Алматыда дәстүрлі «Үздік авторлық бағдарлама» республикалық байқауы мәреге жетіп, топжарған ұстаздар марапатталды.
Байқауды «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы педагогикалық мамандықтың мәртебесін көтеру, дарынды балаларға арналған білім беру ұйымдары мұғалімдерінің инновациялық-педагогикалық қызметін дамыту мақсатында жыл сайын өткізіп келеді. Бұл жылғы байқауға көрнекілік жұмыстары екінші іріктеу кезеңінен өткен облыстық білім басқармасы мен дарынды балалармен жұмыс жасайтын аймақтық ғылыми-практикалық орталықтарының өкілдері және дарынды балаларға арналған мамандандырылған білім беру ұйымдарының мұғалімдері қатысты. Конкурстың алғашқы сатысында еліміздің барлық аймақтарынан 309 жоба ұсынылған болатын. Оның ішінде мектеп мұғалімдерінен 65 командалық жұмыс тапсырылған екен. Сараптау комиссиясының шешімі бойынша 171 жоба, оның ішінде 40 командалық жоба қорытынды кезеңге жолдама алған-ды.
Қорытынды конкурста әр түрлі бағыт бойынша педагогтар 9 секцияда жұмыс жасады. Қазылар алқасының шешімі бойынша «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының номинациялары бойынша 37 жұмыс жеңімпаз деп танылып, Білім және ғылым министрлігінің І дәрежелі дипломдарымен 12 жоба, ІІ дәрежелі дипломдармен 24 жоба және ІІІ дәрежелі дипломдармен 34 жоба марапатталды.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ