Боб Дилан 1963 жылы
Бұдан кейін Боб англо-кельт халықтарының дәстүрлі музыкасына негізделген кантри стиліне ауысты. Әртүрлі стильмен әуестенген музыкант 30 жасында шығармашылық тоқырауға ұшырады. 1970 жылы шығарған альбомы сәтсіздікке ұшырады. Алайда арада бірнеше ай өтпей жарық көрген New Morning атты жаңа альбомы британ чарттарын бастады. 80-жылдары Дилан діни тақырыптағы әндер жаза бастады. Бірақ онысы жақсы қабылданбады. Ал 1997 жылы шығарған Time Out of Mind альбомы керемет табысқа жетті. Бұл альбомы үшін ол 3 Грэмми алды. Соның ішінде «Жыл альбомы» атағын иеленді. 2000 жылы Вундеркиндтер фильміне жазған музыкасы үшін Оскар сыйлығына ие болды. 2000 жылдары Диланның әндерінен оның джазға қызыға бастағаны байқалды. 2008 жылы оған «танымал музыкаға, американ ықпалы жасаған кереметтей ықпалы, теңдесі жоқ поэтикалық құдіретке ие лирикалық композициялары үшін» Пулитцер сыйлығы берілді. 2010 жылы Love and Theft альбомы онжылдықтың үздігі атанды. 2012 жылы президент Барак Обама Боб Диланды Президенттің Бостандық медалімен марапаттады. Жазушы әрі журналист Хантер Томпсон өзінің атақты «Лас-Вегаста үрей мен жиреніш» романын Боб Диланға арнады және өзі өлгенде жерлеу рәсімінде Мистер Тамбурин Мэн әні айтылып тұруын өсиет етті. Time журналы ХХ ғасырдағы оқиғаларды қорытындылай келе Диланды ғасырдың ең ықпалды тұлғалары қатарына қосты. Боб Дилан 2015 жылы да Нобель сыйлығына ұсынылды. Бобтың баласы Джейкоб Дилан да рок-музыкант. Боб Диланның басты ерекшелігі – үнемі үздіксіз ізденіске әрі толассыз жаңаруға ұмтылатыны. Дилан туралы бүгінге дейін жүздеген кітап жазылып, ондаған фильм түсірілген. Ал 2004 жылы оның автобиографиялық еңбегінің алғашқы томы жарық көрді. Алайда, музыка мамандарының айтуынша, ол әлі де жұмбағын ашпаған орындаушы. 75 жастағы Дилан бүгінге дейін музыка әлеміндегі «ең-ең» деген жүлделердің бәріне қол жеткізіп үлгерген. «Грэмми» сыйлығының 9 мәрте иегері. Ал Нобель сыйлығын музыкант Боб Диланға табыстау себебін Швед академиясының тұрақты хатшысы Сара Дэниус былайша түсіндіріпті. «Америкалық орындаушы ағылшындық әдебиет дәстүріне ерекше әрі соны леп алып келген ұлы ақын. Әрине, бұл таңдау бір қарағанда, күтпеген жағдай болып көрінуі мүмкін. Алайда, оның композицияларынан Гомер мен Сафоның ізін байқар едіңіз. Себебі, олар да өзгеше поэтикалық мәтіндерді жазды. Сондықтан, мен Боб Диланның бұл марапатқа ие болуын оның осындай қасиетімен байланыстырар едім. Диланның бұл сыйлықты иеленуі – әділ шешім». Миллиондардың жүрегіне жол тапқан әйгілі музыкантқа Нобель сыйлығын табыстаудың салтанатты рәсімі Стокгольм қаласында 10 желтоқсан күні өтеді. Биыл жүлде 8 миллион швед кронын, яғни 923 мың АҚШ долларын құрайды екен. Ләйла Еділқызы
•
14 Қазан, 2016
Боб Дилан. Нобельдің жаңа лауреаты кім?
423 рет
көрсетілді