Елордада «Астана мюзикл» театры ашылды
Осыдан 11 жыл бұрын, Нью-Йоркте, Бродвейде «Мамма-Мияны» көрген едім. Жоқ, дұрысы – көру бақытына ие болып едім. Одан кейін Мәскеуде «Чикагоны» тамашалағанмын. Сол кезден мюзикл бізге қашан келер екен деп ойлап, тіпті, армандап жүретінмін. «Достар серті» мюзиклінің қойылуы сол күнге біздің де жақындағанымызды көрсетеді.
Иә, жақындағанымызды. Өйткені, мюзикл негізінен оперетта жанры өркендеген жерде ғана көңілдегідей дамыса керек. Ал қазақ топырағында оперетта өркендемек тұрмақ, қазірше жөндеп қалыптасқан да жоқ. Дегенмен, Астанада қойылған «Достар серті» шын мәнінде бетбұрыстық оқиға болды дей аламыз. Енді бізде мюзикл де бар! Бәрі де жақсы. Музыка да, би де, режиссура да, безендіру де. Жастардың дауысы, қимыл-қозғалысындағы үйлесімділік, экспрессия, костюмдер жаныңды жарық нұрға бөлейді, алыста қалған жастық шағыңа алып кетіп, өмірдің сұлулығын келісті көрсетеді. Тек бір әттеген-айы – шығарманың драматургиялық арқауы босаңдау. Той сәтінен кейін тағы бір сынақтар алдан шығуға, жастардың достығы ол сынақтардан да өтуге тиіс еді. Драмалық коллизия музыкалық комедияға да артықтық етпейді. Ал мұнда бәрі тым жаймашуақ шешіле қалады. Дегенмен, бұл айтылғанның елдің бас қаласына көшіп келіп жатқан «Қазақконцерттің» жас артистеріне, талантты режиссер Есләм Нұртазинге, хореографияға еш қатысы жоқ. Олар жақсы туынды қолға тисе жандырып жіберетінін нақты көрсетті. Шын мереке сыйлады жұртшылыққа.
Тағы бір ескеретін жай – ерекше сахна, арнаулы эффектілер тек стационарлық мюзикл жағдайында ғана ойдағыдай шығатындығы. Ал бұл үшін «Достар сертін» ұдайы бір сахнада қою, қажымай-талмай насихаттау, жаппай жарнамалау, көрермендерді әлі көз үйрете қоймаған жанрды жатсынбайтындай ету, яғни өте ауқымды ұйымдастыру жұмысы керек. Сонда «Достар серті» күні ертең-ақ біздің ЭКСПО-2017 қонақтарына ұялмай ұсынатын тартуымызға айналады. Шетелдік қонақтарды Астанада мюзикл бар екендігінің өзі қызықтырмай қоймайтыны анық.
Сауытбек АБДРАХМАНОВ,
Мәжіліс депутаты