Кеше Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы – Литваның Сыртқы істер министрі Аудронюс Ажубалисті қабылдады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Кездесу барысында Қазақстан мен ЕҚЫҰ арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселесі талқыланды.
– Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы Ұйымның тарихында терең із қалдырды. Он бір жылдан кейін алғаш рет Астанада өткен саммитте Ұйымға мүше мемлекеттер өздерінің ЕҚЫҰ-ның негізін құраушы қағидаттарды ұстанатындықтарын тағы да қуаттағаны өте маңызды. Литва Іс басындағы төраға ретінде өз жұмысын осы негізде жүргізетін болады, – деп атап өтті А.Ажубалис Президент Н.Назарбаевпен әңгіме барысында.
ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы – Литва Республикасының Сыртқы істер министрі Литва ЕҚЫҰ-ның «үштігі» аясында Қазақстанмен тығыз ынтымақтастық орнатуға мүдделілік танытып отырғанын атап өтті. Әсіресе, бұл Орталық Азия аймағындағы проблемаларға қатысты.
– Қырғызстандағы дағдарыс кезінде Қазақстан ЕҚЫҰ-ның төрағасы ретінде белсенді әрі жылдам әрекет жасап, ахуалды тұрақтандырушы рөл атқарды. Сіздің еліңіз мұндай жағдайда қалай тиімді жұмыс істеу керектігін көрсетті, – деді ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы.
БАҚ өкілдеріне арналған брифингте А.Ажубалис Астанада 11 жылдан соң алғаш рет өткен ЕҚЫҰ саммитінің зор мән-маңызы барын атап өтті.
– Біз Қазақстанның БСҰ-ға кіру мәселесін талқыладық. Еуроодақтың көзқарасы тұрғысынан алғанда, бұл – таза бизнес үшін жағдай жасауға негіз болатын ұйым. Ең бастысы, Қазақстан өз Тәуелсіздігін алған 20 жыл ішінде экономикалық қарқынды дамуға қол жеткізді. Аймақта да, әлемде де елдің беделі барған сайын арта түсуде. Бизнес үшін барлық жағдай жасалуда. Қоғамдағы жағдай тұрақты. Мен сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаевқа Литва Президенті атынан тәуелсіздік күнімен құттықтауы және Қазақстанға шақырған ықыласы үшін алғыс айттым, – деді А.Ажубалис.
Сонымен қатар, ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы – Литва Республикасының Сыртқы істер министрі астананың әсемдігіне өз таңданысын білдірді.
– Қазақстан тәуелсіздігінің бастапқы кезінде қолға алынғанын ескере келгенде, астананы көшіру батыл шешім болды. Сіз өз елордаңызды, өз Астанаңызды мақтан тұта аласыз, – деді А.Ажубалис.