Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Б.С.МЕЛДЕШОВПЕН әңгіме
– Бақыт Сәрсенбайұлы, сайлау науқанын тиісті құжаттармен қамтамасыз ету барысы қалай?
– Орталық сайлау комиссиясы 2011 жылғы 3 сәуірге тағайындалған кезектен тыс Қазақстан Республикасының Президенттік сайлауы туралы сайлау құжаттарының нысандарын өзінің 4 ақпандағы қаулысымен белгіледі. Бұл қаулымен дауыс беру бюллетенінің, сайлаушылар тізімінің, кандидаттарды қолдап қол қою парақтарының, тағы да басқа бірқатар құжаттардың нысандары бекітілді. Құжаттамалық қамтамасыз ету жалпы сайлау науқанын ұйымдастыру мен өткізудің маңызды шарттарының бірі болғандықтан, біз әрдайым оған көп көңіл бөлеміз және қажетті құжаттардың нысанын мұқият анықтауға, дер кезінде әзірлеуге ұмтыламыз.
– Үміткерлердің ел Конституциясы мен «Сайлау туралы» Заңға сәйкестігі анықталды. Енді кандидаттарды тіркеу қалай жүргізіледі?
– Қазақстан Республикасы Конституциясы мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық Заңда қойылатын талаптарға сәйкес деп анықталған үміткерлер Орталық сайлау комиссиясында президенттікке кандидат ретінде тіркелу үшін бірқатар шараларды атқаруы қажет. Біріншіден, аумақтық сайлау комиссияларында сенім білдірілген адамдарын тіркеуі және солар арқылы Астана, Алматы қалалары мен кем дегенде тоғыз облыстан барлық сайлаушылардың кем дегенде 1 пайызының дауысын жинауы (91 010 расталған қол), екіншіден, Орталық сайлау комиссиясының есеп шотына заңмен белгіленген ең төменгі жалақының 50 еселенген мөлшерінде сайлау жарнасын аударуы (799 950 теңге), үшіншіден, өзінің және жұбайының 2011 жылғы 1 ақпанға мүлкі мен кірісі туралы декларацияны тұрғылықты жері бойынша салық органдарына тапсыруы қажет. Ал Орталық сайлау комиссиясы кандидатты тіркеу туралы мәселені, ол заңмен көзделген барлық құжаттарды тапсырған соң, өзінің отырысында қарап, тиісті қаулы қабылдайды.
– Ол қандай құжаттар?
– Сайлау туралы Конституциялық заңның 56-бабы 5 және 6 тармақтарына сәйкес, тіркеуден өтуі үшін үміткер сайлаушылардан қолдап жиналған қолдардың растығын дәлелдейтін аумақтық сайлау комиссиясының хаттамасын, өмірбаяндық деректерін, өзінің және жұбайының мүлкі мен кірісі туралы құжатты салық органдарына тапсырғаны жөнінде анықтаманы, сайлау жарнасын аударғанын куәландыратын құжатты тапсыруы тиіс.
Сондай-ақ қоғамдық бірлестік атынан ұсынылған үміткерлер жоғарыда аталған құжаттармен қоса, өзін ұсынған қоғамдық бірлестік отырысы хаттамасының шешімі мен аталған қоғамдық бірлестіктің Әділет министрлігінде тіркелгендігі жөніндегі қосымшаның көшірмесін және өзінің президенттік сайлауға түсетіндігі жөнінде өтініш тапсыруы қажет. Ал өзін-өзі ұсынған үміткерлер өзінің президенттікке түсуге бел байлағаны жөнінде жеке өтініш тапсыруы тиіс.
– Президенттікке кандидаттың сенім білдірілген адамдары қалай тіркеледі?
– Жоғарыда айтылғандай, президенттікке кандидатқа расталған 91 мың 10 қол қажет. Қол жинауды кандидаттардың сенім білдірілген адамдары жүргізеді. Олар аумақтық сайлау комиссиясында тіркелуі керек. Ол үшін сенім білдірілген адамның тегі, аты мен әкесінің аты-жөні көрсетілген тізімді, сондай-ақ сенім білдірілген адамның бұған келіскені туралы өтініштері тиісті аумақтық сайлау комиссиясына тапсырылуы тиіс. Сайлау комиссиясы сенім білдірілген адамның әрқайсысына куәлік береді. Заң талаптары бойынша, кандидаттың әрбір учаскелік сайлау комиссиясына үш адамға дейін сенім білдірілген өкілін тіркеуге құқығы бар. Ал елімізде 9 мыңнан астам сайлау учаскесі бар екенін ескерсек, әр кандидаттың 27 мыңнан астам сенім білдірілген адамдары болуы мүмкін. Оны кандидаттардың өздері белгілеуі тиіс.
– Кандидатты қолдап қойылған қолдардың растығы қалай тексеріледі?
– Кандидатты қолдап қол қойылған парақтар аумақтық сайлау комиссияларына тапсырылады. Аумақтық комиссия тиісті мекемелермен, атап айтсақ, төлқұжат қызметімен бірлесе отырып, қол қойылған парақтардағы сайлаушылар қолдарының растығын тексеруден өткізеді. Осы жерде айта кететіні, бұл кезектен тыс президенттік сайлау болғандықтан, оны өткізу мерзімі екі ай деп белгіленіп отыр. Соған байланысты Ортсайлаукомның қаулысымен қол қою парақтарын тексеру мерзімін он күннен бес күнге дейін қысқарттық.
Бүгінгі күнге дейін Орталық сайлау комиссиясына президенттікке кандидат ретінде екі адам тіркелді. Бұл кандидаттардың тапсырған құжаттары ел Конституциясы мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заң талаптарына толық сәйкес келді.
– Естуімізше, президенттік сайлауға келетін байқаушылар қатары көп секілді.
– Бұрынғы өткізілген президенттік сайлаулар кезінде халықаралық байқаушылардың қызығушылығы жоғары болған. Биылғы жылы да солай болатын сыңайлы. Бүгіннің өзінде бірқатар ірі халықаралық ұйымдар, соның ішінде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы сайлауды байқауға қатысатын ниеттерінің бар екенін білдіріп отыр.
Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардан келетін байқаушылар ресми тіркеледі және оларға сайлау барысын байқауға қатысуға мүмкіндік беретін куәлік беріледі. Орталық сайлау комиссиясы оның да үлгісін бекітті. Ал қазақстандық байқаушылардың тізімін еліміздегі саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер сайлау комиссияларына тапсыруы қажет. Оларға куәлік берілмейді. Партиялар мен қоғамдық бірлестіктер басшыларының мөр басып берген хаты бойынша, жеке куәліктерін көрсете отырып, байқаушы ретінде қатысуларына болады. Сондай-ақ отандық БАҚ өкілдерінің қолында редакция басшыларының хат жүзіндегі тапсырмасы болуы тиіс.
– Бұрынғы науқандарда сайлауды ұйымдастырушыларға, сайлаушыларға жадынама жіберілуші еді.
– Қазір Орталық сайлау комиссиясы учаскелік сайлау комиссиялары мүшелеріне сайлау учаскелері ашылған күннен бастап, сайлау қорытындысы шығарылғанға дейінгі аралықта не істеу керектігі жөнінде жадынама дайындап жатыр. Онда учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің қызметі мен міндеті, барлығы көрсетіледі. Мұндай жадынама, сондай-ақ аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері үшін де, шетелдік байқаушылар үшін де әзірленді.
Ал сайлаушыларды хабардар етуге келетін болсақ, барлық учаскелік сайлау комиссиялары орналасқан үй-жайларда сайлаушыларға арналған ақпараттар және кандидаттардың өмірбаяны суретімен бірге ілінеді. Бұған қоса барлық учаскелік сайлау комиссияларында жеке және заңды тұлғалардан түсетін өтініштер мен арыз-шағымдарды тіркейтін журнал болады. Учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері сайлаушылардың сауалдарына өз құзіреті шегінде жауап беруі тиіс.
Сонымен қатар, арнайы бекітілген медиа-жоспар бойынша біз электоратты науқанның барысы, дауыс беру күні мен уақыты туралы күнделікті хабардар етіп отырамыз, электронды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жұмылдыру бейне-және аудиороликтері көрсетілуде. Яғни, халық президенттік сайлауға, дауыс беру тәртібіне байланысты мағлұматты әртүрлі ақпарат көздерінен алып отыратын болады.
– Тізімде бар кейбір сайлаушылар сайлау күні жақындағанда еліміздің өзге өңірлеріне жол жүріп кетуі мүмкін ғой.
– Ондай жағдай жиі кездеседі. Сондықтан іссапарға жүретін немесе басқа жағдайлармен жол жүретін сайлаушының өз учаскелік сайлау комиссиясынан есептен шығару куәлігін алуына болады. Бұл куәлік оған барған жеріндегі сайлау учаскесінде дауыс беруге мүмкіндік береді. Ол үшін сайлаушы өзінің учаскелік сайлау комиссиясына өтініш жазуы керек. Ал өтініш кемінде дауыс беретін күннен 16 күн бұрын бастап, 2 сәуір күнгі сағат 18.00-ге дейін қабылданады.
– Бақыт Сәрсенбайұлы, сайлаушылардың бір қалада тұрса да, ондағы өзге сайлау учаскелеріне барып, дауыс беруіне бола ма?
– Мұндай жағдайда сайлаушыға есептен шығару куәлігі берілмейді. Өйткені, оның бір елді мекенде тұрып, сол жердегі басқа сайлау учаскесінде дауыс беру мүмкіндігі жоқ.
– Саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері сайлау комиссияларының жұмысымен таныса ала ма? Бұған қандай мүмкіндіктер туғызылған?
– Сайлау комиссияларының құрамында өкілі жоқ саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер сайлау науқаны кезінде өз өкілдерін сайлау комиссиясына жіберуге құқылы. Мұндай өкілдердің сайлауды даярлау мен өткізу кезеңіне кеңесші дауыспен тиісті сайлау комиссиясының отырыстарына қатысу құқығы заңмен көзделген. Өкінішке қарай, партиялардың басым көпшілігі бұл мүмкіндікті пайдалана бермейді, әсіресе учаскелік сайлау комиссиялары деңгейінде.
Жақында біз өткізген республикалық семинар-кеңесте саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер өкілдері бұл мәселені көтерді. Бұған қатысты айтарым, егер олардың өкілдері комиссия мүшелерінің қатарында жоқ болса, онда тиісті хат жазу арқылы қатыса алады. Олар сайлау комиссиялары отырыстарында қаралған мәселелер бойынша дауыс бермейді, қалған барлық үдерістерге қатысуына болады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.