• RUB:
    5.06
  • USD:
    486.44
  • EUR:
    534.31
Басты сайтқа өту
15 Қазан, 2016

Көлік саласындағы білім беру көкжиегі

332 рет
көрсетілді

М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясының құрылғанына биыл 85 жыл толды. Отандық көлік және тораптық қызмет көрсету саласының білікті мамандарын даярлайтын оқу орны еліміздегі маңдайалды білім шаңырағы санатында. Салалық білім беретін елуден астам жоғары оқу орнының арасындағы рейтинг бойынша тоғызыншы орынды иеленетін академия, қазіргі кезде Болон жүйесі бойынша 3 сатылы білім беруге көшкен. Аймақтарда арнаулы мамандықтар бойынша оқытатын 5 колледж жұмыс жасайды. Академияның қара шаңы­рағында дөңгелек үстел өтті. Мерейтойлық бағдарламалар ая­сында ұйым­дастырылған «Еура­зиялық эконо­микалық одақ шеңберінде көлік саласындағы білім беру мен ғылым­ның даму келешегі» атты шараға отандық көлік саласының білгірлері мен Ресей, Ұлыбритания, Австрия елде­рінен келген мамандар қатысты. Дөңгелек үстелде М.Ты­ныш­баев атындағы Қазақ кө­лік және коммуникация ака­демиясының ректоры Бақытжан Қуанышев көлік саласы мамандарын даярлаудағы озық әдістемелер мен мәселелер туралы айтып, әлем елдерінің тәжірибесін қол­данудағы ерекшеліктерге тоқ­талды. Ал «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы тех­никалық саясат және реттеу де­партаментінің директоры Талғат Қанатбаев академия мен ұлттық компания арасындағы тығыз байланыстың темір жол мамандарын оқытуда өз жемісін беріп отырғандығын сөз етіп, осы тәжірибені ЕАЭО елдерінің білім беру ісіне қолдануды ұсынды. Көлік саласының мамандарын даярлаудағы қазақстандық тәжірибенің озық тұстарын мәскеулік ғалым, Император 2-Ни­колай атындағы жол-көлік институтының бірінші проректоры Валентин Виноградов та атап көрсетті. 120 жылдық тарихы бар Мәскеудегі білім ордасы қазір аймақтағы ғана емес, әлемдегі сала мамандарын оқытып, даярлаудағы көшбасшы орында. Жалпы, көлік саласының дамуы білікті мамандардың қо­лында екені талас тудырмайды. Мемлекеттердің экономикасы да негізінен көліктік тасы­малдау мен логистикаға арқа сүйеп отыр. Әсіресе, ТМД елдері арасындағы ішкі байланыс пен сыртқы тасымал айналымында темір жолдың алатын орны маңызды. Демек, көлік саласын басқару мен дамытуға да жаңаша көзқарас, ғылымға негізделген тың қадамдар қажет. Бұл – ЕАЭО елдері үшін де, Еуропа үшін де күн тәртібіндегі мәселе. Дөңгелек үстелде сөз алған ағылшын ғалымы, Ұлыбритания көлік және логистика институты халықаралық байланыстар департаментінің директоры Джон Харрис, «ҚазЖол» ғылыми-зерттеу институтының президенті Бағдат Телтаев және австриялық «Фраушер Сенсортехник» ком­паниясының ТМД бойынша атқарушы директоры Уве Гюнтер көлік саласындағы білім беру мен ғылымның көкжиегін кеңейтуге қатысты ойларымен бөлісті. Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ