• RUB:
    5.06
  • USD:
    486.44
  • EUR:
    534.31
Басты сайтқа өту
15 Қазан, 2016

Адасушылықтың ақыры – абақты

287 рет
көрсетілді

Теріс ағым ықпалына түсіп, дәстүрлі Ислам дінін мансұқ еткен петропавлдық тұрғынның қоғамымызға жат іс-әрекеттері өзгелерге, әсіресе, жастарымызға сабақ болса игі Ай-күннің аманында адам­ды түлен түртейін, шайтан азғы­райын десе, оңай екен. Мұса 2012 жылы тамызда Шам еліне барып, ел ішін алатайдай бүлді­ріп, қанды қақтығыстарға итер­ме­леп жүрген халықаралық содыр­­лар қатарында «қарулы джихадқа» қатысу арқылы «дін­сіз­дерге» тойтарыс беруді көз­дейді. Ойын жүзеге асыру мақ­сатымен Алматыда тұратын Насирулла деген танысына жолы­ғып, қаржылық жағынан кө­мек­тесу­ді өтінеді. Дәстүрлі емес ағым­дардың идеялық жақтас­тарын өз қатарына тарту үшін түрлі айла-шарғылар қолдана­тынын, қаржылық қызықты­рушы­­лыққа ерекше мән беретінін ескерсек, бұл кездесу жоспарлы түр­де ойластырылған тәрізді. Анау да мұның келуін, осы сөзін күтіп тұрғандай, бірден елп ете қалады. Осы арада Насирул­ланың делдалдық қызмет ат­қаруына қандай ішкі-сыртқы күш­тер ықпал жасап отыр деген сұрақ туады. Әр-әр жерлерде осын­дай жалдамалы агенттер мен жүйе­лердің жұмыс істеуі әбден мүм­кін ғой. Екеуін Ыстанбұлда Абу­сара есімді бейтаныс жанның қарсы алуы да көңілдегі көп күдікті қоюлата түседі. Бұлай деуі­міздің сыры, оларды жатын орынға жайғастыру, қаржылай жәрдемдесу, тағы басқа шаруа­ларды сөзге келместен тап-тұй­нақ­тай тындырып береді. Енді бұларға көлденең көк атты­дай Абу Аиша деген аза­мат қосы­лып, жол-жөнекей қатар­лары көбейіп отырады. Түркия-Сирия шекарасында жер­гілікті тұр­ғынның бастауымен оппо­зици­я­лық күштер орналасқан Атма елді мекеніне жетеді. Бұл жортуыл да күнібұрын белгіленген шара десек, қисынға келеді. Осы жерде әскери және физикалық дайындықтан өтіп, қару-жарақ түрлерін пайдалану әдістерін меңгереді. Екі аптадан кейін Баб-әл-Хава бекетінде шоғырланған халықаралық содырлар ұйымына қосылады. Олардың джихад» идеологиясын басты ұран етіп ұс­тайтындары, Қазақстанда террор­­лық ұйым ретінде жария­ла­нып, қызметтеріне тыйым са­лын­­ғандары тіпті де ойлан­дыр­­май­ды. Керісінше, «Ал-Каи­да­ның» сойылын соғатын «Джейш-әл-Мухаджирин-вәл-Ан­сар» деген топтың құра­мы­на енеді. Оның сапында Сирия­ның үкіметтік әскеріне, бейбіт тұр­ғындарға қарсы опера­ция­ларға, лаңкестік ұйымдар қадағалайтын аймақтың шекарасын күзетуге қатысады. Мұса 2012 жылдың желтоқсан айына дейін лаңкес­­тер­ге қызмет етіп, сосын жеке өмірі­­нің қауіпсіздігін сақтау мақ­саты­мен Ыстанбұлға оралады. Осын­да түпкілікті қалуға бел бай­лаға­нымен, Түрік Республика­сының көші-қон туралы заңын бұзды деген айып тағылып, 2016 жылы Қазақстанға депорта­цияланады. Мұсаның адвокаты оған ешқандай шаң жуытпай қанша қорғаштаса да, «дәлелдері» еш қисынға жанаспайтынына, теріс ағымдағы қарулы жасақ құра­мын­да «дінсіздерге» қарсы соғысуды күнібұрын ойластырғанына, Түр­кияны қоныстануы әншейін сылтау екеніне сотта бұлтарт­пас айғақтар келтірілді. Осылай­ша, Сот үкімімен Мұса Қазақстан Рес­­публикасы Қылмыстық кодексінің 233-бабы бойынша айы­п­ты деп танылып, 7 жыл өмі­рін темір тордың арғы жағын­да өткізетін болды. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан» Солтүстік Қазақстан облысы