Қазақстан азаматтарын Оңтүстік Кореяда заңды түрде жұмысқа орналастыру мәселесі бойынша келіссөздер жалғасып жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Министрдің айтуынша, келіссөздердің ұзаққа созылуына Оңтүстік Кореядағы саяси өзгерістер себеп болған. Қазіргі таңда Қазақстан Оңтүстік Кореядағы шетелдіктер үшін еңбек миграцияцын реттейтін EPS жүйесіне қосылу бойынша екінші кезеңдегі келіссөздерді жүргізіп жатыр.
«Біз бірінші кезеңнен өттік. Алайда Оңтүстік Кореяда президент ауысуына байланысты процесс шамамен алты айға тоқтап қалды. Қазіргі уақытта келіссөздер қайта жанданды», деді министр.
Оңтүстік Кореяда болған митингте бір адам мерт болды
EPS орталығын Алматы қаласында ашу жоспарланып отыр. Тараптар нысандарды қарап, таңдау жүргізген. Қазіргі уақытта жергілікті әкімдікпен бірлесіп орталықты ашу жұмыстары атқарылып жатыр. Егер барлық келісімдер жүзеге асса, процесс премьер-министрлер деңгейінде жалғасады.
Оңтүстік Корея Қазақстаннан 18 миллион баррель мұнай сатып алады
Министрдің айтуынша, Оңтүстік Корея Қазақстанды EPS жүйесіне қосу жөнінде түпкілікті шешімді жыл соңына дейін қабылдауы мүмкін.
Айта кетейік, қазіргі уақытта шамамен 10 мыңға жуық Қазақстан азаматы Оңтүстік Кореяда заңсыз жағдайда жұмыс істеп жүр.