1998
* 1 қаңтарда Президенттің Қазақстан халқына Жаңа жылдық құттықтауы «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрді. «Біз келешекке алдымызда ғұмыр кешкен қазақстандықтардың сан буынының рухына тәу етіп, өткенімізді санамызда қастерлеп сақтау арқылы беттеп келеміз», деді Елбасы өз құттықтауында.
*16 қаңтарда «Жадымызда жатталсын, татулық дәйім сақталсын» тақырыбымен Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қоғамдық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы» туралы ой-толғаныстары республикалық баспасөзде жарияланды.
* 21 қаңтарда Мәскеуде «Төртеудің шартына» (Қазақстан, Қырғызстан, Беларусь және Ресей) қатысушы елдердің көшбасшыларының кездесуі болды. Басқосуда біртұтас кеден кеңістігін құру туралы Қазақстан басшысының бастамасы қолдау тапты.
* 30 қаңтарда Швейцарияның Давос қаласындағы дүниежүзілік экономикалық форумда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев баяндама жасады. Форум аясында Елбасы Швейцария Конфедерациясының Президенті Флавио Коттимен, Бразилия Президенті Ф.Энрике Кардозумен және Болгария Президенті Петр Стояновпен кездесулер өткізді. Бұл кездесулерде бірқатар өзекті мәселелер талқыланды.
* 13 ақпанда Мемлекет басшысы Алматыда Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Испания Королі Хуан Карлос І-мен кездесті. Н.Ә.Назарбаев Испания Королін Қазақстандағы реформалардың барысымен және еліміз дамуының болашағымен таныстырды. Сондай-ақ, әңгімелесу кезінде тараптар елеулі мүмкіндіктері бар Қазақстан-Испания қатынастарына ерекше көңіл бөлді.
* 12 наурызда Елбасы Қазақстанға ресми сапармен келген Моңғолияның Президенті Н.Багабандимен кездесті. Президенттер Қазақстан мен Моңғолияның достық қатынастары мен ынтымақтастықты одан әрі дамыту туралы Бірлескен декларацияға қол қойды.
* 26 наурызда Ташкентте Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан Республикаларының Мемлекетаралық кеңесінің мәжілісі болып өтті. Мемлекеттер басшылары аймақтық интеграцияны одан әрі тереңдету туралы мәлімдемесіне қол қойылды. Осы күні Нұрсұлтан Назарбаев Ташкентте өткен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының саммитіне қатысты. Онда Орталық Азия экономикасына арналған арнайы бағдарлама туралы Ташкент декларациясы (СПЕКА) бекітілді.
* 9-10 сәуір күндері Президент Ресейге жұмыс сапарымен барды. Ресей Президенті Б.Ельцинмен кездесу барысында Елбасы Қазақстан-Ресей қарым-қатынастары және Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі мәселелерін талқылады.
*15 сәуірде Бельгия Корольдігінің Премьер-министрі Жан-Люк Деан Қазақстанға ресми сапармен келді. Қазақстан мен Бельгия үкіметтері арасында бірқатар құжаттарға қол қойылды.
* 28-29 сәуір күндері Президент Н.Ә.Назарбаев «4+N» саммитіне және ТМД Мемлекет басшылары кеңесінің отырысына қатысты. Н.Ә.Назарбаевтың «Қарапайым адамдарға қарай қарапайым он қадам» бағдарламасы талқыланып, қабылданды.
* 6 мамырда Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының астанасы – Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы – Астана қаласы деп қайта атау туралы» Жарлыққа қол қойды.
* 23 мамырда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Катар мемлекетіне және Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапары басталды. Екі ел басшыларымен экономикалық және саяси қарым-қатынастарды одан әрі тереңдету мәселелері жөнінде пікір алмасты. Катар әмірі Шейх Хамат Қазақстанның жаңа елордасы Астана қаласын салуға қатысуға өз елінің әзірлігін білдірді. Елбасының Біріккен Араб Әмірліктеріне сапары барысында екі ел басшылары Қазақстанды Парсы шығанағымен жалғастырып жатқан Трансазия темір жолының мүмкіндігін молырақ пайдалану жолдарын талқылады.
*2 маусымда Астанада Қазақ ұлттық музыка академиясының тұсаукесері болып өтті. Аталған рәсімге Президент Нұрсұлтан Назарбаев арнайы қатысты.
* 8 маусымда Астанада қазақтың үш ұлы данагөйі – Төле би, Қазыбек би, Әйтеке биге орнатылған ескерткіш-монумент ашылды.
* 10 маусымда Қазақ елінің жаңа ордасы – Астана қаласының халықаралық тұсаукесері өткізілді. Салтанатқа Мемлекет басшылары мен үкімет жетекшілері, бірқатар халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәртебелі мінбеден басын иіп тұрып: «Садағаң кетейін, айналайын халқым! Сенің мүддең жолында бойда қуат, ойда нәр – бәрін аянбай сарп етуге пейілмін», деп тебірене сөйледі. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетінің 11 маусымдағы нөмірінде «Астанасы жаңа елдің бастамасы да жаңа» тақырыбымен көлемді мақала жарық көрді.
* 14 маусымда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Түрік Республикасына ресми сапары басталды. Сапар барысында Елбасы Түркия Президенті С.Демирелмен, Премьер-министрі М.Илмазбен кездесулер өткізді.
*l 3 шілдеде Алматыда «Шекара аймағындағы әскери саладағы сенімділікті нығайту туралы» Шанхай және «Шекара аймағындағы қарулы күштерді азайту туралы» Мәскеу келісімдеріне қатысушы бес мемлекет басшыларының кезекті басқосуы болып өтті. Кездесуде Қазақстан Республикасының, Қытай Халық Республикасының, Қырғыз Республикасының, Ресей Федерациясының және Тәжікстан Республикасының Бірлескен мәлімдемесі бекітілді.
* 4 шілдеде Алматыда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚХР Төрағасы Цзянь Цзэминь Қазақстан-Қытай шекарасы туралы қосымша келісімшартқа қол қойды.