Кеше Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы – Литва Сыртқы істер министрі Аудронюс Ажубалиспен кездесті.
Өз сөзінде мейман 2010 жылы Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету міндетін жоғары деңгейде атқарып шыққанын атап өтті. Қазақ елінің игі бастамалары жалғасын тауып жатқанын мәлімдеді. Қазақстанның, әсіресе, Молдова мен Қырғызстанға қолдау білдірудегі белсенділігін ерекше айтуға болады. Сонымен бірге есірткіге қарсы күресті күшейту мақсатында Ауғанстанмен көршілес елдердің шекараларын нығайту мәселелерін сөз етті.
А.Ажубалис Қырғызстандағы тұрақтылықты қалыптастыру мәселелері күн тәртібінде тұрғанын, осы орайда өзінің сол елге сапармен баратынын жеткізді.
Мәжіліс Төрағасы ЕҚЫҰ-ның негізгі үш өлшемі бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың өзектілігін айтып өтті. Сондай-ақ Қазақстан Парламентінің қаржы дағдарысына қарсы қабылдаған заңдары, ел тәуелсіздігінің 20 жылдығын лайықты атап өту бағытындағы дайындық барысы туралы ойларымен бөлісті.
Кездесуде тараптар Қазақстан мен Литва арасындағы ынтымақтастық туралы пікір алмасты. Екі ел достық байланысты дамытуға ынталы. Орал Мұхамеджанов, әсіресе, көлік және экономиканың аграрлық саласын дамытуда екі жаққа да тиімді келісімдерді жүзеге асыруға болатынын айтты.
«Егемен-ақпарат».