Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орайластырылған «Қуатты өңірлер – Қуатты Қазақстан» акциясының аясында елордада өңірлер күндерінің ұйымдастырылуы осы аптада да жалғасуда. Бұл жолғы кезек – Қостанай және Оңтүстік Қазақстан облыстарында.
Сенбі-жексенбі күндері Астанадағы жәрмеңкенің бірі әдеттегідей қала әкімдігінің алдындағы алаңда ұйымдастырылады. «Қазақстанда жасалған» деп аталатын ауылшаруашылық жәрмеңкесінің көрігін бұл күндері Астанаға алтын дәнін арқалап келген қостанайлықтар қыздырмақ. Онда облыстың жетекші өндірушілерінің жоғары сапалы экологиялық таза өнімдері ұсынылатын болады. 2 күн бойына облыстың 14 ауданы мен 3 қаласының 74 кәсіпорны 360 тонна көлемінде 100-ден астам өнім түрін сатады. Соның ішінде малдың барлық түрінен 53 тонна ет, 180 тонна картоп пен көкөніс, 14 тонна сүт өнімдері, 10 тонна шұжық өнімдері мен жартылай фабрикат, 15 тонна жарма мен макарон өнімдері, 13 тонна нан-тоқаш және кондитер өнімдері, 250 мың дана жұмыртқа, 45 тонна ұн бар. Барлық тауарлар Астана қаласының базарларында қалыптасқан орташа бағалардан төмен құн бойынша ұсынылады.
Қостанай облысының күндеріне орай кеше Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде арнайы баспасөз мәслихат өтті. Оған Қостанай облысы әкімдігінің өкілдері қатысып, өңірдің Тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктерімен бөлісті.
Мәселен, облыс әкімінің орынбасары Сергей Карплюктің хабарлауынша, Тәуелсіздік жылдары Қостанай облысы жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Атап айтқанда, аграрлық және өнеркәсіптік секторда, тұрғын үй құрылысы және әлеуметтік салалардағы жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай.
«25 жылда 4,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Алдағы 2 жылдың ішінде 90 мың шаршы метр алаңымен 21 үй салынатын болады. Сонымен қоса, Тәуелсіздік жылдары облыстың білім беру және денсаулық сақтау саласының бюджеті 15 есе, мәдениеттің бюджеті 9 есе және спорт бойынша 63 есе өсті», деді С.Карплюк. Ал өз кезегінде ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Байбосын Мурзин облыстың агроөнеркәсіптік кешен дамуының оң серпінін, 25 жыл ішінде ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 332 млрд теңгеге жеткенін, биылғы жылғы егінді қосқанда 106 млн тоннадан астам астық жиналғандығын атап өтті. Ағымдағы жылы 400 жаңа жұмыс орнын аша отырып, жалпы сомасы 7 млрд теңгеге 24 инвестициялық жобаны пайдалануға беру жоспарланып отыр екен. Олардың ең ірі деген 4-еуі ауыл шаруашылығы саласында жүзеге асырылатыны айтылды.
Баспаөз мәслихатында сондай-ақ, облыстың мәдинет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов Астанада өтетін Қостанай облысы күндері аясында ұйымдастыралатын мәдени шаралар туралы айтып берді. Жәрмеңкеден басқа астаналықтар өңірдің мәдени мұрасымен танысып, рухани азық алады.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан»