізуді құқықтық реттеу мәселелерін талқылады.
Отырыста Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» ХДП Фракциясының жанынан құрылған Құқықтық кеңес төрағасы Нұрлан Әбдіров кеңестің 2010 жылдың наурызындағы ұйымдастыру мәжілісінен бергі атқарылған істері жөнінде сөз сөйледі.
Құқықтық кеңестің ең алғашқы жетістігі – «Жария ақпаратқа қолжетімділік туралы» заң жобасын дайындағандығы. Ол еліміздің және кейбір шетелдік сарапшылардан оң баға алды. Енді кеңес мүшелері осы жылы онымен жұмысты жалғастыруды жоспарлап отыр.
Нұрлан Әбдіров 2011 жылға арналған жұмыс жоспарын баяндай келе, Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Қазақстан халқына Жолдауы мен «Нұр Отан» ХДП-ның XIII-съезінде айтылған тапсырмаларды орындау бойынша іс-шараларды іске асыру жөнінде сөз қозғады.
Талқылау қорытындысында Құқықтық кеңес Конституция күні мен еліміз Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арнайы отырыс өткізуді жоспарлады.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңды тұлғалардың қылмыстық жауапкершілігін енгізу мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңының жобасы талқыланды. Талқылау барысында заңнаманы жетілдіру бағытында тиісті ұсыныстар қабылданды.
«Егемен-ақпарат».