• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
14 Қазан, 2016

Алғашқы қар Таразда үш мыңнан аса ағашты құлатты (фото)

550 рет
көрсетілді

Алғашқы қар жамбылдықтарды әжептеуір әбігерге салды. Төтенше жағдай қызметі өңірде күн суытып, жаңбыр жауып, соңы қарға ұласатынын ескерткен болатын. Бірақ екі кештің ортасында жапалақтап қар жауып, жер-дүниенің бәрін әп-сәтте бір қарыстай қар басып қалады деп ешкім ойламаған еді. Кешегі бейсенбінің кешінде аппақ қар өндіріп жауып тастады. Ауыл-аймақты былай қойғанда көшесінен көлік құрғамайтын Тараз қаласының өзінде ары-бері қатынау қиын боп қалды. Ал, кеше таңертең облыс орталығының көшелері адам танымастай боп өзгерді. Көше бойында ұзынынан сұлап жатқан тал-терек көп. Еріп жауған қарды көтере алмай тамырымен қопарылып құлап жатқан ағаштар, сынып түскен бұтақтар тротуар түгілі үлкен көшелердің өзін бөгеп, көлік қоғалысына қиындық тудыруда. Жол бойы үзіліп жатқан желілер де көп. Тараз қалалық әкімдігі баспасөз қызметінің бізге берген мәліметіне қарағанда осы алғашқы қар жауған түні облыс орталығында 3 мыңнан аса тал құлапты. Қазір құлап жатқан тал теректерді кесіп, жолдарды тазалау үшін 35 «КамАЗ», 9 жүк салатын көлік және әкімдіктің бөлімдерінен 12 бригада жұмылдырылып, 300-ден астам адам шұғыл іске кірісті. Бұдан бөлек төтенше жағдай қызметі 4 бригада, электр жүйелері мекемесі әрқайсысы 5 адамнан тұратын 20 бригада шығарды. Электр мамандары үш күннің ішінде жарық беру мәселесін толық қалпына келтіреміз деп отыр. Қар жауған түні қаланың көп жерлерінде жарық сөніп қалған болатын. Өйткені құлаған ағаштар көптеген электр желілерін үзіп кетті. Қазір жарық бар, дегенменде кейбір көшелер әлі де жарықсыз қалуда. Облыста жылу 15-қазаннан бастап берілуі тиіс еді. Қазірдің өзінде «Жамбыл жылу», «Теміржол жылу» мекемелері кейбір тұрғын үйлерге және әлеуметтік нысандарға жылу беріп жатыр. Әйтсе де Тараз қаласының негізгі көшелерінде жылу құбырларын жаңалау жұмыстары әлі жүріп жатқанына қарағанда жылу беру мәселесі біразға созылатын сияқты. Жалпы алғанда қар жауған түні төтенше жағдай қызметіне «Жарық жоқ», «Терек құлады» деген сыңайдағы 124 өтініш түскен. Сондай-ақ, төтенше жағдай қызмет 7 көлікті ағаш басып қалғанын айтады. Зардап шеккендер жоқ. Бүгін ауа-райы жылынып, қар күрт еріді. Аудан-ауылдармен көлік қатынасы қалыпты жағдайға түсті. Оралхан ДӘУІТ, Фото Ақәділ Рысмахан Жамбыл облысы.