Астана қаласында жақында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасында Қазақстан мен Ресей арасындағы ХІІІ аймақаралық ынтымақтастық форумы аясында жастарға қатысты өзекті мәселелерге байланысты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Оның жұмысына отандық және шетелдік ғалымдар, ғылыми-зерттеу институттарының, оқу орындарының, қоғамдық бірлестіктер мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Іс-шара барысында білім беру жүйесі, кәсіпкерлікті дамыту, жұмыс орындарымен қамтамасыз ету мен қолжетімді баспана сынды Қазақстандағы жастар проблемалары талқыланды. Сонымен қатар, жастар саясатын дамытудағы басты бағыттарға байланысты бірқатар маңызды шешімдер қабылданды.
Конференция аясында «Жастар» ғылыми-танымдық орталығы мен Жастар саясаты және халықаралық қатынастар институты федералдық мемлекеттік білім беру мекемесі – Мәскеу технологиялық университеті, Қазақстан студенттер альянсы мен Бүкілресейлік студенттер одағы және «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы мен Ресейлік студенттер жасағы арасында меморандумға қол қойылды.
Конференция Білім және ғылым министрлігі, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті және «Жастар» ғылыми-танымдық орталығымен бірлесіп ұйымдастырылды.